МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ҰЛТ БІРЛІГІНІҢ БАСТЫ ФАКТОРЫ

  • 12.11.2012
  • 1001 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Арман ҚЫРЫҚБАЕВ,
ҚР Мәдениет және ақпарат
вице-министрі

Баршаға белгілі, о бастан Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік тіл мәселесінің өзектілігімен қатар, оның күрмеуі қиын проблемалары да артып келеді. Осы орайда, Министрліктің мемлекеттік тілді да­мыту мәселелері депутаттық корпустың тікелей қолдауымен іске асырылып жатқанын ерекше атап өтуге болады. Соның бір айғағы – осы жылы депутаттармен бірлесіп ономастика мәселелері туралы заң жобасын талқылап, нәтижелі жұмыстар жүргізіліп жатқандығы.
Республикамызда мемлекеттік тілдің ба­сым­дылығы оның – ұлттық бірлікті нығайту факторы қызметінде екені көпшілікке аян. Мемлекеттік тілді дамытудың тетіктері Елба­сы­ның Жарлығымен бекітілген Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында қа­рас­тырылған. Мемлекеттік бағдарлама мемле­кеттік тілді дамыту саласындағы мына негізгі проблемаларды шешуге бағытталған, атап айтатын болсақ: Біріншіден, бұл – қоғамдағы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейінің әртүрлі болуы. Екіншіден, елдің қоғамдық-саяси өміріне мемлекеттік тілдің әлі де болса баяу енгізілуі. Үшіншіден, тіл мәдениетінің әлі де болса өз деңгейінде болмауы. Осы атал­ған проблемаларды жүйелі түрде шешу үшін мемлекеттік тілді дамытудағы басты мақсаттар мен бағыттар белгіленді. Бірінші мақсат – «Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы». Бұл мақсатты іске асыру арқылы Қазақстанның барша азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру жүйесін құру жұмыстарын ұйымдастыру көзделеді. Осы жүйенің арқауы үш негізгі бөліктен тұрады, олар – әдіснама, инфрақұрылым және басқару. Әдіснаманы әзірлеу, нақтырақ айтатын болсақ, мемлекеттік тілді меңгеру мен оны оқытудың бірыңғай стандарттарын енгізу. Бүгінгі таңда тіл меңгерудің 6 деңгейлік еуропалық жүйесі ұсынылып отыр. Олар: бірінші, А1-А2 – қарапайым деңгей, екінші, В1-В2 – өз бетінше сөйлей алатын деңгей, үшінші, С1-С2 – мемлекеттік тілді еркін меңгерген деңгей.
Бірыңғай әдіснаманы құру үшін минис­трлік 2010 жылы бекітілген қазақ тілін мең­герудің коммуникативтік құзыреттіліктерін анық­тайтын мемлекеттік стандарттарға сүй­ен­­ді. Бұл бағыттағы жұмыстарды түбе­гейлі же­тілдіру қажет. Осы мақсатта, 2011 жылы үздіксіз білім беру моделі арқылы қазақ тілін оқытуға арналған стан­дарт-технологиясы, оқу-әдістемелік ке­ше­­ні, кілті бар тапсырмаларды әзірлеу жобасы қолға алынды. Аталған жоба шең­берінде, стандартты жетілдіру жұ­мыс­та­ры (лексикалық, грамматикалық мини­мум­дар құру, тест тапсырмаларының қо­рын қалыптастыру, интерактивті сы­нақ тестілеу бағдарламалары, тіл орта­лық­та­рына арналған типтік бағдар­ламалар) қа­растырылған, сондай-ақ, тест алу арқылы қазақ тілін білу деңгейін бағалайтын емтихан тапсыру, оқу-әдістемелік құралдар әзірлеу жұмыстары да қамтылды. Осы жобаның негізінде, тәжірибелі «Қазтест» жүйесін ен­гіздік. «Қазтесттегі» әріптестеріміз кон­курс­қа қатысып, аталған жобаны іске асыру өті­німін жеңіп алды. Нәтижесінде «Қазтест» жүйесін ендіру және оны әрі қарай дамыту жұмыстары жүргізілді. Жалпы айтқанда, алдағы уақытта тілді меңгеру деңгейі «Қазтест» жүйесі бойынша бағаланатын бо­лады. Қазіргі таңда екіжылдық жоба аяқ­­талуға таяу қалды. Барлық жұмыстар аяқталды, тестілеуден өтті. Өңірлердегі тіл оқыту орталықтарының оқытушылары үшін өткізілген семинарлар циклі де аяқталуға жақын қалды. Бұл жүйе методикалық тұрғы­дан жетілдіруге еш тыйым салмайтынын атап өткім келеді. Әдістемелік жағынан әбден негізі қаланған ағылшын тілін оқытудың өзіне бір жылда мыңнан астам әдістемелік құрал шығарылады. Тілді оқытудың әдістемесін жетілдіру процесінде озық тәжірибе мен шы­ғар­машылық ізденіс ұштасып жатуы ке­рек. Сонда ғана оң нәтиже болмақ. Осы ретте Министрлік тарапынан жыл сайын жаңа әдістеме әзірлейтін маман­дарды ынталандыру бойынша әртүрлі семи­нарлар, конкурстар, конференциялар ұйым­дастырылып, өткізу дәстүрге айналды. Соны­мен қатар, біз қазақ тілінің он-лайн мектебін құру жөніндегі жұмыстарды жүргізудеміз. Бұл мәселе өз шешімін тапқан жағдайда мемлекеттік тілді оқыту ісінде серпінді жұмыс болары сөзсіз.
Қазіргі таңда әлемде іс жүзінде интернет арқылы оқыту мүмкіндігін ұсынатын бірнеше аналог бар. Біз өз жобамызға үлгі ретінде бүкіл әлем бойынша 400-ден аса мектебі және 5 млн. аса тыңдаушысы бар әлемдегі ең ірі жеке білім беру компаниясы «Эдюкейшн Фёсттің» («Educatіon Fіrst») он-лайн мектебін алып отырмыз. Қазіргі таңда жобаның ТЭН (техникалық экономикалық негіздемесі) әзірленуде. Жоба қолдау тапқан жағдайда оны іске асыру жұмысы келесі жылы басталмақ. Ал, инфрақұрылымды дамыту аясында қазақ тілін оқыту орталықтарының арнайы аккредитациядан өткен желісін құру қарастырылады. Бүгінде жұмыс істейтін 130 орталықтан тұратын желі бұдан әрі де көбейетіні сөзсіз және бұған енді мемлекеттік органдар ғана күш-жігер жұмсамайды. Бұл салаға жеке бизнестің де келгені қуантады. Алайда, орталықтардың бәрі бірдей нарықтың талаптарына адал емес десем, әріптестерім менімен келісетін шығар. Штатында директор мен бухгалтер ғана бар жеке тұлғаның демпинг арқылы қазақ тілін оқытуға арналған тендерді ұтып алатын кездері де аз емес. Сөйтіп, ол бірер мұғалімді жалдап, оқуды талапқа сай өткізбейді, солай мемлекеттік тілді оқы­ту идеясына нұқсан келтіруде. Бұл ретте Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын міндетті түрде аккредитациялау – мәселені шешудің бірден бір жолы болып отыр. Бұл жобаны іске асыруда «Бритиш Кансл» халықаралық ұйымының тәжірибесі негізінде жүзеге асыру жұмыстары басталды. Нәтижесінде бұл бағытты іске асыру арқылы тұтынушылардың таңдау мүмкіндігін жасайтын жүйе құрылады, оларға әдістемелік және материалдық-кадрлық жағынан барлық талаптарға сай аккредиттелген мемлекеттік тіл оқыту орталығына немесе қаржысы мен уақытын шығындап, аккредиттелмеген орта­лыққа баруды таңдау мүмкіндігі туады. Осы бағыттағы жұмыстарды жүргізу барысында орталықтардың қызметін бағалаудың рейтингтік жүйесі енгізілмек. Аккредитациялау талаптарының бірі – тыңдаушылардың Қазтестті тапсыру нәтижелері. Осы нәтижелердің негізінде рейтинг жасалады. Екінші мақсат – «Мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу». Бұл мақсатты іске асыру үшін мемлекеттік тілді қолданудың абырой-беделін көтеру және оған деген қажеттілік пен сұранысты кеңейту жұмыстарын жүргізу қарастырылған.
Алға қойылған міндеттерді орындаудың басты құралы – бұқаралық ақпарат құралдары. Мұнда мемлекеттік тілдегі отандық контенттің бәсекеге қабілеттілігін көтеру бағытында жос­парлы түрде жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, 2011 жылдың соңынан бастап мем­­ле­кеттік тілдегі бағдарламалар үлесі 80 пайызды құрайтын «Мәдениет» телеарнасы эфирге шықты. Ағым­дағы жылы «Балапан» телеарнасының көрсетілімі 5 сағатқа ұл­ғай­тылып, жалпы көрсетілімі 17 сағатты құ­рады. Бұл телеарна өз жұмысын отандық контентпен, мемлекеттік тілдегі бағдарламалар мен анимациялық фильмдермен бастады.
«Қазақстан» телеарнасы Елбасымыздың тапсырмасымен, 2011 жылдың қазан айынан бастап тек мемлекеттік тілде эфирге шығып келеді. 1 қыркүйектен бастап көрсетілімінің жартысынан көбі мемлекеттік тілде қамта­масыз етілетін ақпарттық «КЗ.24» және ағар­тушылық «Білім» 2 жаңа телеарна эфирге шықты. «Білім» телеарнасында күніне бернеше рет қазақ тілін үйрететін «Қазақша оңай-Казахский легко» бағдарламасы көрсетілуде. Ал, 1 қарашадан бастап «Қазақстан» телеарнасында мемлекеттік тілде сөйлейтін әртүрлі этнос өкілдерінің қатысуымен «Қазақша сөйлейміз» ойын-сауық бағдарламасы эфирге шығарылатын болады. Bag.kz агрегатор сайты өзіне барлық қазақтілді 282 бұқаралық ақпарат құралын, оның ішінде 14 телеарна, 51 газет, 44 ақпараттық агенттік, 11 радио және 15 журнал, 147 аймақтық басылымның басын біріктірді. Сондай-ақ, жер­гілікті әкімшілікпен бірлесіп аймақтық мерзімді басылымдардың интернет-нұсқасын құру жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы, 50 БАҚ-тың он-лайн ресурсы құрылды, осы жылдың соңына дейін тағы 200-ден астам мерзімді басылым интернет жүйесінің қазақстандық сегментіне аударылатын болады.
Халықаралық Википедиа порталын қазақ тіліндегі материалдармен толықтыру бойынша жұмыстар іске асырылуда. Осы жылдың өзінде 100 мыңнан астам материал орналастырылды. Википедианың қазақ тіліндегі нұсқасының рейтингі 127-ші орыннан 35-ші орынға көтерілді. Жоғары оқу орындарының локалды әлеуметтік желілерін біріктірген, ҰБТ-ға дайындық жұмыстарын жүргізу, мемлекеттік тілді үйрену, тағы да басқа мүмкіншіліктер қамтылған Elіm-aі.kz отандық әлеуметтік желісі құрылды. Оған қоса, қазақ тілін демалу және ойын-сауық саласында қолдануды кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Қазақ тілін­де бірқатар жаңа фильмдер шығарылды. Өздеріңізге белгілі, «Қазақфильмнің» соңғы өнімдерінің барлығы мемлекеттік тілде немесе міндетті түрде қазақ тіліндегі дубляжымен шығарылуда. Қазақ тілінде әртүрлі әдебиеттер басып шығарылды. 25 томдық «Әлем­дік классика», 15 томдық балалар әде­биеті, бүлдіршіндерге арналған 60 томдық ертегілер және өзге де әдебиеттер жарыққа шықты. Барлық аталған әдебиеттер еліміздегі кітапханалар мен білім беру мекемелеріне таратылды. Осы бағыттағы жұмыстар бұдан әрі де жалғасын табатын болады. Үшінші мақсат – «Дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың әлеуеті». Бұл ба­ғыт­та ең алдымен, терминология, ономастика және антропонимика саласындағы жұмысты жақсарту қажет.
Ономастика саласында, жоғарыда атап өткендей, депутаттармен бірлесіп, атау беру жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз ететін заң жобасы бойынша жұмыс жасалуда. Оның мақсаттары мен міндеттері баршамызға белгілі болғандықтан, бөлек тоқталудың қажеті жоқ деп есептеймін. Осы ретте, депутаттық корпустың аталған жұмыстарға белсенді қатысқанын ерекше атап өтсем деймін. Ұтымды ой қосып, орынды ұсыныс енгізгендеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Мораторий жарияланған бес жыл ішінде қордаланған сұрақтарды ескерсек, осы заң жобасының шығуын еліміздің барлық өңірі асыға күтіп отырғаны түсінікті. Осыған орай, министрлік парламенттегі жұмыстармен қатар, облыстарда алдағы уақытта ономастикалық жұмыстарға дайындық шараларын да жүргізуде. Өңірлерде заңға тәуелді актілердің жобалары талқыланып, сараптама жасалуда. Тіл порталында Қазақстан Республикасы географиялық атауларының электрондық каталогын орналастырды. Жыл соңына дейін тәуелсіздік алғаннан бері Мемлекеттік ономастикалық комиссия шығарған шешімдердің толық жинағы жарық­қа шығады. Антропонимика саласында министрлік тарапынан ұлты қазақ азаматтардың аты мен тегін дұрыс жазу ережесінің жобасы әзірленді. Қазіргі таңда бұл құжат сараптамалық талқылаудан өтуде. Одан басқа волапюк, яғни қазақ сөздерін латын әрпімен көрсететін арнайы жасанды тіл графикасын бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл – антропонимика саласы үшін аса маңызды. Бүгінгі таңда, аталған жұмыс қорытындысы бойынша ғалымдардың көзқарастары әртүрлі, бірақ, олармен ортақ тұжырымға келуге болады. Осы жұмыстардың нәтижесінде азаматтардың құжаттарын ресімдеу және қазақ есімдерін латынмен жазу мәселесінің шешімі табылмақ. Терминология саласында Мемтерминкомның отырыстарында жаңа терминдерге тұрақты түрде сараптама жасалып, оларды бекітумен қатар, ағымдағы жылы 31-томдық терминологиялық сөздік бойынша ауқымды жұмыс басталды.
Көпшілікке белгілі, соңғы рет осындай басылым 1999-2000 жылдары жарыққа шыққан болатын. Содан бері, қазақ терминологиясының базасы біршама кеңейді, қазіргі уақытта 100-ден астам ғалым жаңа терминологиялық басылым шығару бағытында жұмыс жасауда. Осы жылы алғашқы 10 томын әзірлеу жұмысы аяқталады, келесі жылы қалған 21 томын шығару жоспарда тұр. Терминологиялық сөздік – бұл әзірлеу салалық ғалымдар мен филолог мамандардың бірлескен жұмысының жемісі. Басылымның әрбір томы Мемлекеттік терминологиялық комиссия тарапынан бекітіледі. Бұл, өз кезегінде сөздікке нормативтік актінің статусын және жалпыға міндетті сипат береді. Сонымен қатар, осы бағытта тіл мәдениетін жетілдіру және толерантты тілдік ортаны қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл, бірінші кезекте, министрліктің Тіл фестивалі аясында өткізетін – Абай оқулары, Көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы республикалық байқауы, «Тіл – барлық білімнің кілті», тағы да басқа дәстүрлі байқаулар. Сондай-ақ, қазақ тілін еркін меңгерген түрлі этнос жастарының Форумы өткен айда ойдағыдай сәтті өтті. Одан басқа да көптеген іс-шаралар өткізілді. Ерекше атап өтетін жайт, депутаттар, әсіресе, біздің комитеттің депутаттары Мәдениет және ақпарат министрлігінің барлық іс-шараларына оң ниет білдіріп, қуана қатысады. Жалпы, мемлекеттік тіл мәселесін шешу бағытындағы жұмыстар сан қырлы, кейде министрліктің құзырынан тыс шығып жататын жағдайлар да кездеседі. Министрлік атқарып жатқан жұмыс нәтижесінің қоғамдық маңызы ерекше. Сондықтан да, ең бастысы, практикалық тұрғыдан қажетті және қоғам үшін маңызы бар өзекті мәселелер басшылыққа алынуы керек.

Алдыңғы «
Келесі »