СЫРТҚЫ БАРЛАУ ТАРИХЫ

  • 20.03.2019
  • 2405 рет оқылды
  • 16

КЕҢЕСТІК БАРЛАУ

Қайыржан ТӨРЕЖАН,
журналист

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында іргетасы енді қаланып, басқару жүйесі жаңадан қалыптасып жатқан Кеңес үкіметінің саяси басшылығы кезек күттірмейтін мәселелердің бірі ретінде, шет елдерден құпия мәліметтер жинайтын, сыртқы саясатқа ықпал ететін жоғарғы деңгейдегі барлау қызметін құру туралы шешім қабылдады. «Тек салмақты, дұрыс жолға қойылған барлау қызметі ғана бізді су қараңғыда ағат басудан құтқарады», деген В.И.Лениннің ұсынысымен 1920 жылдың 20 желтоқсанында Ф.Дзержинский Бүкілресейлік Төтенше комиссияның (ВЧК) Шетелдік бөлімін құру туралы №169 бұйрыққа қол қояды. Бұл қызметке шет мемлекеттердің арнайы қызметтерінің ел арасына іріткі салу, лаңкестік әрекеттеріне тойтарыс беру сияқты қарсы барлау (контрразведка) міндеттерінен басқа шет елдерде арнайы операцияларды атқаратын барлау жұмыстары да жүктелді.
Қазақстандық сыртқы барлау қызметін де осы «шинельден» шыққан деп айтуға болады. Қазақстандық барлаудың кеңестік кезеңдегі тарихына келсек, ол сонау 20-жылдарда Қытайдағы Шыңжаң өлкесіне жайғасқан ақгвардияшылардың ұйымдарын жою операцияларынан басталады. Қазақ барлаушыларының екінші дүниежүзілік соғыстың алдындағы негізгі міндеттері – Қытайдың Шыңжаң өлкесіне топтасқан ақгвардияшылармен байланысы бар жергілікті билік органдарының сеніміне ие болып, ішіне кіру еді. ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының басында Шыңжаң (Синцзянь) деп аталатын қазақ, ұйғыр, қырғыз, дұнған, моңғолдар мекендейтін Қытайдың солтүстік-батысындағы өлкеге 50 мыңдай Ресейден қашқан әскерилер мен бай-көпестер шоғырланды. Ақгвардияшы Александр Дутов, Андрей Бакич, Борис Анненков, тағы басқалардың отрядтары осында біраз уақыт тұрақтап, күш жинап алғаннан кейін қызыл әскерлермен күресу үшін Ресейге қайта кіреміз деп жоспарлаған. Олар ағылшындармен келіссөздер жүргізіп, одақтастардың көмегімен большевиктерден билікті тартып аламыз деп үміттенді. Бұл кезде Шыңжаңдағы чекист-барлаушылар (олардың дені қазақтар болды) өз жұмыстарын мінсіз атқарып жатты. Барлау мәліметтері осы кезде басқару жүйесі әлі қалыптаса қоймаған Кеңес үкіметінің көрші елдермен арадағы саяси байланысты орнатуға, позициясын, көзқарасын айқындауға көп көмегін тигізді.
Қытай жерінде шоғырланған ақгвардияшылардың отрядтары әлі де саяси бағыттары бекімеген, экономикасы шатқаяқтап тұрған Кеңес үкіметі үшін оңай жау емес еді. Ақ патшаның шет елдерге қашқан әскерлері патшалық Ресей армиясының арсеналындағы қару-жарақты тұтастай өздерімен алып кетті. Қытайға жеке-жеке қашқан шағын отрядтар да шекарадан қисапсыз қару-жарақты өткізді. Қытай билігі лек-лек болып кірген ақгвардияшылардан қаруларын тапсыруды талап етті. Архивтегі барлау деректеріне қарағанда, қытай жеріне алғаш кірген ақгвардияшылар 16 мың винтовка, 360 пулемет және 60 зеңбіректі жергілікті билікке өз еркімен тапсырған. Одан басқа артық қару ретінде 8 жеңіл зеңбірек, 160 пулемет, 10 мың винтовка мен револьверді соларға сатқан. Қолдарындағы қарудың барлығын Қытайға өткізді деген күннің өзінде олардың қарулары жеткілікті болды. Керек кезде қолдарында болу үшін ақгвардияшылар қаруларының басым бөлігін әр жерге ұра қазып көміп тастады. Артынан қытайдың экспедициялық отрядтары қару-жарақ көмілген бірнеше апандарды тапты. Тек, бір ғана Шәуешек қаласының түбінде табылған ұрадан – 11 пулемет, 380 винтовка және 30 жәшік граната шыққан. Ал, кейінірек өзінің маньчжурлық бригадасымен Қытай әскеріне қызметке кірген атаман Борис Анненков 1000 адамды өз арсеналынан қаруландырды.
Ресей қалаларын тастап қашқан ақгвардияшылар негізінен Қытай жеріне Шығыс Қазақстан аумағынан өтті. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында Қытаймен шектесетін оңтүстік Алтай, Тарбағатай тауларындағы елді мекендерде шекара заставалары құрыла бастады. 1920 жылдың қаңтарында ақгвардияшы генерал-лейтенант Бакич басқаратын Орынбор армиясының қалдығы қытай жеріндегі Алтай аймағына тықсырылды. Сол аймақтағы Шәуешек, Шарасүме, Бүршім сияқты шекараға жақын қалаларда орыс эмигранттарынан құралған қарулы отрядтар жинақтала бастады. Бұлар негізінен өз жерінен босып кетуге мәжбүр болған, жаралы жыртқыш сияқты ештеңеден тайынбайтын, кеңес үкіметімен бітіспес жауға айналған әскери эмиграция болатын. Кеңес үкіметіне қарсы күрестің бір бағыты – қарулы отрядтарды жасақтап, қазақ жеріндегі билік органдарына шабуылдар ұйымдастыру болды. Генерал Бакич Қытай жеріне қашып барған орыс әскерлері, атты казак, малдарын сақтап қаламыз деп шекара асқан қазақ, орыс бай-құлақтарын жинап, «Алтай армиясын» құрды. Осы тұстарда арғы бетке барлаушыларды аттандырып, құпия мәліметтерді алып отыру бірінші кезектегі мәселе болды. Осы аласапыран кездегі Шыңжаңдағы әскери-саяси жағдай туралы 1918-1920 жылдарда Шығыс Түркістанда Омск өкіметі берген құзырлығы бар Құлжадағы Ресей консулдығының хатшысы болған Анастасий Воробчук-Загорский өзінің естеліктерінде Александр Дутовпен 1919 жылдың мамырында танысқанын айтады. Воробчук-Загорский Құлжадағы консулдың тапсырмасымен және Ресейдің Қытайдағы елшісі князь Кудашевтың келісімімен (консул Владимир Люба деген болған) Омск қаласына келіп, 1918 жылдың мамырында ресей-қытай шекарасынан өткен 65 мың босқынға материалдық көмек көрсету үшін үкіметтен қаржы бөлуді сұрайды. Бұл атаман Дутовтың идеясы болуы да мүмкін. Алайда ақ-қызыл болып айқасып жатқан аласапыран заманда босқындарға кім ақша бере қойсын?! Воробчук-Загорский Құлжаға құралақан қайтып келді.
«1920 жылдың мамырында атаман Дутовтың отряды орыс шекарасынан 45 шақырым жерде, Ресейден Құлжаға баратын күре жолдың бойындағы Сүйдін қаласына келіп орын тепті. Бұл жерде консулдық конвойға арналған екі жүз адамдық біздің казарма бар болатын. Кейінірек отрядтың саны мыңнан асып, басым бөлігі казарманың маңайындағы үйлердің аулаларына жайғасты. Ал, атаман Дутов атындағы «Бірінші орынборлық» деп аталатын полк Сүйдіннен 25 шақырым жердегі Дүшегүр ауылына орналасты. Жаңа орынға ауысып келген отрядтағы шені барлар қытай билігі тарапынан ұн, көмір сияқты офицерлерге тиесілі үлестерін (паек) алатын болды» деген, сол кезде алынған барлау мәліметтері КСРО арнаулы архивінде сақталған.

ДУТОВТЫҢ БАСЫ ЖАРКЕНТКЕ ҚАЛАЙ ЖЕТКІЗІЛДІ

Кеңес үкіметі енді орнап жатқан тұста қазақстандық чекистер шекараның арғы жағына өтіп, Қытай аумағындағы ақгвардияшыларды қарусыздандыруға бағытталған бірнеше арнайы операцияларды жүзеге асырды. Бұл операциялар кейіннен кинематографияның классикасына айналған «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» фильмдерінің сюжетіне арқау болды. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында Семей аймақтық ГУБЧК Бірінші бөлімінің барлаушылары Қытайға қашып өткен ақгвардияшы атаман Дутовты жою және атаман Анненков пен оның штаб бастығы Денисовты Қытайдан бері алып өту операцияларын сәтті аяқтады. 1926 жылы Семей аймақтық ГУБЧК 1 бөлімінің барлаушылары Қытайдың Маньчжур провинциясына қашып барған атаман Анненков пен оның штаб бастығы және ақгвардияшылардың барлау қызметін басқарған полковник Денисовты Кеңес үкіметіне алып келді. КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының үкімімен олар 1927 жылы тамыз айында Семей қаласының түрмесінде атылды. Ресми құжаттар бойынша осылай. Ал, басқа мәліметтер бойынша, атаман Анненковты 1937 жылы Ташкент түрмесінен көргендер бар екен. Бірақ бұл нақты анықталмаған дерек. Осы құпия операциялардың бірі – атаман Дутовты жою қалай және кімдердің қолымен атқарылғандығы туралы архивтік деректер әлі қазақ басылымдарында жарияланған жоқ. Атаман Дутовты, оның адъютантын және жеке басының оққағары болып жүрген екі казакты жою операциясы 1921 жылдың 6 ақпанында жүзеге асырылды. Операцияны Жаркент милициясының бұрынғы бастығы Чанышевтың басқаруымен арнайы дайындықтан өткен чекистер орындады.
Александр Дутов 1879 жылы Сырдария облысы Қазалы қаласында казак офицері, есаулдың отбасында дүниеге келген. Әкесі Илья Петрович 1907 жылы генерал-майор шенінде отставкаға шыққан. Шешесі Елизавета Ускова орынборлық урядниктің қызы болған. 1897 жылы Дутов Орынбордағы Неплюев кадет корпусын бітіреді, енді, екі жылдан кейін Харьков қаласында тұрған орынборлық казак полкіне хорунжий болып келеді. 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Бүкілресейлік казак әскерлерінің одағын және сол жылы Петроградта өткен Ресей казактары съезін басқарады. Дутовтың саяси көзқарасы республикалық және демократиялық жағында болған. Атаман Александр Дутов туралы Ресейдің қазіргі тарихшылары әртүрлі пікір айтады. Біреулері – бандит, кеңес үкіметінің жауы десе, екіншілері – Ресейдегі демократия үшін коммунистерге қарсы күрескен батыр ретінде көрсеткісі келеді. Қазақ тарихшылары оны зерттемек түгілі естеріне де алмайды. Жаңа тарихта атаман Дутовтың кеңес кезеңіндегі насихатпен қалыптасқан жаман аты қала береді.
Орынбор атты-казак әскерлерінің атаманы Александр Дутов Ресейде алғашқылардың бірі болып 1917 жылы қазанда большевиктерге қарсы шықты. Бұл кезде Дутов Орынбордағы казактарды басқарып тұрған. Ол Петроградта төңкеріс жасаған большевиктердің билігін Орынбор аумағында мойындамау туралы бұйрыққа қол қояды. Атаман Түркістан мен Сібір аралығындағы стратегиялық маңызды аймақты бақылауына алады. Орталықтан келген большевиктерді ұстап, қамап тастайды. Сол жылы қараша айында орынборлық казактардың құрылтайында сөйлеген Дутов: «Қазір біз большевиктерше өмір сүріп жатырмыз. Біз патшалықтың сұлбасының арғы жағынан Вильгельм мен оның жақтастарын, ал, олардың алдында Владимир Лениннің және оның жақтастары: Троцкий-Бронштейн, Рязанов-Гольденбах, Каменев-Розенфельд, Суханов-Гиммер, Зиновьев-Апфельбаумды көріп тұрмыз. Ресей құрыйды. Біз оның соңғы демін көріп тұрмыз», деп большевиктерге қатысты өз ұстанымын айқындап берген.
1920 жылы Қызыл Армияның қоршауынан сытылып шыққан Дутовтың әскері Қытайға барып паналайды. Оның жоспары батыс қытайдағы антибольшевиктік күштерді жұмылдырып, Кеңес үкіметіне қарулы жорық жасау болатын. Онымен қоймай казак атаманы Антанта өкілдерімен (француздар, ағылшындар, америкалықтар) тығыз байланыс жасап, олардан көмек күтті. Сол кездерде ол қатты белсенділік көрсетіп, маңына басқа отрядтарды топтастыра бастады. Сондықтан, өз күшіне сенімді болды. Атаман Дутовтың күш жинап, саяси беделге ие бола бастауы кеңестік басшыларға ұнамады. Оның үстіне Жетісу большевиктерін кез келген уақытта басып алып, Мәскеуден ажыратып тастауға оның күші жететіндей болып қалған еді. Сондықтан, атаман Дутовтың антибольшевиктік әрекеттерінің алдын алып, оның қарамағындағы ақгвардияшы казактардан құралған отрядты тез арада жойып жіберу керек болды.
Шыңжаң өлкесіндегі Сүйдін елді мекеніне бекінген атаман Александр Дутовты чекистер 1921 жылы ақпанның 6-сынан 7-не қараған түнде өзінің кабинетінде атып өлтірді. Қазан төңкерісінен кейінгі большевиктердің басты жауы осылайша 42 жасында өмірден озды. Бүкілресейлік төтенше комиссияның (ВЧК) төрағасы Феликс Дзержинскийдің жоспары атаман Дутовты Қытай жерінде атып өлтіру емес, оны Ресейге тірідей әкеліп, басқаларға сабақ болу үшін халықтың алдына шығарып жазалау болатын. Сол үшін оны ұрлап әкелу жөнінде арнайы операция жоспарланды. Алайда Дутов оңай жау емес еді. Чекистердің ешқашан, ешкімді кешірмейтінін ол білген. Дутовтың чекистердің ішіндегі жансыздары арғы беттегі болып жатқан барлық жағдайды бұған жеткізіп отырды. Өзінің жеке басына қастандық жасалатынын да тыңшылары арқылы алдын ала білген атаман өмірінің соңғы айларында күзетті күшейтіп, сауысқаннан сақ өмір сүрді. Казактар атамандарын күндіз-түні күзететінін және ақгвардияшылар отряды атаманның қосынын айнала орналасқанын көрген барлаушы чекистер оны тірідей алып шығудың ешқандай мүмкіндігі жоқ деп тапты. Қасымхан Шанышевтың барлау тобы «егер бірінші жоспар жүзеге аспай қалған жағдайда іске қосылатын» қосымша жасалған екінші жоспар бойынша тапсырманы орындауы тиіс болатын. Сондықтан, барлаушылар операцияның детальдарын өзгертіп, «атаманды тірідей алып шығу» емес, «отырған орнында өлтіру» вариантына көшті.
Бәріміз білетін «Атаманның ақыры» фильмінде Дутовты Қасымхан Шадияров деген чекист өлтіреді. Оның прототипі басқа – кеңестік барлау құжаттары бойынша атаман Дутовты Махмұд Қожамияров деген жаркенттік ұйғыр атқан. Шадияровтың шын аты-жөні Қасымхан Шанышев, бұл туралы кейінірек кеңінен айтылады. Дутовты Қытайдан алып келу операциясын орындауға тиіс тоғыз адамнан тұратын арнайы топты басқару осы Шанышевқа жүктелген болатын. Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің Орталық архивінде Қожамияровтың есеп берген құжаты сақталған. Онда: «Дутовқа кірген бетте хатты ұсындым, ол үстелдің арғы жағында отырып оқи бастады. Ол оқып отырғанда мен білдіртпей тапаншамды шығарып, Дутовты кеудесін көздеп аттым. Дутов орындықтан құлап түсті. Кіріп келген Дутовтың адъютанты маған қарай ұмтылды, мен тапаншаны оның маңдайына тіреп аттым. Ол үстелдің үстінде жанып тұрған шамды қағып түсіріп, жерге құлады. Қараңғыда мен Дутовты аяғыммен түрткілеп тауып алдым да тағы бір рет аттым», деп жазады Махмұд Қожамияров.
Операцияның негізгі бөлімі сәтті аяқталып, атаман Дутов өлтірілген соң Қасымхан Шанышевтың тобы дайын тұрған аттарына қарғып мініп, түн қараңғысына сіңіп жоқ болды. Арнайы операцияға қатысқан тоғыз адамның барлығы да дін аман, топтасқан күйде қаладан шығып кетті. Арттарынан іле-шала шыққан қуғыншы казактар бұлардың ізінен адасып қалды. Өйткені, олар Шанышевтарды шекара жаққа қарай қашады деп ойлап, солай қарай шапты. Ал, чекистер болса, шекараға қарсы бағыттағы Құлжа қаласын бетке алып, жолсыз жермен тікелей тартқан болатын. Сол кездерде Қасымхан Шанышевтың бір ағасы Құлжаның шетіндегі еңселі, кең үйлердің бірінде тұрып жатқан. Қаладағы елге сыйлы, ауқатты адамдардың бірі болғандықтан оның үйінен қонақ үзілмейтін. Әрлі-берлі өткен қазақ, татар саудагерлерінің барлығы Шанышевтың шаңырағына ат басын тірейтін болған. Сондықтан, бір топ салт аттының осы үйге келіп түсуі сырт көзге ешқандай күмән тудырмады. Қасымхан қарамағындағылармен бірге ағасының үйінде екі-үш күн түстеніп жатты. Чекистерге бірден елге қайтуға болмады. Біріншіден, шекараның маңайын атты казактар торуылдап жүргендіктен жолға шығу қауіпті еді, сондықтан чекистер атаманға жасалған қастандықтан кейінгі абыр-сабырдың басылуын күтті. Екіншіден, бұларға тапсырманы орындағандарын дәлелдейтін нақты айғақ зат керек болды…
Сол кездерде Қытайда тұрған Елена Софронова деген әйел Мәскеуде басылып шыққан «Где ты, моя Родина?» деген кітабында атаман Дутовты және оның оққағарлары Лопатин мен Масловты қалай жерлегені туралы былай деп жазады: «Дутовты соңғы сапарға қастерлеп, ерекше салтанатпен, музыкамен шығарып салды. Дутовты Сүйдіннен төрт шақырым жердегі шағын Доржинки қорымына жерледі. Дутовты өлтірген үш басмаш – Шанышев, Қожамияров, Байсымақовтар Кеңес үкіметінің арнайы тапсырмасын орындауға келіпті. Жерлегеннен екі-үш күн өткен соң Дутовтың қабірін біреулер қазып, басын кесіп алып кетіпті. Олар мәйітті көмбей кеткен. Оның басы өлтіргендерге тапсырманы орындағандарын дәлелдеу үшін керек болған…». Бұл туралы сол кезде Шыңжаңда болған, кейіннен Ресейге қайтып оралған реэмигрант В. Мищенко да өзінің естелігінде жазады. Атаман Дутов жерленгеннен кейін оның қабірін біреулер қазып, басын кесіп әкеткенін ол да растайды.
Бес күннен кейін операцияға қатысқан чекистер атаман Дутовтың басын көтеріп Жаркентке оралды. ГУБЧК Бірінші бөлімінің басшылары арғы беттен келгендерді ешқандай дабырасыз, шусыз қарсы алды. Бұлардың қайда жүргендерін, қандай тапсырманы орындап келгендерін, тіпті, бірге істейтін қызметтестері де білген жоқ. 1921 жылдың 11 ақпанында Ташкенттен Мәскеудегі РКП(б) Орталық комитетіне төмендегідей мәтінмен жеделхат жөнелтілді:
«В дополнение посланной вам телеграммы сообщаем подробности двтчк посланными через Джаркентскую группу коммунистов 6 февраля убит генерал Дутов и его адъютант и два казака личной свиты атамана при следующих обстоятельствах тчк руководивший операцией зашел в квартиру Дутова подал ему письмо и воспользовавшись моментом двумя выстрелами убил Дутова третьим адъютанта тчк двое оставшихся для прикрытия отступления убили двух казаков из личной охраны атамана бросившихся на выстрел в квартиру тчк наши сегодня благополучно вернулись Джаркент тчк».
Семей аймақтық ГУБЧК Бірінші бөлімі ұйымдастырған арнайы операцияны Жаркент уездік милициясының бастығы болған Қасымхан Шанышев басқарған. Кейбіреулер оны милицияда істемеген, Қытайға апиын, маралдың мүйізін өткізіп жүрген контрабандист деп көрсетеді. Ал, оның туыстары «Қасымхан ешқашан милицияда да, контрбарлауда да қызмет істемеген, Қызыл армияның офицері де болған емес. Түп тамыры Орынбордан шыққан Қасымхан Шанышев сол заманның танымал көпесі, ал, оның ағасы Хасен Ресейде «князь» атағына ие болған адам» дегенді айтады. Расында Шанышевтар әулеті Шыңжаңда ондаған жылдар бойы сауда жасаған. Оның немере ағасы Құлжада тұрған. Тағы бір ағасы Шәуешектегі белгілі татар көпестерінің бірі болған. Атаманның жеке тілмәші болып жанынан бір елі қалмайтын полковник Абылайханов Қасымхан Шанышевпен бала кезден бірге өскен.
Қасымхан Шанышевтың контрабандалық жолмен шекарадан апиын өткізгені шындық. Бұл жаудың сеніміне кіру үшін жасалған арнайы операцияның алғашқы кезеңдерінің бірі болды. Өйтпесе өзінің астыртын тыңшылары арқылы шекараның ар жақ, бер жағында не болып жатқанынан жақсы хабардар атаман Дутовқа жақындау қиын еді. Дутов Шанышевқа сенген. Өйткені екеуі де Орынбордан шыққан. Орынбордағы ең бай адамдардың бірі – Қасымханның немере ағасы Хасеннің «князь» деген атағы болғанын сол өңірдің бәрі біледі. Дутов пен Хасен Шанышев бұрын кездеспеген, таныспаған күннің өзінде бір-бірін сырттай білуі керек. Осының бәрі – арнайы операцияны жоспарлау барысында чекистер тарапынан ескерілген детальдар. Ал, Қасымхан Шанышевтың құпия тапсырмамен жүргенін туыстары тұрмақ қойнындағы әйелінің өзі білмеуі мүмкін.
Шет елге қашып кеткен ақ-гвардияшылардың басшысын жою қазақстандық чекистерге үлкен абырой болды. Дутовты өлтірген Махмұд Қожамияров Феликс Дзержинскийдің өз қолынан «За лично произведенный террористический акт над атаманом Дутовым товарищу Ходжамьярову» деген жазуы бар маузер және алтын қол сағат алғандығы туралы «Сталин жолы» газетінің 1935 жылғы 7 қарашадағы нөміріне мақала жарияланды. Ал, операцияны басқарған Қасымхан Шанышевқа маузер берілген жоқ, тек алтын сағат қана тиді. Бұйрыққа Дзержинский «За непосредственное руководство операцией» деп жазыпты.
«Дутов» операциясын басқарған Қасымхан Шанышев та, атаманды өз қолымен өлтірген Махмұд Қожамияров та көп өмір сүрген жоқ. Қожамияровты артынан бандиттер бала-шағасымен қырып кетті, ал, Шанышев біреулердің көрсетуімен тұтқынға алынды. 1937 жылғы репрессия кезінде «көпес Шанышевқа» Бүкілресейлік төтенше комитет төрағасы Феликс Дзержинскийдің өз қолынан алған алтын сағат та көмектеспеді. Қасымхан Шанышев 1937 жылы қамауға алынып, сол жылы күзде атылып кетті. Тек алпысыншы жылдары ақталғаны туралы хабар келген.
Қасымхан Шанышевтың ағасы Хасен Құлжада әлеуетті, бай адамдардың бірі болған деседі. Кейіннен ол жақта да репрессия болып, дүние-мүлкі тәркіленген. Өзі айдалып кеткен болуы керек, бірақ, Құлжа қаласында «Шанышевтың қызыл үйі» деген қызыл кірпіштен салынған еңселі, екі қабат ғимарат әлі күнге дейін көпестің атымен аталады екен. Кейінгі кезге дейін мектеп болғаны немесе басқа мақсатқа пайдаланғаны белгісіз, жергілікті биліктің балансында тұрған. Жанында қызыл кірпіштен салынған мешіті де болған екен. Шыңжаң өлкесінде туып, 1962 жылы Қазақстанға өткен белгілі ақын Қажытай Ілиясов та Шанышевтың қызыл үйінің осы уақытқа дейін сақталғанын, өз көзімен көргенін айтқан еді. Князь Хасен Шанышевтың немерелері Альмера мен Наиль Алматыда тұрды. Альмера таяу жылдары Құлжаға барып, аталарының қызыл үйін суретке түсіріп келіпті. Наиль Шанышев қызыл кірпіштен салынған «Шанышевтың қызыл үйін» өз атыма аударып аламын деп біраз әрекеттеніп еді, одан нәтиже шықпады. Наиль 2017 жылдың желтоқсанында ауыр науқастан қайтыс болды.

***
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы аласапыран кезінде қарамағындағы әскерімен Қытайға қашқан атаман Дутов орыс дворяндарының жиған қазына-байлықтарын елден алып шықпақшы болғаны белгілі. Ресейден қашқан атаман Жетісу арқылы Жоңғар Алатауымен Қытайға өтетін кезде қымбат бағалы асыл заттарды Сарқан маңындағы Қарасарық сайына тығып кетіпті, деген әңгіме бар. Оны Талдықорғандағы өлке танушы Денис Шунькин де растап отыр.
Патшалық Ресейдің генералы Дутов «сүйегім Қытайда қалады» деп ойлаған жоқ, ол арғы бетке қашқандардың басын құрап тез арада күш жинап алатынына сенді, сөйтіп ағылшын интервенциясының қолдауымен Кеңес үкіметіне қайта шаппақшы болды. Сондықтан, ол Ресейден алып шыққан бүкіл байлықтарын Жоңғар Алатауындағы үлкен үңгірге тығып, кіретін ауызды бітеп кеткен деген жорамалды жергілікті қариялар мен тарихшылар баяғыдан айтып жүр.
Жоңғар Алатауының Алматы облысы Сарқан ауданына қарасты аумағында Қарасарық деген сай бар. Сондағы жартастардың бірінде жүз жылдай бұрын белгісіз бір адамның бейнесі қашалып салынған. Бұл белгі Жетісу жерін басып өтіп Қытайға беттеген Атаман Дутовтан қалған-мыс. Сол кезде оны арғы бетке шығарып салған жергілікті киржактардың кейінгі ұрпақтарына айтып кеткен әңгімелеріне қарағанда, Дутовтың әскері шекарадан өтерде осы жартастың алдында соңғы рет құдайға сыйынып, мінажат жасаған екен. Егер, ақгвардия генералы Ресейден мол қазынаны алып шыққан болса, ол осы маңда көмілген болуы тиіс деген жорамал айтады тарихшылар. Өйткені, Дутов Қытай билігіне ресми түрде ешқандай асыл бұйымдар тапсырмаған. Тарихи құжаттарға қарағанда, ол қолындағы аздаған қару-жарағын қытайларға беріп, қалғанын Құлжа қаласының маңына көміп тастаған.
Бұдан біраз жыл бұрын қарағандылық тарихшылар арнайы экспедиция ұйымдастырып, «ақгвардияшылардың көміп кеткен қазынасы табылып қала ма» деген үмітпен атаман Дутов отрядтарының сол кездерде шекарадан өткен ізімен жүріп көрді. Бірақ олар ештеңе таба алған жоқ. Осыны естіген жекелеген кен іздеушілерден маза кетті. Олар жыл сайын таудың қары кетісімен Дутовтың әскері өткен жерге қарай ағылатын болды. Жергілікті орманшының айтуынша, кен іздеушілер ала жаздай үңгірлердің бірінде жатқан Дутовтың қазынасын табу үшін тауды шұқылап, осы маңайды тіміскілеп жүретін көрінеді.
Дутовтың Ресейден қаншама және қандай қазынаны алып шыққаны туралы нақты ешқандай деректер жоқ. Бірақ, өте көп байлықты әкеткен, соның ішінде өте бағалы, тарихи құндылық болып саналатын Табындық Құдай Ана (Табынская Божья Матерь) иконасы болған екен. Дутов кетісімен икона да жоғалғандығы туралы жазбаларда бар көрінеді. Кейіннен сол иконаны Құлжа қаласынан көргендер бар екен. Сондағы православие шіркеуінде біраз тұрған да, із-түзсіз құрыған. Оны Дутовтың Қытайға алып өткеніне дәлелдер көп. Бұдан біраз жыл бұрын Сарқан ауданында тұратын орманшымен кездескен едім. Сөз арасында ол арғы атасы атаманды Қытай шекарасына дейін шығарып салғандардың бірі болғанын айтып еді. Атаман шекарадан өтерде соңғы рет Қарасарық сайындағы жартастың алдында осы иконаны жұрттың алдына шығарып, сыйынғанын жергілікті орыс-казактар көріпті.
Атаман Дутов асыл заттарды Қытайға апаруға ол жақтың билігі тартып ала ма деп қорыққан сияқты. Ол өзімен бірге тек қару-жарақтарды молынан алып, Қытайға барғанда жартысын көміп, жартысын жергілікті билікке өткізді. Ал, асыл бұйымдармен сауда жасағаны туралы Қытайда да ешқандай деректер жоқ. Керісінше, қытай жағы оған жалақы тағайындаған. Сондықтан, Дутовтың қазынасы Жоңғар Алатауындағы үңгірлердің бірінде тығулы жатыр деген сөздің жаны бар сияқты.

ШЕКАРА МАҢЫНДАҒЫ  БАРЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ

Ақгвардияшылардан басқа Кеңес үкіметіне қарсы белсенді қарсылық көрсеткен Шыңжаң өлкесіне қашып барған бай-құлақтар, көпестер болды. Көптеген қашқындардың туыстары қазақ, қырғыз жерінде қалды. Осы кездерде ақгвардияшылар мен қазақ байлары біріккен бандалық құрылымдар пайда болып, кек қайтару мақсатында шекарадан өтіп, іргелес жатқан елді мекендерге шабуыл жасады. Егер, атаман Дутов күш алмай тұрып, көзін дер кезінде жоймағанда оның қарулы отрядтары шекарадан бері өтіп талай қырғынды салар еді. Семей чекистері ұйымдастырған арнайы операциясының арқасында қытаймен шектесетін Қазақстанның оңтүстік аймақтарында қанды оқиғалар болған жоқ. Бірақ, Алтай, Тарбағатай жақтан келген қарулы топтардың шабуылдарын шекарашылар жиі қайтарып тұрды. Қытай жақтан тұтқиылдан жасалатын шабуылдар отызыншы жылдарға дейін жалғасты. Солардың бірі – Кеңес үкіметінің ұжымдастыру науқаны тұсында Шығыс Қазақстандағы «Матвеевка» шекара заставасында 1932 жылдың сәуір айында болған қанды оқиға. Бұл – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің орталық архивінде жабық сақталып, бұрын жария етілмеген тарихи дерек.
Кеңес үкіметі тұсында жалпы оқырманға арналып жазылған тарихи деректерден күш құрылымдарының тек жеңістерін ғана кездестіруге болады. Кеңестік саясат солай болды. «Біздің ісіміз оң, жеңіс біздің жақта болады» деген ұран Кеңес үкіметінің қандай да болмасын жоспарының, әрекеттерінің мақсатын айқындап тұрды. Өз заманында Кеңес үкіметінің жауларымен күрестегі ұсақ жеңістердің де маңызы зор болды. Кейбір тарихи оқиғалар бұрмаланып, керісінше суреттелді. Қаншама адам тек жалаң идеяның құрбаны болғанын бүгінгі күні архивтердегі сарғайған құжаттар ғана растап бере алады. Сол кездерде идеология үшін жан беріп, жан алысқан екі жақтың да адасқан азаматтарының ұрпақтары бүгінге өзіміздің арамызда өмір сүріп жатыр. Заманында бұрмаланған тарихтың, бүркемеленген деректердің ақиқаты тек солардың ұрпақтарына ғана емес, көзі ашық оқырмандардың бәрін қызықтырады деп ойлаймын. Сондықтан, архив деректеріне сүйеніп, ғасырға жуық уақыт өткен осы оқиғаны бұрмаламай, ақты – «ақ», қараны – «қара» түрінде баяндап отырмын. Екінші жағынан бұл әңгімеден «атаман Дутовтың басын кесіп әкелу неге керек болды?», деген сұраққа жауап алуға болады.
Алтай тауларының сілемдері Нарым, Күршім, Тарбағатай тауларымен ұштасып, Қазақстанның шығысын Қытайға қарайтын Шыңжаң өлкесінен бөліп тұр. Қазан төңкерісінен кейінгі дүрбелең заманда көптеген жергілікті қазақ байлары, большевиктер ізіне түскен ақгвардияшылар мен атты-казактар полктары Қытай жеріне қарай қашты. Енді тыныштала бастаған кезде толықтай орнап, күш алған Кеңес үкіметі кедей-шаруаларды біріктіріп, ұжымдастыру (коллективизация) науқанын бастады. Бұл тұста бай-құлақтар тәркілеуге тағы ұшырып, таза тақырға отырды. Мал-мүлкін колхозға өз еркімен бергісі келмегендер атылып кетті. Шекараға жақын елді мекендердегі ауқатты адамдар байлығын құтқару үшін көрші Шыңжаң өлкесіне ауа бастады. Туған жерінен қашып, сыңсыған қалың қытайдың ортасына барып жан сақтау үшін де күш керек. Шыңжаң өлкесін мекендейтін қазақ, ұйғыр, дұнған, моңғолдарды ханьдықтар басқарып отырды. Сондықтан, бергі жақтан барғандар сол жақтың билігіне таланып қалмас үшін бір ортаға бірігуі заңды еді. Сөйтіп елден кеткен қазақ, орыстардың біразы Шыңжаңдағы генерал-лейтенант Бакич басқаратын ақ патшалық Орынбор армиясының қатарын толтырды. Жиырмасыншы жылдардың басында Қызыл армиядан қашып шекарадан ары асқан генерал Бакичтің әскері сол өлкеде біраз жыл бойы орнығып қалған. Енді бұлар бергі жақтан қашып барған Кеңес үкіметінің жауларын өздерінің жақтастары ретінде қабылдады. Шыңжаңдағы Шәуешек, Шара-сүме, Бүршім қалаларында генерал Бакичтің басшылығымен қарулы отрядтар жасақталып, шекараның арғы жағындағы қызылдарға қарсы ауық-ауық шабуыл ұйымдастырылып тұрды. Олардың ішінде осы жақтан ауып барған қазақтар да көп болды. Атамекеннен қуылып, енді барар жер, басар тауы қалмаған олардың бұл әрекеттерін жаралы аңның аңшыға қарай атылуымен теңеуге болар еді. Елінен, жерінен, туған-туыстарынан айырылып, мал-мүлкі талан-таражға түскен байлар мен орта шаруалар жаңа құрылып жатқан Кеңес өкіметінен осылайша кек алмақшы болды.
Ұдайы әскери тәртіппен үнемі жауынгерлік жорықта жүріп, жауынгерлік рухын, формасын жоғалтпаған генерал Бакичтің қарулы жасағы өз елінен аластатылған қашқын сияқты емес, керісінше, Қытай жеріне басып алушы агрессор, қожайын ретінде кірді. Әрине, оның баса-көктеп кіргені Қытай билігіне ұнамады. Алайда, аттың жалында, түйенің қомында жүріп соғыс жағдайына әбден бейімделген, ысылған ақгвардияшылармен соғысуға қытай әскерінің жүрегі дауаламады. Бірақ, оларды бұлай бастарына шығарып, басындырып қоюға да болмады. Ақгвардияшылардың шекара түбіне шоғырланып, уақыт өткен сайын күшейе түсуі большевиктерге де қауіп туғызды. Сондықтан, «қытай әскерлерімен одақтасып, бұлардың көзін жою керек» деген шешімге келген ВЧК халық комиссары Феликс Дзержинский арғы бетке өз елшісін аттандырды.
Қызыләскерлердің «Бакичтің бандасын құртуға көмек берейік» деген ұсынысын қытай жағы алғашында қабылдамады. Өйткені, генерал Бакичтің әскерін өз күштерімен талқандап, олардың жол бойы жұртты тонап жинаған мүліктері мен қару-жарақтарына ие боламыз деп үміттенді. Осы ойларын жүзеге асыру үшін бірнеше мәрте бандқұрылымға тиісіп те көрді. Алайда, талай қан майданды бастан кешіп, қиян-кескі ұрыстарда шындалған тәжірибелі ақгвардияшылар қытай жасақтарын оп-оңай жеңіп, тойтарыс беріп отырды. Өз күшімен жеңе алмайтындығына көзі жеткен қытай өкіметі басынған «қонақтардан» тезірек құтылу үшін Қызыл Армия жасағын өз жеріне кіргізуге келісімін берді. Сөйтіп, 1921 жылдың 24 мамырында бақайшағына дейін қаруланған Қызыл Армия отрядтары Семей губерниясы арқылы Шәуешек қаласының тұсынан Қытай жеріне кірді. Қытай жағы өзін «нейтралитет» деп жариялап, аяқ астынан бұл соғысқа қатыспайтын болып қалды. Алайда, қытайлар «бірің өліп, бірің қал» деген саясатты ұстанғанмен, «ұрыс осы жерде болады-ау» деген тұсқа өз әскерлерін әкеп тіреп қойды. Бұл – Бакич отряды шегінген жағдайда ішкі Қытайға өтіп кетпеуі үшін істелген тосқауылы еді.
«Текке қантөгіс болмасын, қару-ларынды тастап беріліңдер, өмірлеріңді сақтаймыз» деген Қызыл Армия қойған ультиматумды (талапты) Бакич қабылдамады. Сан жағынан екі есе аз болса да, генерал Бакичтің бандасы қызыләскерлерге қатты қарсылық көрсетіп бақты. Екі айға созылған ақтар мен қызылдар соғысында артында тылы жоқ генерал Бакичтің әскері әлсіреп, ақыры қарсылық көрсетуге шамалары жетпей қашуға мәжбүр болды. Сөйтіп, ақгвардияшылардың негізгі күші талқандалды, аман қалғандары ішкі Қытайға қарай шегінді. Осылайша уақытша шекарадан өткен Қызыл Армия Қытайдың Шәуешек, Қабық қалалары және бірнеше елдімекендерін ақгвардияшылардан тазартты. Қытай жағымен жасалған келісім бойынша Кеңес әскерлері 1200 тұтқын мен мол трофейді олжалап, шекарадан бері өтті. Ал қансырап шығысқа қарай шегінген генерал Бакичтің қалған әскері Шара-сүме қаласына барып бекінді. Онда да «жарасын жалап» жатып алған жоқ. Сол маңдағы Кеңес үкіметіне немесе ханьдықтарға қыжылы бар қазақ, ұйғыр, моңғол жігіттерінен қалың қол жинап алды. Саны бірнеше мыңға жететін әскеріне «Алтай армиясы» деген атақ беріп, өзі бас қолбасшы болды. Билікті тағы қолына алған Бакич өзін қызылдарға сатып жібергені үшін қытайларды қатты жазалады. Шара-Сумэдегі қытай әскерлеріне күйрете соққы беріп, 400 винтовка, 12 пулемет, 12 зеңбірек, 1000 снаряд, 6000 патрон және 1000 пұт бидай мен күрішті иемденді.
Бакичтің бандқұрылымынан көресіні әбден көрген жергілікті Қытай өкіметі қызылдардан көмек сұрап алдарына тағы барды. Шыңжаңда күш жинап жатқан ақгвардияшылардың ордасын біржолата құрту үшін Қызыл Армияның жасақтарын шекарадан ары асыру туралы Феликс Эдмундович тағы да бұйрық шығарды. Бұл жолы да қытайлар соғысқа араласпай, Шыңжаң жерінде қанжоса болып қырылысып жатқан қызылдар мен ақтардың соғысын сырттан тамашалады. Сол жорықта «Алтай армиясы» толықтай талқандалып, оның қолбасшысы генерал-лейтенант Бакич өзінің оққағарымен бірге Моңғолияға қашты. Кейіннен сол жерде тұтқындалып, Ресейге жеткізілді. Деректерге қарағанда, Новосібір соты оған ату жазасына кесу туралы үкім шығарған. Үкімнің қай кезде орындалып, қай жерде атылғаны белгісіз.
Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай мен Алтай аймағындағы әскери эмиграцияның бас көтеруі сонымен бітті, бірақ, қытай жерінде бойтасалап жүрген орыс-казак отрядтары мен Қазақстаннан қашып барған бай-құлақтардан құралған қарулы топтар бірігіп, бірнеше жылға дейін шекараға шабуыл жасауын тоқтатқан жоқ. Қытайға Қазақстаннан жаппай қотарыла қоныс аударудың екінші кезеңі 1927 жылғы ұжымдастыру науқаны кезінде болды. Халықты күштеп колхозға кіргізу, ұжымдастыру (коллективизация), саясатымен келіспеген Зайсан, Тарбағатай, Ақсуат, Үржар өңірінің орта шаруалары бұрынғы кеткен байлардың ізімен Қытай аса бастады. Аласапыран заман қайта туды. Коммунистік партия басқарған билік дихан-шаруалардың малдарын, егіндік жерлерін тартып алып бәріне ортақ ұжымдық шаруашылықтар құруға мәжбүрледі. «Колхоздың мүлкі, қоры ортақ болады» деген саясатты жергілікті халық «асты ортақ қазаннан ішу» деп түсінді. Бұл қазақтың табиғатына жат нәрсе еді. Онсыз да Кеңес үкіметі келгелі жағдайлары нашарлап, күйлері кеткен халыққа бұл жаңа соққы болды. Енді ашынған орта шаруаның өкілдері Кеңес өкіметіне ашық қарсылық көрсетті. Әсіресе Қара Ертіс пен Ұлан Доба асуы арасындағы елді мекендерге арғы жақтағы бандиттер тарапынан жиі шабуыл жасалды. Қытай өкіметі келімсектерге деген бұрынғы өкпесін ұмытып, енді бай-құлақтардан құралған қарулы бандиттерге қолдау көрсетті. Өйткені, олар өздерінің мүдделерін көздеді. Қытайлар эмигранттарды ең алдымен барлау, ел ішіне іріткі салу жұмыстарына пайдаланды. Бандадағылар өзі туып-өскен жердің әрбір тасын, сай-саласын бес саусақтай білді және қазақ жерінде қалған туыстары бұлар келгенде дастарқан жайып, үлкен құрметпен қарсы алатын. Оларға қажетті барлық ақпаратты беріп отырды. Қытай шекарашылары бергі жаққа бет алған қарулы жасақты байқамаған сыңай танытып, ешқандай кедергісіз шекарадан асырып жіберіп, мол олжамен оралғандарын тосып отырды. Қайтар жолда олардың тонап алған мүліктерімен бөлісіп, «олжаларынан ауыз тиген» соң ғана Шыңжаң жеріне өткізетін.
Қытайдағы қазақ, орыс эмигранттарының соңғы легін патша армиясының фельдшері Станислав Бычинский қол астына жинады. Оның отрядына осы жақтан барған Ақынов, Ивашкин, Кубасов, Пантелеев, Ережепов, Әкежанов сияқты бай-құлақтардың жасақтары кірді. Бычинский отрядының саны 1932 жылдың басында 300 адамға жетті. Бычинскийдің отряды қызыл шекарашыларға тұтқиылдан жасаған бірнеше шабуылдары сәтті болды. Бычинскийдің үш жүздей қарулы бандасына құрамында он бес, жиырма ғана адамы бар шекара заставалары қалай қарсы тұрсын. Олардың жергілікті халықты әлі аяғына нық тұра қоймаған Кеңес үкіметіне қарсы қою саясаты да жоспардағыдай шықты.
Бычинскийдің бандасы алғашқы шабуылын Кіші Краснояркадан бастады. Шекарашыларды айналып өтіп, бірер сағаттың ішінде ауылдың белсенділерін қырып салды, ауылдық кеңестің кеңсесін төңкерді. Ауылдың қоймасындағы астықты көшеге шығарып, жиналған халыққа үлестіріп беріп «жақсы» атқа ие болды. Түтінге оранған ауылды артқа тастап, ақгвардияшылар отряды әрі қарай Қатын Қарағайға жылжыды. Дәл осы кезде Шәуешектен шыққан басқа банда Зайсанға кіріп, ондағы қару-жарақ қоймасын басып алды. Бұлар шекарашылар түрмесінде жатқан «контраларды» босатып, өз қатарларына қосып алады да, Қатын Қарағайды ойрандап жатқан Бычинскийдің отрядына келіп қосылды. Сол күні кешке қарай шекарашылардан тонаған мүліктерін артынған банда қытай жағына қайта өтіп кетті. Егер Қытай жеріндегі банданы тез арада тығылып жатқан «апандарында» құртпаса, мұндай шабуылдардың жиілей беретіндігі анық. Сондықтан, арнайы операцияны жоспарлау үшін нақты мәліметтер, сауатты ақпараттар алу үшін Шыңжаң жаққа тәжірибелі барлаушы-чекистерді жіберу керек болды.

* * *

Шыңжаң жақтан шабуыл жасаған бандқұрылымдардың қызыл шекарашыларды қалай қырғандығын мына тарихи оқиғаны оқып отырып, көз алдыңызға елестете беріңіз.
«Матвеевкамен» көрші тұрған «Орловка» заставасының кеңсесінде телефон қонырауы шылдырлағанда күн ұясына енді батқан. Комендатура осында орналасқан болатын. Трубканы сол күні застава командиріне көмекке келген, комендатура бастығы Николай Деев көтерді. Қоңырау шалған «Матвеевқа» заставасының бастығы Глазунов: «шекараның арғы жағындағы орыс, қазақ эмигранттарынан құралған 300-ге тарта банда бүгін-ертең осы екі заставаға шабуыл жасауды жоспарлап отырғанын сенімді адам жеткізді» деп баяндады. Шекара отрядының басшылары бандалардың шабуылға шығатынын алдын ала білгенімен «алдымен келсін, сосын көріп аламыз» деп жайбарақаттық танытқан сияқты. Бұлары үлкен қателік екенін қызыләскерлер өте кеш түсінді.
«Матвеевка» заставасын Минскідегі жоғары шекара мектебін сол жылы бітіріп келген, бұл қызметте көп болмаған, шекара күзеті қызметінен әлі тәжірибесі жоқ жас командир В.Глазунов 1932 жылдың наурызында қабылдап алған. Қанды қырғын болатын түні заставада командир Глазуновтан басқа 17 қызыләскер бар еді. Жауынгерлердің арсеналында 16 винтовқа, 200 оғымен Дегтерев пулеметі және 30 шақты гранаталар болды. Үш жүз бандитке қарсы қолданылатын қарудың түрі осы ғана еді.
Сәуірдің 1-іне қараған түні бір сұмдықтың боларын шекарашылар сезді. Бычинскийдің шабуылға дайындалып жатқаны туралы хабарды жеткізген осы ауылда тұратын бір кісінің жақын туысы болған. Сондықтан «Матвеевка» заставасындағылар алдын ала ұрысқа әзірленіп, қапыда қалмау шараларының бәрін жасады. Шекара бойын қарауылдауға екі атты, үш жаяу жауынгер жіберілді. Бір шекарашы қазарманың сыртына, бір жауынгер атқораға күзетке тұрды. Қалған 10 шекарашы мылтықтарын төсектің басына сүйеп, шешінбей ұйықтады. Сәуірдің алғашқы түні бұлар үшін мәңгілік ұйқы алдындағы соңғы рет бірге тынығуы болды.
Шекарашылардың секемденуі бекер емес еді, Глазунов телефон арқылы «Орловкадағы» комендатурамен хабарласып жатқанда, «Матвеевка» заставасынан 25 шақырым жердегі қытайдың «Ақ қаба» шекара бекетінен бері өткен Бычинскийдің бандасы бұлардың тура қарсы тұсындағы төбенің астында тұрған болатын. Сол түні болған сұмдықты аман қалған шекарашы И.Янковский артынан былай деп баяндайды: «…шырт ұйқыдан атылған мылтық дауысынан ояндым. Іле-шала командирдің «В ружье!» деген айқайын естідім. Етігімді кие салып, жалмажан мылтығыма жармастым. Сол-ақ екен сатыр-күтір жан-жақтан оқ жауды да кетті. Оқтың жан-жақтан атылуына қарағанда бандиттер заставаны қоршап алған сияқты. Іштегі біздерді есік, терезелерге жақындатпауға тырысып, оқты боратып жатыр. Есіктен сыртқа жүгіріп шықпақшы болғанымда қолыма оқ тиіп шалқамнан түстім. Жараланғандар бір-бірімізге көмектесіп, жараларымызды таңып жатқанбыз, «өртеніп жатырмыз, сыртқа ұмтылыңдар!» деген командирдің бұйрығын естідік. Бірінші болып үйден атып шыққан Бекренев жауға қарсы оқты боратып біраз бандитті жер жастандырып үлгерді. Бірақ заматта жауып кеткен оқ оны жұлып түсірді. Бандиттер артынан оның өлі денесін көрсетіп, «ең қатты қарсылық көрсеткен осы болды, «ер жігіт екен!» деп жатты.
Заставадағы жалғыз пулемет Казанцевтің қолында болатын, ол бір де оқ шығарып үлгермеді, есіктен шыққан бойда өзі оққа ұшып жерге құлады. Оның ізімен ілесе шыққан шекарашы Тоғаев Казанцевтің қолынан пулеметті іліп алып, төмпешіктін арғы жағына секіріп жоқ болды. Сол жерде ойпаттау шұңқыр еді, бәріміз соған жетуге тырыстық. Мен де қансырап, әлсіресем де, бұқпантайлап барып тасадағы жолдастарымның жанына жетіп жығылдым. Шұңқырға тығылған шекарашылардың қарасы көбейіп қалды. Алайда, біз паналаған шұңқыр қорған болып жарытпады. Бізді қоршаған жау жан-жақтан нысанаға алып, дәлдеп атып жатты. Олар тасада бекінгендіктен оқ дарыта алмадық. Осылайша жауынгерлер бірінен кейін бірі оққа ұшып қаза тапты. Мен қатты қансырағандықтан қозғалуға шамам қалмады, бірақ бәрін көріп жаттым. Айналасы жиырма минуттың ішінде жанымдағы Поддубный, Мухин, Ященколар көз алдымда өлді. Қасыма жарасын ауырсына, жер бауырлап жеткен Казанцев тістеніп тұрып, соңғы екі оғын жау жаққа қарай атты да, менің иығыма басын қойып үнсіз қалды. Біз жақтан атыс тоқтаған соң бандиттер жанымызға келіп, өлген қызыләскерлердің қаруларын жинап ала бастады. «Мынау тірі көрінеді», деп байқап қалған біреуі мылтықтың ұңғысымен мені түртті. «Иә, тірімін» деп орнымнан тұрмақшы болып едім, әлім келмеді. Олар қай жерімнен жараланғанымды сұрады. Мен үнсіз оқ тиген жерімді көрсеттім…».
Бұл – осы шайқаста аман қалған Янковскийдің архивте сақталған түсініктеме хаты. Оны құтқарып қалған «Біз қызыләскерлерге тиіспейміз, біз тұтастай Кеңес үкіметінің саясатына қарсымыз», деген Бычинскийдің сөзі болды. Ол бұл сөзін шекарашы Янковскийге арнап емес, қасындағыларға қарап тұрып, дауысын нығарлап айтты. Оқиғаны көздерімен көріп, куәсі болған адамдардың әңгімелері осылайша шекарашылар тарихының бір тамшысы ғана болып қалды.
Екі мыңыншы жылдардың басында Америкаға барған сапарымда генерал Корниловтың армиясында жүзбасы болған, кейіннен Алтай жақтан Қытайға өтіп кеткен ақгвардия полковнигінің қызын кездестірдім. Бір айдан астам онымен бірге жүріп, жақын таныстық. Қытайда туып-өскен орыс қызы Барбараның әкесі 1957 жылы мұхиттың арғы жағына қоныс аударыпты. Генерал Бакичтің Қытай жерінде жасақтаған отрядында мыңбасы болған полковник Америкаға барып тамыр жайыпты, сол елдің азаматтығын алып, сол жақта қайтыс болған. Бір ғана ол емес, Ресейдегі Қазан төңкерісінен кейінгі аласапыран кездерде Қытайға өтіп, Кеңес үкіметінің құрған жаңа жүйесіне қарсы тұрған мыңдаған бай-құлақтардың үрім-бұтақтары сол жақта өсіп-өркендеп, тұрақтап қалды. Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Кеңес үкіметі мен Қытай Халық Республикасының арасындағы саяси жағдайға жылу кіріп, экономикалық қарым-қатынас біршама жақсарған кезде шекарадан бері өтуге мүмкіндік туды. Сол тұста екі жүз мыңдай қазақ тарихи отанына оралып, ата-бабаларының жерлеріне келіп орын тепті. Бұл үдеріс жайында жастық шақтарын Шыңжаң өлкесінде өткізген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділов, Жанат Ахмадиевтердің жазғандарынан білеміз. Марқұм ақын ағамыз Қажытай Ілиясұлының талай әңгімелерін өз аузынан естіген едім. Қарап отырсақ, Кеңес үкіметі күштеп жүргізген ұжымдастыру саясаты қаншама адамдардың тағдырын өзгертіпті. Сол адамдардың тағдырын санамен саралап, басқа жағына үңіліп көрейікші. Жауыңа да дұрыс баға бере білу керек. Алтай, Тарбағатай таулары арқылы Қытай еліне өтіп, ол жақта да патшаға, халқына берген антты өмірінің ақтық сәтіне дейін адал сақтаған генерал Бакич, фельдшер Бычинскийлердің әрекеттерін әскери тұрғыдан ерлік деп қарауға да болады. Өйткені олардың ұстанған бірбеткей позициясы, идеологиясы, өзіндік принциптері болмаса, басқа ұлттардың игі жақсылары арттарынан ерер ме еді? Сол кездегі Кеңес үкіметінің саяси жауларына орыс тарихшылары бүгінде тарихи тұлға ретінде баға береді. Олардың пікірінше, адами тұрғыдан қарағанда бұлар тегін адамдар емес – оқыған, көзі ашық, өз халқын, ұлтын сүйген нағыз патриот офицерлер.

ШЫҢЖАҢ ӨЛКЕСІНДЕГІ ШЫТЫРМАНДАР

Кеңес үкіметі тұсындағы барлау қызметінің тарихын айту үшін сол кездегі осы аймақтың саяси ахуалын қысқаша баяндап кеткен жөн болар. Ұлы Жібек жолының бойындағы тоғыз жолдың торабы – Шыңжаң (Синьцзян) үшін күрес XVII ғасырдан басталады. Бұл жерде ғасырлар бойы Ресей, Британия, Германия, Жапония, Қытай, Америка, Моңғолия, Ватикан, КСРО сияқты он-он бес мемлекеттің арнайы қызметі тоғысып, қайшыласып жатты. Өз саясаттарын жүргізуге мүдделі бұл елдердің барлығы арасына жоғары деңгейде дайындықтан өткен кәсіби барлаушылар қосылған экспедицияларды жіберу арқылы қажетті ақпараттар алып отырды. Ағылшын жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Редьярд Киплингтің «Үлкен ойын» шығармасындағы эпизодтардың бірі дәл осы солтүстік-батыс Қытайда болған оқиғаға негізделген. Мысалы, Өскемен қаласының негізін қалаған Лихаревті Шыңжаңға Еркент алтын кеніші туралы біліп келуге Петр І жіберген. Онда қазір де алтын өндіріледі. Ол кезде бос жатқан жерге ХХ ғасырдың басына дейін Британия мен Ресей империясы таласты, одан кейін оларға Қытай мен Америка барлауы қосылды. Екінші дүниежүзілік соғыс басталар алдында Германия мен Жапонияның бұл аймаққа тым жақын келуге мүмкіндігі болды. Бұған дейін итальяндардың экспедициясы бұл маңды көп аралады. Үндіқытай, Лаос жаққа қызыққан француздар ғана өткен ғасырда бұл өңірге келген жоқ. Қалған алпауыт елдердің бәрі қойнауы уран, мұнай, жез, тұз, мырыш, молибден, вольфрамға бай Шыңжаң өлкесіне көзін сүзді. Бұл жерде Шыңжаңның бүкіл тарихын тізудің қажеті жоқ шығар, бірақ, барлау қызметінің жеткізген мәліметтеріне сүйене отырып сол кездегі саяси жағдаймен таныстыру жөн болар. Шыңжаң өлкесінің тарихында Қытайға ғана емес, оның ішінде бұрын Ресей империясының, содан кейін КСРО құрамында болған Орталық Азия елдеріне де қатысты трагедиялық парақтар аз емес. Әйтсе де, КСРО тұсында ол туралы тарихшылар жақ ашқан жоқ. Әсіресе, өткен ғасырдың басындағы дүрбелең кездерінде мұнда Ресейден келген ақгвардияшылар мен Орта азиялық байлар-шонжарлар эммиграциясының тарихы белгісіз болып қалды. Мысалы, Шыңжаң өлкесіне қашқан ақгвардияшылар қозғалысының басшылары қалай жойылғанын, 30-шы жылдары гимнастеркаларына қызыл петлица таққан кеңестік әскерлер Шыңжаң генерал-губернаторы жағында не үшін соғысқаны немесе іс жүзінде жаулап алған Шығыс Түркістан аумағын жолдас Сталин Мао Цзедунға неге бергені туралы біз біле бермейміз. Сондықтан КСРО МҚК және өзіміздің арнайы қызмет мұрағаттарынан алынған деректерге сүйене отырып, Шығыс Түркістан Ұлттық армиясындағы чекистердің бөлімдерін, партизан отрядтарын басқарған кейбір адамдардың да аты-жөндерін айтатын уақыт жеткен сияқты.
Жиырмасыншы жылдардың соңғы ширегінде Қытай жеріне қашқан орыс эмигранттарының антикеңестік әрекеттері жиіледі. Бұл сол кезеңдегі екі елдің арасындағы және ішкі саясатқа байланысты өрбіді. Харбин, Шанхай, Тяньцзин және Шанхайдағы ақэмигранттардың басшылары Кеңес билігіне қарсы астыртын және ашық күреске шет мемлекеттердің күштерін пайдаланғысы келді, соларға арқа сүйеді. Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысында Шыңжаңда ақгвардияшылардың бірнеше ұйымдары белсенді жұмыс істеді. Солардың бірі жоғарыда баяндалған атаман Дутовтың отрядтарынан құрылған, полковник П. Паппенгут басқарған «Офицерский союз» ұйымы болды. Саяси жағдай шиеленісіп кетсе, керек болар», деген оймен ұйымға Іле округының қолбасшысы Жен Шоу Ши қолдау көрсетіп отырды. Паппенгут тобын Сүйдіндегі католиктер де қолдады, солардың көмегімен КСРО-да жүріп жатқан «ұжымдастыру» сияқты нақты саяси жағдайлардан хабардар болды, Қиыр Шығыстағы ақгвардияшылармен байланыс жасады. Дутовшылардың екінші тобын полковник Ткачев деген басқарды. Екі топты да біздің арнайы қызмет іштегі адамдар арқылы жіті бақылап отырды.
Әрине, Шыңжаңдағы ақгвардияшылар, қазақ байларынан құралған эмигранттар, әсіресе, әскери эмигранттар кеңестік режимге қатты наразы болды. Үрімшіні паналаған ақгвардияшылардың қаймағы да қарап отырған жоқ, эмигранттардың бастарын құрап, ұйымдастыру жұмыстарымен айналысқан. Деректерге қарағанда, атаман Анненковтың отрядында белсенді қызмет атқарған капитан Бородин отандастарының рухын көтеріп, Кеңес билігіне қарсы насихат жүргізу үшін Шәуешекке арнайы тапсырмамен аттанады. Орыс эмигранттарының ішінде алған беттерінен қайтпайтын, «офицер арын» шыбын жанынан жоғары қоятын осындай нағыз жауынгерлер де, «адастық, жаңылдық» деп елге қайтқысы келгендер де болды. Бұлардың ешқайсысы барлаушылардың назарынан тыс қалған жоқ.
Арнайы қызмет тарапынан оларды райларынан қайтарып, елге қарай тарту бойынша астыртын жұмыстар жүргізілді. Кейбіреулерін кеңестік арнайы қызмет өз жағына тартып, барлау жұмыстарына пайдаланды. Тапсырмаларды мүлтіксіз орындағандар арнайы қызметтің арқасында кейіннен отанына қайтуға мүмкіндік алды. Ондайлардың тағдыры өте қызық. Мысалы, С.В.Недачиннің өмірбаянын алайық: Владивостокта шығыс тілдері институтын бітіргеннен кейін Құлжадағы Ресей консулдығында істейді. 1918 жылы қызметтен босап, Омск қаласына келеді. Адмирал А.В. Колчактің қарамағында қарсы барлауда істейді, одан кейін қайтадан Құлжаға келеді. Азамат соғысы аяқталғанда С.В. Недачин қытай барлау қызметінде жүрген, одан кейін Үрімшіге кеден бастығы болып ауысады. Консулдыққа жиі барып жүріп ол Быстров деген кеңестік консулмен жақсы қарым-қатынас орнатады. Кеңестік барлау мәліметтері бойынша ол аса құпия құжаттардың шифры бар Быстровтың пәтеріне жиі келіп тұрған. Демек, ол кеңестік барлауға жақсы жұмыс істеді. Кейіннен Недачинге Қытай азаматтығын беріпті, бірақ ол елге қайтқысы келетінін айтады. Быстров оған Кеңес азаматтығын беруді және Сыртқы істер халық комиссариатына қызметке алуды сұрап жоғары жаққа хат жазады. Алайда, Шәуешектегі кеңестік консул Гавроның айтуынша, Недачин қытай барлауымен байланысын үзбеген болып шықты. Сөйтіп, оған елге қайтар жол жабылды. Ал, бұрын қытай армиясында қызметте болған В.Чернов деген тағы бір орыс жігіті Быстровтың көмегімен «Қазторг» мекемесіне жұмысқа тұрады, артынан консулдың өтінішімен кеңес азаматтығын алып, туған жеріне оралған.
Жиырмасыншы жылдардың басында Қытай жеріндегі ақгвардияшылар күш жинап, КСРО-ға қарулы шабуылға дайындалды. Кеңестік барлаудың Шыңжаңдағы негізгі жұмысы қарулы ақгвардияшылар эмиграциясының КСРО-ға қарсы әрекеттерін әшкерелеп, алдын алу және тойтарыс беру болды. Қытайдағы барлау жұмыстарын Мемлекеттік саяси басқару бірлестігіне қарайтын (ОГПУ) Шетелдік бөлімінің (ИНО) Чита қаласында орналасқан Қиыр Шығыстағы өкілдігі басқарды. Құпия агентура Манчжурия мен Жапонияны қатты қадағалады. 1923 жылы Пекин мен Харбинде резидентуралар құрылды. Бұлар тек ақгвардияшылар эмиграциясын ғана емес, Жапония мен Қытайдағы саяси жағдайларды бақылап отырды. Сол кездегі сыртқы барлау қызметінің бір эпизодын «Транссібір экспресі» көркем фильмінен көруге болады. 1921-1925 жылдардағы ИНО ОГПУ кеңестік дипломатия және сауда өкілдіктерін жамылып астыртын жұмыс істейтін 2-4 барлаушыдан тұратын резидентуралар құрды. Олар Пекин, Шанхай, Кантон, Тяньцзинь, Мукден, Харбин, Чанчунь сияқты қалаларда жұмыс істеді. Сыртқы барлау қызметіндегілер сол бір аумалы-төкпелі заманда жергілікті халық ішінен идеялық негізде қызмет етуге келісімін берген бірнеше құнды агентураға қол жеткізді. 20-шы жылдарда КСРО-ның басты жауы қызылдар үкіметін құлатуды аңсаған ақгвардия эмигранттары болғандықтан барлаушылардың негізгі жұмыстары олардың құрамын, жоспарларын, мақсатын, қаржы көздерін анықтау болды. ИНО ОГПУ резидентурасы Шыңжаңда да белсенді жұмыс істеді. 1927-1931 жылдары әскери барлаушы Борис Петрович Постников Қашқарда бас консул болды. 1930 жылы КСРО консулы болып Шәуешек қаласына Дедловский барды. Шыңжаңдағы кеңестік агенттердің белсенді істеген жұмыстарының нәтижесінде ағылшын агенттерінің, ақгвардия эмиграциясының КСРО-ға қарсы бағытталған әрекеттерінің бәрі алдын ала белгілі болды. Шыңжаң өлкесінде ИНО ОГПУ басқа Коминтерн де өзінің барлау жұмыстарын жүргізді. 1920 жылдың шілдесіндегі Коминтерннің II Конгресінде ұлттық колониалдық және Коминтерннің Шығыста атқаратын жұмысының жоспары талқыланды. Мұның бәрі Қытай жеріне ауған ақгвардия эмиграциясынан келетін қауіптен туындаған әрекеттер еді. Естерін жинап, ағылшындардан көмек алған қуғындағы ақ патша әскері кез келген уақытта тарпа бас салуға дайын жаралы қасқырдай көрінді. Бірақ, Шыңжаңдағы шоғырланған ақгвардияшыларды тоқтатқан басқа жағдай болды. Олар табан тіреген жерден тағы бүлік шығып, аяқтарының асты шайқала бастады. 1928 жылы Шыңжаңға жаңадан тағайындалған губернатор Цзинь Шужэнь өлкені қытайландыра бастады. Ганьсу провинциясынан қашып келген қытайлардан жасақ құрды. Ганьсуліктерге ұйғырлардың жерін тартып алып берді. Түркістанмен арадағы сауда-саттық дәстүрі жойылып, азық-түліктің бағасы қымбаттады. Қатары күрт ұлғайған армияны асырау үшін салықты көбейтті. Осының бәрі жиналып келіп, халықтың наразылығын туғызды, нәтижесінде жергілікті байлар, мұсылмандар, көпестер, қолөнер шеберлері мен шаруалар қосылып, жаппай көтеріліске шықты. Көтеріліс 1931 жылы Сяобаодан басталып, Хами қаласына қарай жылжыды. Қару-жарақ қоймасы тұрған Баркөлді басып алған қазақтар шаруалар мен ұйғырларды қосып алып мамыр айында Хами қаласына кірді. Цзинь Шужэнь армиясы көтеріліске қарсы тұра алмады, сенімнен шыққан ұйғырлар мен дұнғандарды әскер қатарына шақыруға қорықты. Сасқалақтаған Цзинь Шужэнь Қарашардағы атты-торғауыттарды шақырып еді, қалмақ ваны өздерінің тәуелсіздігін жариялап, қол ұшын беруден бас тартты. Торғауыттарды бағындыру үшін оған Хами бағытындағы әскерді жіберуге тура келді. Қытай армиясын күшейтудің жалғыз жолы – бұл іске Шыңжаң өлкесінде тұрып жатқан ақгвардия эмиграциясын тарту болды. Олардың ішінде тек ақ патшаның тұрақты армиясының қалдықтары ғана емес, кейіннен КСРО-да болған колхоздастыру (ұжымдастыру), ашаршылық нәубеттерінен қашып шекарадан енді ғана бері аттаған орыс, қазақтардың барлығын көтерілісшілерге қарсы қоюға тырысты. Іле аймағында орыс офицерлерінің қарамағына берілген торғауыт кавалериясынан құралған үш бригада пайда болды. Атаман Дутов тобында штаб бастығы болған полковник басшылық жасайтын 180 адамдық тағы бір жасақ құрылды. Бұл қарулы күштер 1931 жылдың қарашасында Хами қаласынан көтерілісшілерді ығыстырды. Келесі жылында қытай билігі Іле аймағындағы орыс әскери эмигранттарын қайта жинап, үш кавалериялық полк құрады. Бірақ бұл күш те аздық етіп, Цзинь КСРО-дан көмек сұрауға мәжбүр болды. Кеңес үкіметі Құлжа, Шәуешек, Еркент, Қарашар, Алтай, Үрімші, және Ақсу қалаларында сауда өкілдіктерін ашқызатын болса, көмек беретінін білдірді. Сөйтіп, 1933 жылы көктемде Кеңес билігі, жапондықтар басып алған Манчжуриядан шегініп, КСРО-ға кіргізілген генерал Ма Ду басқарған бірнеше мың қытай әскерін Шыңжаңға өткізді. Шыңжаңның КСРО-мен келіссөз жүргізгенін естіген Гоминьдан бірден көтерілісшілерді қорғап шықты. Көтерілісшілердің басшысы Ма Шиминді қолбасшы етіп тағайындап, қолтығына су бүрікті. 1933 жылы Ма Шимин мен Ма Фумин бастаған Шыңжаңдағы дұнғандардың Үрімшіге жасаған шабуылы сәтсіз аяқталды. Паппенгут бастаған ақгвардияшылар отрядтарының және КСРО-дан өтіп келген қытайлық Ма Ду әскерінің күшін пайдаланған Турфан ауданындағы шыңжаңдық әскерлердің қолбасшысы Шэн Шицай билігін жүргізіп отырған губернатор Цзинь Шужэнді орнынан тайдырды. Ол Шәуешекке қашты, одан Тяньцзинге барып ұсталды. Артынан Кеңес үкіметімен рұқсатсыз келісім жасағаны үшін Нанкинде сотталды. Осылайша, Шыңжаң жерінде күш жинап, Кеңес үкіметін шауып алмақшы болған ақгвардия эмиграциясы қытай билігіне қарсы шыққан көтерілісшілерге қарсы жұмсалған қолшоқпарға айналды.

(Жалғасы. Басы №2 санда)

 

Алдыңғы «
Келесі »

16 Пікір бар

  1. тамаша жазылғпн

  2. Керемет. Өте жақсы.

  3. Жазылған деректер расында тарихта орын алған окигалар. Семейде кызметте жүрген кезде акгвардияшылардын жергілікті халықка жасалған зум залалдарды естiп едім.

  4. Өте жақсы жазылған.

  5. Тамаша жазылган

  6. Тамаша жазылған!

  7. Өте түсінікті,тамаша жазылған!Кітабіңіз үшін раxмет🙏

  8. Қазақстанда тың тақырып деуге болады. Жақсы жазылған. Кәсіби журналистер жақсы бағасын беріп жатыр ғой. Алға, қаламың ұштала берсін!

  9. Керемет жазылған

  10. Бұрын -соңды естімеген біраз фактілерді жинапсыз. Мына Кеген, Нарынқол жағында қамтып өтсеңіз дұрыс болар еді. Әйгілі Қарқара көтерілісі туралы деректер тым мардымсыз. Жалпы кітабыңызды алып,оқуға қызығып отырмын.

  11. Қазіргі таңға тың тақырып,өткір жазылған шындық тариxи деректер.Атаман Аненков Тарбағатай тауы арқылы қытайға өткен,қаншама адамды қырып кетті,сол туралы да жазу керек деп ойлаймын.Сәттілік тілеймін,қаламың талмасын

  12. Үстүртін ғана біліп келген осы аймақтың тарихы бүге-шігесіне дейін ақтарылып, барынша зеріттеліп жазылғае екен… Тың мәліметтер баршылық.

  13. Оте керемет жазылган

  14. Өте терең мәліметтер берілген! Бұл ақиқатты Қазақстан тарихына еңгізілген дұрыс! Мектеп оқушылары осындай деректермен таныс болғаны қажет! Бұл біздің тарихымыз, ол ешқашан жойылмайды да өшпейді! Осы тарихты бүгіңгі күні халыққа жетілдірген авторына мың алғыс айтамын! Рахмет! :

  15. Өте жақсы жазылыпты.тарихтың көлеңкелі жақтары нақты жазылған.

  16. Құрметты оқырман! Осы уақытқа дейын құпия сақталган материалдардан қурылған кытаптан узындылерды АҚИҚАТ журналы арқылы қалың оқырманға ұсынып отырмын.. Жылы лебыздерыңызге рахмет! Бұл кытап СБ қызметынын тапсырысымен жазылды. 1200 данамын басылды. Белгылы себептермен жаппай сатылымға шығарылған жоқ. Толық нұскасын кытапханалардан алып оқуға болады. АҚИҚАТ журналынын келесы нөмерынен жалгасын оқыңыздар.. Құдай қаласа жылдың аягында орыс тылынде тағы да толықтырып шығарамыз деп отырмыз. Пыкыр, ұсыныстар айтып атсалысып жаткандарыңызға рахмет! Көңылдерыңызден шығуға тырысамын.

Пікірлерге тыйым салынады.