БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМЫНДАҒЫ БАСШЫЛЫҚ

  • 20.03.2019
  • 1176 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нұрлыбек Даумов,
педагогика ғылымдарының кандидаты, Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия директоры

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасында еліміздің білім беру сапасын түбегейлі өзгертуге нақты қадамдар жасалған. Бұл сәт сайын өзгеріп, дамып отыратын қоғам өмірі талаптарынан туындап отыр. Мысалы, Президент Н.А.Назарбаевтың биылғы Жолдауында алдағы уақытта жасалатын жұмыстардың мақсатына нақты міндеттер қойылды. Осыларға байланысты қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар, өзгерістер мен жаңалықтар әрбір педагог қауымының ойлауына, жаңа идеялармен, тың жүйелермен жұмыс жасауына негіз болады. Олар: оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз ету, халықаралық рейтингілердегі білім көрсеткішінің жақсаруы, ең алдымен педагог мәртебесін арттыру, олардың бүкіл қызметі бойына кәсіби өсуі, оқу үрдісіне «e-learning» бағдарламасын енгізу, мектептегі менеджмент, т.б. мәселелерді қамтиды.
Ал, бұл әрекеттің жоғары дәрежеде орындалуы, ең алдымен, ұйым басшысының басқарушылық іс-әрекетіне тікелей байланысты екендігінде ешкімнің күмәні жоқ. Бұдан шығатын қортынды, білім ұйымдары басшылары талантты, әділетті, білімді, дарынды, ұжымдағы адамға құрметпен қарайтын, ұйымдастырушы, жұмысты тиімді алып жүретін, адамдарды қызықтыра, жігерлендіре білетін маман, сонымен қатар, қазіргі кезеңде ол өзгерісті тәжірибеге, өмірге енгізуді өзінен бастайтын айналасына мақсат-мүддесі бір команда жинай алатын, ұжымды демейтін, қозғау сала алатын, шығармашылық еңбектің қалыптасуына жағдай жасайтын, ұжымның әр мүшесінің орнын, қажеттігін, соның негізінде жұмыстың сапасының табысты болғанын сездіре алатын, білікті басшы, менеджер болуға тиісті. Осыған орай, біздің Республикалық басшы қадрлардың біліктілігін арттыру институтында білім беру ұйымдары менеджерлерін дайындауда негізгі бағыттар қалыптасқан: ақпараттық білім порталын,білім сапасын бағалау және мониторингтің автоматтандырылған жүйесін енгізу негізінде біліктілікті арттыру жүйесін жетілдіру, құзіреттілік әдіс негізінде басшылардың біліктілігін арттырудың ұзақ мерзімді ваучерлі модульдік бағдарламаларын енгізу, т.с.с. Білім берудегі менеджменттің негізгі ұстанымы – білім беру жүйесінде кездесетін қателіктердің 98%-ы басшыға, ал, тек қана 2%-ы орындаушыға байланысты. Сонымен қатар, халықаралық индикаторлардың бірі менеджмент көрсеткіш рейтингісінде біздің ел 106-шы орында тұр. Ал, өзімізге «мектепті басқарып жүрген кімдер?» деген сұрақ қойсақ. Онда жауап біреу, олар педагогтар: физик, химик, биолог, т.с.с мұғалімдер. Ал, менеджер ол – арнайы басқарушылық білімі бар маман. Сол себепті, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасында 2020 жылға дейін мектеп басшыларын 100%-ға біліктілікті арттыру курстардан өткізуді басты міндет етіп көрсеткен. Қазіргі кезде заманауи уақыт талабына сай барлық елдер ізгілендіру парадигмасын басшылыққа алуда, оның негізі жапондық басқару тәжірибесін үйренуден басталады.
Ізгілендіру парадигмасы дегеніміз не?
Ізгілендіру парадигмасының негізінде адам ұжымның басты субьектісі ретінде танылады, оны «ресурс» деп қарамайды. Бұл философия жапондық менеджменттің көшбасшыларынан таралады. Осы тұрғыдан адам «ұйым отбасы» мүшесі болып қарағанда менеджменттің қызметі «адам табиғатын басқару» болып табылады. Аталған парадигма контекстінде адам ұйым үшін емес, ұйым адам үшін деп түсіну керек және де ұйымішілік қарым-қатынас стратегиясы, құрылымы, жүйелері онда қызмет жасайтын адамдардың сұраныстарын қанағаттандыратындай жасалу қажет. Ұжымның стратегиясының орталығы ұжымдағы адамдардың өзін-өзі басқарудағы біріктірілген бірегей үлестері болады. Адамдарға «қатты» әсер ететін басты құрал ұйымдастырушылық мәдениет болып табылады. Кез-келген педагогикалық үдерісті басқару мақсат қою мен жоспарлаудан тұрады. Педагогикалық жүйенің үнемі қозғалыста, үнемі даму үстінде болуы оқу-тәрбие жұмысында мақсат қою мен жоспарлауды жетілдіріп отыруды қажет етеді. Әрине, тәрбиеленушілердің бойында белгілі бір қасиеттің қалыптасуын дәл белгілеу, жоспарлау мүмкін емес. Ал, жос-парлау жеке тұлғаның барынша және жан-жақты дамуына қолайлы обьективті жағдай туғызуы тиіс. Оқу-тәрбие үдерісін басқару оқу орны басшыларының педагогтік ұжым мен оқушылардың іс-әрекетіне мақсатты түрде, ғылыми негізделген жоспарлау, ұйымдастыру, үйлестіру және бақылау жасау арқылы әсер етуі мүмкін. Бұл жерде жоғарыда көрсетілгендей нақты орындаушылар мен орындау мерзімі айқын көрсетілген негізгі іс-әрекеттерді анықтау болып табылатын оқу- тәрбие үдерісін жоспарлау басты мәнге ие.
Педагогикада білім беру ұйымының партисипативті басқару ұғымы бар. Оның басты қағидасы педагогикалық ұжымның білім беру ұйымын басқару шешімдерін жасау, қабылдау мен орындау үдерісіне қатыстыруға негізделген басқару.
Партисипативті басқаруға тән:
-мектепшілік басқарудың алуан түрлі ұйымдарына мұғалімдерді,ата-аналарды, оқушыларды, демеушілерді және басқаларды тарту;
– басшылардың сайланбалылығы;
– басқарудың алқалық ұйымдарының болуы;
– дауыс беру рәсімдерін кең пайдалану, азшылықтың өз пікірін еркін білдіруге жағдай жасау арқылы олардың көпшілікке бағынуы;
– шешім қабылдаудағы жариялылық пен ашықтық, барлық мүдделі адамдардың басқару құжаттарына және ақпараттарға, т.б. қол жеткізе алуы.
Мектеп басшысының қызметі өзінің табиғатында шығармашыл болып табылады. Басқарудың құндылықтары мен технологиясын меңгере отырып басшы менеджер тұлғалық ерекшеліктері мен басқару обьектісінің ерекшеліктеріне сай, ол құндылықтарды өзінше қайта құрып, талдап түсіндіруге ұмтылады. Осылайша, педагогикалық жүйені басқару тұлғалық қабілеттерді іске асыратын және жұмсайтын сала болып табылады. Басқару қызметінде мектеп директоры тұлға, басшы, ұйымдастырушы және тәрбиеші ретінде өзін-өзі танытады.
Басқарудағы билік.Формальды өкілеттілікке қосымша басқарушыға билік қажет, өйткені ол адамдарға тәуелді болып табылады. Джон Коттердің пайымдауынша, басқарушы билікті дамытуы керек. Қарамағындағылар үздіксіз бұйрықтарды орындаудан бас тарта алады. Қазіргі жұмысшылар білімдірек, сондықтан, олар дәстүрлі жүйеге келісе бермейді. Френч Рейвен және де өзге билік, көшбасшы мәселесін зерттеушілер биліктің келесі жүктемесін ұсынады:
1. Көндіруге негізделген билік, яғни орындаушы басқарушының жазалау мүмкіндігіне ие екендігін біледі;
2. Ынталандыруға негізделген билік;
3. Эксперттік билік, мұнда ықпал етуші арнайы білімі бар, соның көмегімен қажеттілікті қанағаттандыра алады;
4. Эталондық билік, бұл басқарушыға ұқсауға ұмтылумен сипатталады;
5. Заңды билік немесе дәстүрлі билік, бұл жерде бағыну орындаушының қажеттілігін өтеуге әкеледі. Ұйымдастыру баспалдағының жоғары сатысында тұрған басқарушыны таңдау заңды билікті іске асыруға толық жағдай жасайды. Барлық басшылар заңды билікті қолданады, өйткені олар басқа адамдарды басқару өкілеттілігіне ие болады.
Биліктің осындай негіздері құрал болып табылады да, басқарушы қарамағындағыларға ұйым мақсатына жетуге бағытталған жұмысты орындатуға мүмкіндік береді.

Алдыңғы «
Келесі »