ПУШКИНДІ ҚЫЗЫҚТЫРҒАН ҚАЗАҚТАР

  • 20.03.2019
  • 133 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Серікқали ХАСАН,
«Ақиқат» журналының бөлім редакторы

Бұл кезде аттылы арба атаман үйінің төбесі қыш кірпіштермен көмкерілген кең қақпасынан әрі қарай шығып та үлгерген еді. Ал, ордалық өнерпаздар болса, өздерінің тағы талайғы көп қызықтарын бұған айтып жеткізіп үлгермегендіктеріне іштей қатты өкінгендей болып, бір бозарып, бір сазарып, соңынан сәл қашықтап, қалып бара жатты… Бірақ, бұның дәл осы жолы Оралға бірінші рет келуі болғанмен, алда әлі «Пугачев бүлігінің шежіресін» жазудың кезінде осынау тарихи қаламен өте тығыз байланысы да болмақ емес пе?! Жайық бойындағы әлі қаншама көзі тірі куәгерлермен кездесіп, алда әлі талай бүлік кезіндегі тарихи орындарда болып, айтар сыры мол үйлер, аулалар, көшелер, ұрыс алаңдары мен жазалау орындарын да көргісі-ақ келер еді. Әзірге қолдағы бар материалдарын соңыра бір ретке келтіріп тастаған соң, бәлкім… иә-иә, бәлкім, келер жылы… Сонда өзінің уақыты да көбірек болады емес пе?!
–Достар!.. – деді кенет ақын өзінің соңына мойын бұрып, манадан бері өзіне тым таяу тұстан қол бұлғап тұрған ордалық өнерпаздарға жадырай көз салып, – келер жылы қырда кездескенше!..
Жо-жоқ, Пушкин сондағы өзінің асығыс жол жүріп бара жатып, соңғы рет ордалық өнерпаздарға уәдесі ретінде айтқан сөздерін олар дәл сол қалпында естісін-естімесін, не естіген күннің өзінде де, оған тап соншалықты мән берсін-бермесін, мейлі, бірақ, бұл кезінде Еділ мен Жайықтың аралығындағы тақыр жерге тұрғызылып, бүгінде империялық елдің әр шалғайындағы сан ғасырлық тарихы бар көне қалалардан ешбір кемдігі жоқ Бөкей Ордасына бару туралы ойларынан әлі күнге дейін де бір арылмаған еді. Бертінде сол өзінің Оралда өткен күндері, сондағы Жайықтың арғы беті мен бергі бетіндегі қазақтардың бір атадан тарайтын қазақтар екендігі, олардың арғы дәуірлердегі ата-бабаларының патшалық империяның алтын тақ иесімен әр кезеңдерде әртүрлі дәрежеде келісімдер жасасқандығы хақында да сан рет ойланып көрді. Өзінің бұл бағыттағы қолға түсірген құнды деген тарихи деректері де мол еді. Әбілқайыр деді-ау?! Иә, сол Әбілқайыр! Тек сондағы екі жақты қол қойылған тарихи құжаттарда не айтылғандығы, Әбілқайыр хан өз тарапынан көршілес елге қандай тілек, өтініш айтты, қанша дегенмен, аюдай ақырған, әрі десе, арыстандай айбатты алып патшалық империя өз тарапынан далалықтарға қандай уәделер берді?! Егер, сонда, шынында да, татулық, ымырашылдық хақындағы уәделер берілген болса, сол уағдаластықтар дер кезінде орындалды ма?! Қалай болғанда да, патшалық елдің бұл тараптағы тірліктерінің қараңғы тұстары, әлдебір көлеңкелі жақтары да көп кездесетін. Алып империяның осы бір шығыс аймақтағы өткеніне көз салған сайын, сенің де әлгіндей толғауы тоқсан түйткілдерге жолыға беретіндігің неліктен?! Орынбордан шығысқа қарай аттанған сауда керуендерінің бәрі болмағанмен, басым көпшілігі өздерінің тең-тең жүктерімен бірде әрі қарай бара жатып, бірде бері қарай келе жатқан жолда тоқтатылып, тонаушылықтарға ұшырай беріпті. Бұл қалай?! Шекаралық аймақтардағы әкімшіліктердің дала халқымен ымыраға келдік, қарым-қатынасымыз бір жүйеге түсті дегендерінің бәрі де жалған болғаны ма?! Бір таң қаларлығы, бұл көптен бері ұңғыл-шұңғылына дейін зерттеп жүрген Пугачев бүлігі де лапылдап жанған оттай болып, бірден сонау шығысқа қарай бағыт алыпты ғой! Не олай, не бұлай емес, тұп-тура Жайыққа дейін барып, бүлікшіл көсемнің өзі де аптығы мен ыстығын сәл басып, «болдым, толдым, жеттім» дегендей болыпты! Бұның бәрі неліктен?! Бүлікшілердің сонда соңыра қаншама жылдардан бері алып империя тіл табыса алмай келген дала халқымен бірден құшақ жая көрісіп, бір жағадан мойын, бір жеңнен қол шығарамыз деп сенгендері ме?!
Пушкиннің бұл тұрғыдағы түсінбейтін тұстары әлі де көп еді. Жайықта болғандығы кеше ғана болса да, бұның сол жаққа қарай қайтара бір шұғыл сапарға да шыққысы келетін. Бұндай ой бұған, тіпті, сол Оралдан әрі аттанып кетпей тұрғанда-ақ та келмеді ме?! Басында соңында қол бұлғап, қалып бара жатқан далалықтарға «келер жылы…» дегенмен, бұның келер жылы бір қиырдағы қазақ қырына сапарлап бармақ түгелі, Петербургтен әрі қарай ұзап шығуының өзі де мүмкін болмады емес пе?!
Александр Сергеевич бертінде Болдиноға келіп, өзінің сол жылғы Жайық бойында, Орынбор мен Оралда болған кездегі әсерінен, әрі тарихтың терең қойнауларына қарай сүңгіп кеткен толқымалы шақтарынан еш ажырай алмай, жол үстінде-ақ қаншама өзінің қойын дәптерлеріне жазып алған тың дерек, мәлімет, естелік, әңгімелерін қайтара бір қарап, кезінде бүлікшіл Пугачев жүріп өткен, жолай сол әлгі жалған патша тоқтаған, оның небір қанды іздері қалған, ал, ол сондағы өзінің жолындағының бәрін жайпап өтіп, көптен бергі көңілінің құзыры болған Оралға аман-есен жеткен соң, бейнебір өзінің әу бастағы бар ойға алған істерін бейнебір ақырына дейін тындырып тастағандай-ақ болып, рахат бір күй кешкендіктеріне дейінгі жәйттердің бәр-бәрін қайтара бір есіне түсіріп, өз қиялында белгілі бір жүйеге келтіре отырып, соның әсерімен қызу бір іске кірісіп те кеткен еді ғой! Сондағы жазуы өте тез жүрді, әрі қолға алған шаруасы тым өнімді де болды. Соның бәрін көріп, әлсін-әлсін әлгі жазғандарын құныға оқып, масаттанып отырып, кітабы әлі баспа бетін көрмей жатып, алда әлі оқырмандарының одан қандай әсер алып, өзгелерге де құныға оқуға кеңес беретіндіктеріне дейін де көз алдына елестете бастамады ма?! Жоқ, тіпті, бұл өзінің сондағы талай ондаған, жүздеген беттерді құраған «Пугачев бүлігінің шежіресі» әбден жазылып болып, енді оның қалың қолжазбасын өзі қайтара бір қарап шығып, артынша оныларын мәшіңкеге бастыртып, үстінен тағы бір мәрте мұқият қарап, Петербургтегі баспаға өткізердің аз-ақ алдында, өзінің байырғы досы Дальға кездесіп қалмасы бар ма?! Неткен сәттілік еді?! Осы бір күзде бұның өзі де өндірте көп жұмыс істеген еді-ау! Жүрекке жылы тиер жырлар туындату ғана ма, жоқ, бұл сол бір күндерде қолы бір қалт еткенде, жер-жерге өзінің сағынышты сезімге толы хаттарын да жөнелтіп жатпады ма?! Бұның өз хаттарын әманда қысқа жазатын әдеті бар-ды. Сондай бір қысқа ғана қайырған хаты Даль досына жөнелтілгендігі анық есінде! Бұл онда «достармен сыр бөліскенше асықпын» дегенді де қоспады ма?! Одан бір хабар келуге тиісті болатын. Ендігі болмағанда, бұның өзі-ақ оны іздеп бармақ еді ғой!
Бұл өзі тағы да күз күндерінің бірі болатын. Осы күзде өзі де әбден шабыт құшағына еніп, тек ертеңді-кешке дейін тек бірыңғай жазу столында отыра бергісі-ақ келмеді ме?! Бәлкім, бұның сонда бір сәт бой жазғысы, не Петербургтегі әлдебір шаруаларының қамымен жүргендігі де сол шығар, әйтеуір, сол жолғы күзгі Петербургтегі кездесулерінің бұл үшін өзіндік бір кереметтері тағы толып жатыр еді.
Бұл бір көптен күтілген сағынышты да кездесу болатын. Дархан көңілді Даль ғана емес, бұл сол күні өзінің астаналық қаладағы тағы бірқатар достарымен де шұрқыраса көрісті. Бұны көргендігіне олар да мәз еді. Рас, бұл өзінің сондағы бұл қуанышы қойнына сыймай отырып, достарына жаңа бір жырларын да оқып берген. Бәрі жалма-жан дуылдата қол соқты. Әлгінің арасында үзіліс жарияланып, кейін бір реті келгенде, Пушкин өзінің қарсы алдында тұрған Даль досына жата кеп жармасып:
– Владимир Иванович, осы сіз сонау Орынбор мен Оралдың, сол жақтағы Еділ мен Жайықтың аралығындағы Ішкі (Бөкей) Орданың тарихы мен сондағы жергілікті тұрғындардың рухани әлемін елдің бәрінен де жетік білесіз ғой. Оның үстіне, сіздің жазушылығыңызды былай қойғанда, этнограф, лингвист, энциклопедистігіңіз тағы бар емес пе?! Жо-жоқ, ғафу етіңіз, Владимир Иванович, мен сізді бұл жерде тап бір сынайын деп тұрғаным жоқ, шын-ақ білгім келгені, тек сіз маған бұл жерде өзіңіздің шыныңызды айтыңызшы?! Мен анада Жайықтың жағалауында болғанда, Оралдағы ордалық қазақтардан «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанын жазып алған күннің ертесіне асығыстау болса да, ордалықтардың өз ауыздарынан Қыз Жібек деген арудың есімін естіген едім… Сенесіз бе, ол да баяғыдағы Баян сұлу сынды байырғы жергілікті қазақтардың үкілеп өсірген айдай сұлу аруларының бірі болса керек… – дей келіп, Қыз Жібекке қатысты әрі қарайғы өзі білмейтін жәйттерді тағы қазбалап сұрай бастағалы отыр еді, Владимир Иванович бұның сондағы бұл тілегін бірден-ақ түсіне қалды. Сәлден соң, ол өзінің үстіндегі кестелі, тік жағалы көйлегінің өңір тиектерін асығыстау ағытып жіберіп, тіптен көздері жанып:
– Александр Сергеевич, сіз ондағы қалың қазақтардың арасына аңыз болып тараған Қыз Жібек туралы жақсы білмесеңіз де, әсіресе, сол Ақ Жайық өңіріндегі қазақтардың арасында ұрпақтан-ұрпаққа аңыз, жыр, дастан ретінде айтылып келе жатқан рухани мұраның ең бір өзекті жеріне дәл түстіңіз!.. Сеніңіз-сенбеңіз, өз ретінде бұл да сіздің «Руслан мен Людмилаңыз» сынды ғажайып бір махаббат дастаны еді ғой!.. – дей қалды.
Жоқ, бұл сонда қазақ фольклорындағы Қыз Жібекке қатысты тағы көп жәйттерді осыншама білгісі-ақ келіп тұрса да, сөздің парқын біршама жақсы білетін, алайда, өзінің аузынан шыққан әрбір сөзді айбайлап қана айтатын Владимир Ивановичтен дәл бұндай оқыс жауапты күтпеген еді.
– Қалай-қалай дейсіз? – деп, енді өзі Дальдің қасына дейін біршама жақын келіп, сосын оның сөздеріне өзі мұқият құлақ түрді. Ал, Владимир Иванович болса, бұның сол әлгі көрсе көз тойғысыз Қыз Жібектің тарихына неліктен қатты аңсары ауып, қолайы келсе, соңыра сол әлгі Еділ мен Жайықтың аралығындағы Бөкей Ордасына осыншама барғысы-ақ келіп жүргендігінің сырын анық білмесе де, бұның әу бастағы өзіне қойған сұрағына орай, тағы да ықыластана үн қатып:
– Александр Сергеевич, егер, сіздің шын-ақ білгіңіз келсе, айтайын: мен осы кезге дейін империялық елдің әр өңіріндегі халықтардың аңыз, ертегі, жыр-дастандарын тыңдап, бірқатарын кезінде өзімнің қойын дәптерлеріме жазып алып жүрсем де, дәл мына «Қыз Жібек» дастанындай көркем дастанды бұрын-соңды еш жерден де кездестірмеген едім!.. Бұл өзі өте бір көлемді, әрі ұзақ жырланатын да дастан еді! Мен де кезінде қызмет жағдайымен сапарлап жүріп, дәл сол әлгі сіз айтып отырған Бөкей Ордасында болғанда, бұны алғаш рет сондағы Хан Ставкісінде ұйымдастырылған домбырашы-жыршылардың ауыздарынан естіген едім!.. – дегенді айтты.
Оның арғы жағындағысын, яғни, Қыз Жібек туралы дастанның лиро-эпостық қана емес, кәдімгідей кең тынысты эпикалық аңыз-жыр екендігін, әрине, бұның өзі де бірден-ақ біле қалды. Тек сондағы Даль айрықша маңыз берген шығармадағы Төлегеннің бейнесіне дейін ұзақ уақыт бойына өзінің көңілінен бір шықпай, тағысын-тағы ағыл-тегіл ойға қалдырғандығын қайтерсің?! Төлеген және «Қозы Көпеш – Баян сұлу» жырындағы Қозы Көрпеш! Екі бірдей ғашық, бірақ, екеуі екі бөлек бітім! Екі бөлек ұлы дастан, олардың екеуі де ғашықтық сырын шерткенмен, бір-біріне еш ұқсамайтын бөлекші бітімді дүниелер емес пе?! Эһ, кешегі күндері бұл өзінің атақты «Руслан және Людмиласын» жазғанда, тек бір орыс өмірінде ғана емес, өзге халықтардың өмірінде де тағдыры бөлек осындай ғашықтар болатындығын қалай ғана сезе қалды десейші?! Жоқ, бәлкім, бұл жердегі басты мәселе онда да емес шығар?!
Сондағы сол кездесуден бері де арада тағы көп уақыт өткен. Алайда, өзінің Даль досының сондағы айтқандары әліге дейін де есінен бір шығар емес!
– Александр Сергеевич, жаңағы сіз айтқан «Қыз Жібек» жырының бір ғажайыбы оның поэтикасында еді ғой! Бұндай асқан шабытпен жырланып, үлкен көркемдік өрімдермен кестеленген ұзақ жырды қапелімде немен салыстырарыңды да білмейсің?! Бұйыртса, соңыра оны әлдебір қолжазбалардан сенің өзің де оқып, не соңыра бөкейліктердің арасында болғанда, сенің өзің де мұқият тыңдап көресің ғой! Жырдағы Қыз Жібектің сұлулығы мен көрсе көз тойғысыз келбеті, оның сондағы күтім, жарасымын суреттеген тұстары тіптен-ақ ғажайып! Төлеген сонау Қара теңіздің жағалауындағы өз елінен Жайықтың етегіне дейін осыншама артынып-тартынып келіп тұрып, енді иен Жайықты бойлап, жоғарыға қарай бағыт алған көш-көліктің арасына дейін барып, Жібекпен оңашада бір жолығысып, бетпе-бет жүздесуді мақсат етпей ме?!
– Иә, достым?! – деген еді-ау бұл сонда оны қостап, әрі өзі тіптен-ақ аңсарлана қалып.
– Көш қой бұл! Бұл өзі бір шеті мен бір шетіне қапелімде көз жетпес нағыз бір ұбатып-шұбатылған қазақ көші емес пе?! Төлеген сонда қапелімде өзінің арынын тежей алмай, асау тұлпарымен желе жортып отырып, алдағы бір көштің алдындағы жасаулы көлікке таяп келіп: «Мына бір ару өзінің жасауы мол, керемет ару екен, сірә, мен іздеген еркесылқым Қыз Жібек осы шығар-ау?!» – десе, әлгі ғажайып та оның дәл өзі болмай шығады! Осылайша тағы талай көш-көліктің алдындағы жасаулы түйеге мінген, арғымақ атты ерттеп мінген талайғы көрсе көз тойғысыз арулардың алдарына дейін де барып, күн дидарлы Қыз Жібекпен енді ғана табыстым ба десе, ол да дәл Төлегеннің өзі іздеген Жібектің өзі болмай шығады! Осылайша тағы талай шумақтар жырға қосылып, тыңдаушының көз алдынан тағы талайғы ғажайыптар өтеді. Па, шіркін, сондағы соның бәрі қандай асыл сөз, қандайылықты биік көркемдік деңгейде берілген еді десейші?! – деп, Даль досы бұрын өзі қаншама жерден қызығып, құмартумен болса да, сол жырға тағы қаралай қатты аңсары ауып, бұны да сондағы өз сөздерінің шындығына сендіруге әбден-ақ барын салмады ма?!
Осы сәт бұның есіне кешегі күндері «Пугачев бүлігінің шежіресін» жазуға қажетті материалдар жинау мақсатымен Оралға барған сапарындағы тағы бір аңызға бергісіз оқиғаның да сап ете қалғандығын қайтерсің?! Рас, басында бұл осы сапардың бұрынғы өз басында кездескен алысты-жақынды сапарлардың бәрінен де асып түсіп, дәл бір өзі күткендегіден де мол олжаға кез боларын білмеген еді ғой! Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың ғашықтық дастандары арқылы, бұл, шыны керек, өткен ғасырлардағы орыс патшасымен белгілі бір мәмілеге келген Әбілқайыр хан, оның заманы, елі, атақты әміршінің ұрпақтары, олардың тағдыр талайы, орыс елімен шекаралас аймақтағы қазақ халқының өмірі, рухани әлемімен де барынша жақынырақ танысқандай болып, ал, енді Оралдан аттанып кетерде, сол далалықтарды өзге жұртқа жаңа бір қырынан танытып, қазақ халқының да әлемнің өзге бір озық ойлы, өз келешегіне, келер ұрпағының тағдыр-талайына ешқашан бейжай қарай алмайтын рухы мықты халық екендігін анық сезіне бастамады ма?! Оған себеп – сондағы қос шекті домбыраның сүйемелдеуімен айтылмай қалған Қыз Жібек хикаясы, Қыз Жібек аңызы, Қыз Жібек дастаны еді ғой! Рас, бертінде бұның өзінің де Даль досы айтқан: «Далалықтардың бұл ғашықтық дастаны да сенің Руслан мен Людмилаңның ғашықтық дастандарымен үндес, рухтас болып келеді. Мұңы қалың, сыры терең бұндай көркем дүниелер өмірде тым сирек қой! Солай емес пе, достым?! » – дегендегі тұжырымдарымен келіспеске амалы қалмаған еді ғой! Ал, сол Оралда, сондағы Хан тоғайындағы атаманның саяжайында бұған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» дастанын әуелетіп әнге қосып, әдемілеп жырлап берген, артынша өз ана тіліндегі сол айтқандарының ең негізгілерін мүмкіндігіне қарай аудармашылардың көмегі арқылы орысша сөйлетіп, тәмам енді бұл қоңыраулы күймемен қайтадан алыс жолға аттанып кетердің аз-ақ алдында, Қыз Жібекке қатысты тағы бір қызықты дүниені бұның құлағына жеткізуге тырысқан жыршы, домбырашының өзі ше?! Ол кім?! Ол бұндай өнерге қалай жеткен?! Оның сондағы бұның назарын Ұлы даладағы өз қандастарының рухани өмірінің бір үлкен қайнарына айналған мол қазына – «Қыз Жібек» дастанына аудартқысы келгендегі басты бір ойы неде еді?! Осының бәрі әзірше бұл үшін әлі де жұмбақ күйінде ғана қала бермеді ме?! Бірақ, сондағы Жайыққа жасалған сол сапар бұл үшін, шынында да, өмірі бір қызығы таусылмайтын ерекше бір сапар да болған еді-ау! Еділден өткеннен кейін-ақ басталмады ма кешегі өткен сол «бүлікшілер жыры»! Бұл сонда жолай өзіне қарсы кездескен куәгерлерден сұраудан, сондағы бүлікшілер жорығы, оған қатысушыларға қатысты қайсыбір дәлел-деректерді тәптіштеп қазбалаудан танбаса, сондағы өзін ортаға алып, сол бір жарасы ұзақ уақытқа дейін жазылмаған қасіретті жылдарға тікелей куәлік еткендердің бәр-бәрі, әйтеуір, бұған алдағы бұл жазбақ болған қалың шежіреге бір қажеті болар деген талай сырды айтып, жорық жолдарына қатысты бұның өзі білетін мұрағаттық деректерінің мазмұнын үсті-үстіне тағы да толықтыра түспеді ме?!
Пугачев бүлігі, оның Оралға дейінгі жүріп өткен жорық жолдарымен ақын талайғы іргелі қалалардағы мұрағат қоймаларында мұқият сақталған көне құжаттар арқылы біршама жете таныс болғанмен, ал, кейін Орынбор губерниясына қарасты Берді слободасында болғанда, бұл кезінде осында бір тұстан тасыған теңіздің толқындарындай-ақ болып, осыншама гүрілдетіп келген бүлікшіл Пугачевтің өз рухымен де кездескендей әсерге бөленбеді ме?! Бір сол Бердінің өзінде-ақ бұл үшін маңызы ерекше қаншама қызықты кездесулері болды?! Бұған сондағы көнекөз қариялар баяғыда өз орталарына арыны қатты жорық басшысы Пугачев келіп дүрліктіргенде, Бердідегі әскери қорғаныстың бастығы болған адамның қызы, бұл кезде жасы жетпістен асқанмен, әлі де сонда тұратын Ирина Афанасьевнамен кездесіп, оңаша әңгімелесіп көруге кеңес бере қалмасы бар ма?! «Сол кісі әлі де бар ма?! Ол соңыра маған қажетті бірдеңелерді айта алар ма екен?!» – «Айтқанда қандай?! Ол әлі де ширақ, шүйіркелескенде, бұрынғының сырын ақтарғанда, әлі де әңгіменің түбін түсіреді», – дейді әлгілер мәз болып. Өзінің кісі жатырқамайтындығы, көпшілдігі, шындықты тура бетке айтатындығы тағы бар. Бердінің қарт тұрғыны, жасы келіп қалған жан болса да, әлі де өз аяғымен жүріп-тұра алатын қайырымды жан Ирина Афанасьевнамен бұл алғаш Бердіде осылайша кездескен еді. Ол өзінің жас кезінде Пугачевті өз көзімен көрген, талай рет таңырқаған, сүйсінген, әрі жек көрген, бірақ, ол Бердіге келген кездегі болған, қаншама қанды іздері қалған қилы-қилы оқиғаларға қатысты драмалардың көпшілігіне тікелей куәгер болған өз әкесінің аузынан талай рет естігендіктен, оның сондағы әңгімелері кәдімгідей сенімді, әрі өте жанды да, әсерлі болып көрінген. Бірақ, бұл көненің аңызы емес, өмірде шын болған тарихи оқиғалар тізбегі еді ғой. Нағыз бір сол өңірдегі Пугачев бүлігінің дүрбелеңі әбден белең алған шақта, екі бірдей жергілікті офицер бекініс комендантының қызы Маша Мироноваға өлердей-ақ ғашық болып қалмай ма?! Дәл сол өзінің Даль досы айтқан «Қыз Жібек» дастанындағы Төлеген мен Бекежан сынды, бұндағы ғашық жандар Швабрин мен Гриневтің арасында да ғашықтық сырларға қатысты шырғалаңы мол бір үлкен кикілжің басталады. Оқиға күн өткен сайын әбден ушығып, олар ендігі жерде бірі-бірімен оңайлықпен бітісе алмай, ақыры бетпе-бет айқасқа шығады.
Осының бәрі ақынға қатты әсер етті. Пушкин сонда-ақ «мен бұл оқиғаны соңыра қалай да жазамын» деп, өзіне-өзі іштей бір уәде де берген еді, рас, бұл сол жолы әлгі бір тар замандағы махаббат хикаясына қатысты талайғы шым-шытырық оқиғаларды көзі тірі куәгердің өз аузымен айтқызып алғаннан кейін, өзінің алғысы ретінде Ирина әжейдің қолына азды-кемді ақы-пұлын қыстырып, кейуананы тағы біршама разы етіп кеткенмен, бертінде өз алдына бір әңгіме етуді тіленіп тұрған осыншама ғажайып махаббат драмасын «Пугачев бүлігінің шежіресіне» енгізе алмады. Енді соншама көп ізденіп, қаншама уақыт бойына үлкен еңбекпен жазылған тарихи еңбегі біржола аяқталып, қолжазба әлдеқашан баспаға да ұсынылған болатын. Бірақ, Пушкин өзінің Бердідегі капитан қызының өз кезінде ел құлағын елең еткізген махаббат драмасына қатысты қолжазбасы әліге дейін өзінің жұмыс кабинетінде шикілі-пісілі күйінде жатқандықтан, бұның да көптен бері соған қайтып оралуға еш мазасы болмай жүрген еді. Хе-хе-хе, міне, бұл енді өзінің көргені, білгені көп, әрі әрбір сөзі саф алтындай-ақ салмақты Даль досының Қыз Жібек оқиғасына қатысты әңгімесін үлкен ынта-ықыласпен тыңдап болысымен, капитан қызының махаббат дастанын әрі қарай тағы қалайша құлпыртып, оны алда әлі оқырмандарға тағы қалайша қызықты етіп баяндап берудің де арнасын тапқандай-ақ болғандығын қайтерсің?!
Өзінің сондағы қуанышында бір шек болмады. Болдинаға келісімен, бұл өзінің алдағы үлкен қуанышына айналар «Пугачев бүлігінің шежіресі» өз алдына бір кітап болып жарық көруін тосып жатпастан, сондағы Пугачев жорығы, не Пугачев бүлігі тарихының тағы бір ұзақ шежіресі, сазы, не соның әуен-ырғағымен өзінше ғұмыр кешер жаңа бір көлемді шығармасына да қызу кірісіп кеткен. Ақынның алғаш өзінің қолына қалам ұстап, жырдан маржан төгілдірткен, не драмалық және прозалық дүниелер жазған қай кезең, қай жылдарына үңіліп қарасаң да, оның шығармашылығындағы айтулы шедеврлары тіптен-ақ көп кездесетін. Оның ең мықты деген жырлары үнемі жырсүйер қауымның жүрегінде жатталып, ұдайы айтулы жыр кештерінің төрінде ғана жырланумен келсе, драмасы мен прозасы да ауыздан ауызға ілігіп жататын. Рас, оны өз замандастары мен қатарлас-қаламдастарының өздері-ақ кезінде талай рет құрдымға кетіріп, ендігі біреулері оны небір тәтті сөздермен мақтағанда да, әбден-ақ шығандатып, талай мәрте түу алыстағы көз жеткізбестей шыңдарға дейін де шығарған еді. Шын мәнінде, бұл өмірде, сонау патшалық дәуірдің әбден шырқап тұрған шағында солай болуы мүмкін бе еді, бұл тұрғыда «мүмкін», не «жоқ» десе де еш артықтық етпейтін шығар. Сөйте тұрса да, ұлы ақынның тірлігінде дәл өзі қалағандай еш алаңсыз отырып, шалқыған шабыт құшағында жұмыс істейтіндей бір тұрақты кабинеті де болмапты. Бір шығармасын толғатып, енді ғана жазуға отыруға мұқият даярланып жүргенде, оның еріксізден-еріксіз орын ауыстырып, мүлдем бейтаныс өңір, мүлдем бейтаныс адамдардың арасына тап болған кездері де көп еді. Бұндайда ақынның өзі де оңашада өзін-өзі келеке қылғандай-ақ болып: «Ал, Александр Сергеевич, қаланың шулы тірлігіне қаралай басың айналғандай болып, ылғи да еркіндікті, кеңістікті ғана аңсайтын едің ғой! Енді желдірте шап, енді сені бұнда ешкім де, ештеңе де тоқтата алмайды! Жосылт-жосылт!» – деп, жәй ғана миығынан бір күліп алатын. Солай бола тұрса да, ол кейде өзінің әлгінде ғана соншама шүпілдеп тұрған телегей-теңіз ойларын әп сәтте-ақ жыр тіліне айналдырып, қашан ақ қағаздың беттеріне төгілдіртіп түсіргенше іштей қатты асыққандығымен, тәмам енді жазу столына барып отырған шақта, әрі қарай оның қаламы мүлдем жүрмей қалған шақтары да көп кездескен. Отырады, тұрады. Кейде қалың қасын керіп, кілт ойланып қалады. Сия сауыты мен қауырсын қаламы үнемі жазу үстелінің үстінде даяр тұрғанмен, ол сондайда қапелімде соның өзіне әшейінде қылпылдап тұратын шапшаңшыл қалын да соза алмайтын. Баяғыдағы айдаудағы күндерде, не сондағы айтуға аузың бармас қатаң жазаға ілігуге шақ қалып, өзінің қара басын әреңдеп арашалап алып қалған кездерде ғана емес, кәдімгі астаналық қалада және тыныштығы мол Болдино мен Михайловскіде де осындай жағдайға талай рет тап болды емес пе?! Солай! Бұл сабазың әр таңда, тым құрыса, өлеңнің жаңа бір тармағы, не бір жолдық тағы бірдеңе жазбасам, ішкенім ас болмайды деп жүріп, сондайды да талай мәрте өз басынан өткерген еді ғой! Тұтастай ғұмырында тек бір өз қаламына арқа сүйеп, сол киелі қаламының арасында ғана күн кешкен адам үшін бұның азабы шамамен қандай болатындығын қапелімде сөзбен айтып жеткізу, сірә, мүмкін болмас. Әшейінде жәйден-жәй ерігіп отырып, өзінің қолы осыншама қылпылдап, стол үстінен бір парақ ақ қағазды алып, әлгінің үстінен қаламымен оңды-солды шимайлап, әртүрлі кескіндеме, суреттер салғансып, әйтеуір, дәл сол сәтте ойына не келсе, соның бәрін бейнелеп, соның өзінен де өзгеше бір түйін жасап, тұйықтан шығудың тағы бір оңтайлы амалын табуға шебер ақынның бұндайда қапелімде ештеңеге зауқы соқпай, оқырын орнынан тұрып кететіндігі де бар еді. Бақтың ішіне барып, әрі-бері ұзақ серуендей бастайтын. Кезінде өзі жазған, бүгінде өзінің кітаптарына ғана енгендігі болмаса, жер-жердегі жырсүйер қауымның өз сүйікті өлеңдеріне айналып, әлдебір алқалы жиындарда солардың өз «мендерін» айту үшін де соншалықты сезімге беріліп, мәнерлеп оқитын өлеңдерін бейнебір солардан қарызға сұрап алғандай кейіпке еніп, өзі де іштей сан рет қайталай бастайтын. Бір жырдан соң, келесі бір жырларды толқытатын. Сондайда өзінің көңілі біраз көтеріліп, кеудесі де әбден-ақ тола бастайтын. Соңғы кездері ақын өзінің онысынан да жаңылысайын дегендей, кейде бір орында кәдімгідей болмашы ғана бір нәрсеге қадалып, ұзақ ойланып отырып қалатынды шығарды. Терезеге қарайды, кеше ғана сүртіліп, тазаланған терезе шыныларының бетінен әлдебір айғызданған көмескілік пен өрмекшінің торына ұқсаған болар-болмас айқыш-ұйқыш сызықтарды ғана көріп, әлгіден өзі қаралай түңіліп те кете жаздайтын.
Бір жыл, не екі жыл ғана емес, ақын жанын әрқалай сынаққа салғандай, бұндай құрсаулар ақын ғұмырында кешегі күндері Жайықтың жағалауына дейін сапарлап бармас бұрын да жиі-жиі кездесіп отырған. Бәтір-ау, ақын сонда кеше ғана жолға шығамын деп жүріп, осыншама аптығып, тағы қаншама күндер бойына да небір мазасыз күйді бастан кешпеді ме?! Қоңыраулы күйме бұрынғы қай кездегісінен де тездетіп жүріп, жолай әлдебір шағын тоғай арасындағы аң, құстарға дейін үркітіп, өзінің діттеген жеріне дейін әбден жетіп те үлгеретін! Деревнядағылармен қауқылдаса көрісіп, өзінің тамағын да жақсылап ішетін. Көңілі тіптен-ақ көтеріңкі еді. Дегенмен, бұл әйтіп-бүйтіп, іштегі қайнап жатқан әлдебір дүниелерін төгілдірте жазып тастап, жазу столының басынан қайта тұрғанда, кейде, тіпті, мезгіл әбден іңір шағы да болып қалатын. Даладағы ақ түн бұндайда бейнебір сені өзіне қарай шақырғандай-ақ болып, орта жолдан қаралай тағы ұзақ кідіртер еді. Әйтеуір, бұл әр жолы Петербургте, не Болдинода өзінің біраз уақытын өткеріп, Михайловскіге келген сайын, ылғи да осындағы ақ түндерге ерекше назары ауып, кейде іңір шағында, кейде кезекті бір шығармасын тым кештеу аяқтап, төсегіне енді ғана қисаярдың аз-ақ алдында далаға шығып, дәл бір күндізгідей-ақ болып, маңайдың бәрін аппақ шуақты нұрымен нұрландырып, жүрек қылын шерте түсетін түн құпияларымен тілдесіп, сырласқандай-ақ болатындығын қайтерсің?! Жо-жоқ, түнгі әлем, түнгі Ресей аспанынан бұл ешқандай жұмбақ сыр түйген артық-ауыс ештеңені де кездестіре алмас еді. Түнгі әлем, түнгі бусанған тіршілік көгі бәз бір баяғыдағы өз ата-бабалары бай-бақуатты, еш қайғы-мұңсыз ғұмыр кешкен алтын ғасырды да елестеткендей ме, қалай?! Осындайдағы түн құшағы кейде бұған: «Александр Сергеевич, шабыт тек шабытты ғана шақырады. Сіз енді орта жолдан тоқтамаңыз! Жаңа, соны жыр жолдары келесі бір арналы, терең құйылыстарға қарай жол сілтеп, сізге де ерекше рухани күш беруге тиіс қой!» – деп тұрғандай болатындығын өзі де қаншама рет түйсінбеді десейші?!
Сол күнгі «Пугачев бүлігінің шежіресіне» кірісетін түнде бұған баяғыдан бері таныс, әрі өзі Михайловскіге әр келген сайын, құшағын кең ашып, жүрегінің ыстығын ғана сездірер ақ түннің тұтқынына да берілгендей болды ма, қалай?! Бұл әлгінде ғана өзінің түптегі жазу бөлмесіндегі кеш бойғы бұрқырата жазған қағаздарын реттеп, қаламын стол үстіне қойып, іргедегі жарығы мол шамды өшіріп, далаға қарай беттегенде-ақ терезелерден өзінің ақ шуақты нұрға толы сәулесін түсіре бастаған түн құдіретін кәдімгідей-ақ анық сезіне бастаған. «Бол-бол, тезірек бері қарай кел!» – дегендей бір нәзік те, жұмбақ үн қатар-қабат естілгендей еді-ау. Рас, Александр Сергеевич, сол сәтінде-ақ өзінің кеш бойғы тұнжырап, жазу столының басында ұзақ отырып қалған қиналыстары мен шаршағандығының бәрін де есінен шығарып, өзін тым жеңіл, әрі сергек қалпында-ақ сезіне бастаған. Енді сыртқы есікті ашып, далаға шыққаннан кейін, алда әлі өзінің қалай қарай жүріп, не ауладағы қай тұсқа барып отыратындығына да мән берместен, айлы түннің сүттей аппақ болып тұнған тұнығына осыншама сүйсіне көз салған. Па, шіркін, бұл осы кезге дейін де қаншама рет осындай айлы түннің құшағында рахат күй кешіп, қиялын қаншама рет емін-еркін самғатпады екен десейші?! Бұндай ақ түндер бұған ылғи да өзінің алдағы күндеріне де жарығы мен нұрын молынан себелеп, ақ тілеу тілеп тұрғандай-ақ емес пе?! Осы кезге дейін де қаншама рет солай болмады?! Дәл осындай ақ түндер бұның өзінің Михайловскідегі ең бір шабытты, арман-қиялдарға толы, әрі ертеңгі күндерінің жол-соқпақтары мен арналы тірліктеріне қарай жол ашқандай да болып жатпайтын ба еді?! Иә, қай кезде келсе де, бұның бұндағы өткізген күндері ешқашан да жеміссіз болған емес! Сосын ба, қайдан, кейде бұл өзінің кезекті бір жаңа шығармасын аяқтап, оның сәттілігіне, сан мыңдаған жүректерге ертең-ақ өзінің шапақты шуағы мен жүрекке әсер етердей жылуын себелеріне анық көзі жеткендіктен, тек бұл сәттегі өзі ғана емес, алып империялық елдегі сан мыңдаған, миллиондаған оқырмандарының да өзімен бірге қуанып, бірге жасағандықтарын қалап, ертесіне ала таңнан тағы да рессорлы арбасына аттарын жектіріп, көшірін бірден сонау астаналық қалаға қарай шаптырта жөнелетін. Әрі сол жағынан оның бұның Петербургтегі әлдебір жуан әдеби басылымдар мен газеттерде жарық көрген жаңа бір дүниелері мен өзіне қатысты мақалалар жарияланған жаңа бір нөмірлер мен ондағы достарының өзіне деген хат-хабар түріндегі сәлемдемелерін де қоса-қабат алып келетіндігі тағы бар. Бірақ, ақын бұл жолы артық-ауыс көп ештеңеге алаңдамай, жазу столына кәдімгідей шаншылып, ұзақ отырды. Өзінің бұрынғы Жайыққа бара жатқанда, жолай сондағы небір үлкенді-кішілі деревнялар мен станицаларда, әрісі Орынборда және Оралда болғанда, тіпті, қайтар жолдағы қойын дәптерлеріне жазып алған тағы қаншама дүниелерін де сәтімен пайдаланды, бірақ, тұтастай алғанда, бұл өз алдына бір көлемді романға айнала бастағандай да болмады ма?! Ақын енді өзінің әлдебір көркемдік шешімдерімен әлгі бір тарихи өмірдегі шын болған кезіндегіден де қызықтырақ болып келе жатқан шым-шытырық оқиғаларды көзі тірі куәгер Ирина әжейдің де, романдағы басты образға айналып отырған капитан қызы Машаның да аузымен емес, гарнизондағы капитан қызын алғашқы бір көргеннен-ақ ғашық болып, өзінің сол ынтық көңілі күн өткен сайын ұлғайып, үлкен драмалық оқиғалардың шиыршық атуына дейін де себепші болған, ал, енді өзінің көркемдік қиялдауынша, бүгінде егде тартқан помещик Петр Андреевич Гриневтің естелігі ретінде, оның өз аузымен де айтқыза бастады. Романы сәтсіз де шықпаған, бертінде араға жыл салып, бұның бұл шығармасы да «Капитан қызы» деген атпен өз алдына бір жеке кітап болып жарық көрген. Содан былай, бұның өз өміріне үлкен бір қуаныш әкеліп, бұрынғы ақын, лирик Пушкинді ендігі жерде тарихшы, прозашы Пушкинге айналдырып, атағын бұрынғыдан да аспандата түскен осынау қос бірдей көлемді шығармасын кезек-кезегімен өзінің қолына алған сайын, бұның есіне кешегі өткен бүлікшіл Пугачевтің жорық жолдары, не оның өз өміріне қатысты тағы талай томдарға дейін жетерлік оқиғалары ғана емес, алыстағы Ақ Жайық, алып дарияның ірге түбіндегі жасыл желекке оранған Орал қаласы, сондағы ордалық өнерпаздар, солардан алғаш өзі есімін ғана естіген Қыз Жібек, әрі өзі сол жолы Оралдан аттанып бара жатып, сондағы өзімен қиярда-қимай қоштасқан ордалық өнерпаздарға «келер жылы қырда кездескенше» деп, үздіге үн қатқандығына дейін де әлсін-әлсін есіне түсе беретін. Ал, шындап келгенде, бұл өзінің сондағы оларға берген уәдесін орындауды мүлдем ұмытып кетті ме?! Жо-жоқ, айта көрмегін, ондайды; қайта келер жылы бұл өзінің талай жүздеген беттік «Пугачев бүлігінің шежіресін» аяқтап, оны тездетіп баспаға өткізіп тастаған соң, бірден Ішкі (Бөкей) Ордаға қарай тайып тұрғысы келген.

(Соңы. Басы №1,2 сандарда)

Алдыңғы «
Келесі »