«Қилы заман» кітабына кірмей қалған оқиғалар

  • 20.03.2019
  • 294 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жексен Алпартегі,
журналист

Атақты жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» кітабының бас қаһарманы Ұзақ батыр жайлы әңгімені бала кезде естіп өстік. Ол кезде жазушының кітабы қолымызға тимеген. «Ұзақ батыр былай депті, батыр айтыпты, батырдың шешімі солай болыпты» деген қызықты деректерді көнекөз қариялар айтып отыратын. Сол әңгімелерге біздер жете мән бермеппіз. Себебі, Кеңес заманында «байдың, батырдың тұқымы, үстем тап өкілінің ұрпақтары, молданың баласы» деген сөздер көп айтыла бермейтін. Бұлардың бәрі халықтың жауы деген пікір қалыптасқан еді. Ал, кейбір кісілер ғана олардың ұрпақтарын көргенде «жақсының көзі, алтынның сынығы» деп өткеннен сөз қозғайтын. Кеңес заманның сұрқия саясаты туысқан мен бірге туғанды, бауыр мен бауырды бір-біріне қарсы қойған уақыт араға көп жылдар салып барып өзгергені рас. Ұмыт болған әңгіме араға көп жыл салып барып, қайта айтыла бастады. Ол еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жабық әңгіме қайта қозғалды. Сондай әңгімені өткен жылы 96 жасында қайтыс болған сарыбастаулық Рахман Төкебаев деген қария айтатын. Қария 1930-1932 жылдардағы ашаршылықта әке-шешесімен шекара асып, Қытайдың Көкдала деген жерінде сегіз-тоғыз жасында Сағымбек Сәнтаев деген молдадан сауатын ашыпты. Құранның қыр-сырын бала кезде меңгерген қария ұстазы жайлы бір әңгімелескенімізде айтқаны бар еді. «Бізді оқытқан Сағымбек молда өте білімді және арабша, парсыша жақсы білетін, атағы алты алашқа белгілі Жүсіпбек қожамен араласқан кісі еді. Мен ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Кейін Сағымбек молда туған жері Шалкөде ауылына келіп, еңбек етті. Ілімді кісі кеңес заманына қажет болмай қалды. Өмірден озғанда бардым» деген. Ғасыр жасаған Рахман қария дүниеден өткенше тік жүріп, бес уақытты намазын қаза қылмай, мешіттегі жұма намазға да барып тұрған. Шақырған жердің төрінде отырып, мағыналы әңгіме айтуы да көпке үлгі болатын. Қарияны ауыл емес, аудан да таныған. Бір қызығы әйгілі жазушы М. Әуезовтің «Қилы заманында» Ұзақ батыр мен басқа кейіпкерлердің кітапқа енбей қалған жерлерін көп отырған жерде әңгіме етіп, көтеріліске қатысқандар жайлы айтушы еді. Көнекөз қарияны іздеп келіп, сәлем беретіндер де аз болмаған. Бізде ол кісімен көзі тірісінде әңгімелескенбіз.
– Мен Ұзақ батырдың Қарқарадағы Ереуіл төбеде сөйлеген жеріне екі рет бардым. Алғашында көтеріліс басшыларына ескерткіш орнатамыз деп, ауылдың үлкені ретінде барсам, кейін орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатына қатыстым.Батыр Ұзақ, данагөй Жәмеңке, Тұрлықожа және басқалар туралы елден естігенімді айтып бердім. Оны бала кезімде үйімізге келген үлкен қариялардың қолдарына су құйып жүріп, естіген едім. Олардың батасын да алғанмын. Ауылда Ұзақтың әкесі Саурық батырмен бірге туған Сәскенің немересі, жарықтық Рамазан қария көненің көзі болды. Ол кісі де 1916 жылдағы Қарқарадағы Албан көтерілісі, көтеріліс басшылары – Ұзақ, Жәмеңке жөнінде көрген білгенін отырған жерде айтқанына талай куә болды. Сөзге шешен, тілге жүйрік, ділмар Рамазан қарияның сондағы айтқан бір әңгімесі күні бүгінге дейін ел айтып жүр. Бұл әңгіме ертеде Талдықорғанның Жаркент жағында Қараөлең деген жерде суан елінің Мұқа деген болыс әкесі Баймұқанға үлкен ас беріп, үш дуанға сауын айтыпты. Мұқа ол кезде дүркіреп тұрған кез болса керек. 16 жасында билікке араласып, ысылған кезі екен. Және де суанда Стамшал деген кісі көп жыл болыс болғандығын ел айтып жүрген кез деседі. «Жаңа сайлау тағы бар, Стамшалдың бағы бар» деген сөз содан қалыпты. Мұқа әкесінің асына 70-80 киіз үй тігіп, ұлан-асыр ас бергенде оған қырғыздан және орыстың оязынан да қонақтар келіпті дейді.
Біздің жақтан Солтанқұл бастап, Ұзақ қоштап, асқа кешіңкіреп барса керек. Тіккен үйлеріне түсейін десе, оған түсірмей ояздың адамдары кіріп кетті деп, басқа үйге түсіріпті. Бұған Солтанқұл ашуланып, «Шақыр ана Мұқаны, мұнысы несі, құрметтеп шақырған қонағына сыйы осы ма, біз кетеміз» деп ренішін білдірген. Қонақтардың кетеміз деген сөзі Мұқаға жеткенде, болыс асыға-үсіге үстіне мәуіт шапанын киіп, құла атына міне салып келген. Солтанқұл Мұқаның сәлемін алар-алмастан: «Енеңді ұрайын, нәзіріңе шақырып алып, шекпенінің жағасын түзегенше, қонақ күтетін үйіңді неге түземейсің ?» деп ренішін білдіріп, кетеміз депті. Солтанқұлдың бұлай тіксіне сөйлеуі байлығы өрлеп, саудасы жүріп тұрған уақыты деседі. Мұқа болса, кінәсін мойындап, айтарға сөзі жоқ, тек «сіздерге арнайы тіккен үйге ояздың адамдары кіріп кетті» деп ақталыпты. Ояздың адамдарын Мұқа үйден шығара алмасын білген Ұзақ Солтанқұлды сабырға шақырып: «Ана ояздың адамдарына айт, мына, Солтанқұл ағаң айтып жатыр де, өмірден өткен әкеміздің қара орнына дауыс шығарып, құран оқысақ болар еді. Албан-Суан бірге туған бауыр екенімізді білдірсек деген ниетіміз бар. Осыны жеткіз» депті. Мұқа сөзге келмей Солтанқұл осылай деді деп, ояздың адамдары отырған үйге жеткізеді. Олар сөзге келмей «ну, ну жарайды» деп үйді босатыпты. Солтанқұл мен Ұзақ бастаған адамдар дауыс шығарып, Мұқамен көрісіп, көңіл айтады да құран оқиды. Мұны қариялар Ұзақтың тапқырлығы деп айтып отыратын. Аста табақ-табақ ет атпен тартылып, қонақтарға барынша құрмет көрсетіледі. Ертесінде жиылған жұрт атшабыс бәйгесін асыға күтіп, бәйгеге қатысатын неше бір жүйрік аттарды көріп, бағасын беріп жатыпты. Ат сыншылары қырғыздың қос жүйрігіне көздері түссе, енді, біреулері суан мен найманның да аттары жарап тұр десіпті. Осы уақытта көптің алдында Ұзақ батыр шығып, айғайлады дейді. «Уа ағайын, атымның бәйгесін шаппай аламын, бәйге менікі, атымды терлетпеймін» деп, жан-жағына жар салыпты. Бұған жиналған ел аң-таң болады. Кімнің не дерін білмей «мынаған жын ұрған ба, не саңдырағы. Аты шаппай жатып, бәйгемді бер дегені несі?» десіп, батырдың қасына жиналыпты. Танитындар бұл батыр Ұзақ қой дескен. Ұзақтың бұл айғайына ел көнсін бе,«атыңды топқа қос, содан кейін көреміз» деп атын қостырған. Сонда, Ұзақ атының сауырына ұрып: «әкеңнің ауына ұрайын ақтабан, осыдан келсең келдің, келмесең осы жерде басыңды кесіп алып, бас теріңнен шоқай жасаймын» деп, боқтаған екен. Жиналған жұрт Ұзақтың бұл қылығына таңданыпты. Ал, батырмен бірге келгендер «Еке (Ұзақты жақындары осылай атаған), бұныңыз қалай?» деп сұраса керек. Сонда, Ұзақ тұрып: «Осы жолы ақтабан келсе, Ұзақ әулие дерсіңдер, келмесе, мен сендермен бірге бір саймен бірге кетемін» депті. Бәйге аттары алысқа айдалып, кете берген. Ұзақ батырдың шаршы топта бұлай деп дау шығаруының жөні болған. Бәйге аттарын қоя беретін жермен Ұзақ танысып, көзімен көріп шығыпты. Сонда, аттары алыстан шауып келе жатып, Қараөлеңнің бір саздауыт жерін айналып шауып, қайтадан тура жолға түсетін жері болыпты. Сол саздауыт жерді жағалай шапқанда аттың қарғып өтетін өткелін тауыпты. Екпіндей шапқан ат созылып келіп, өткелден қарғып өтетіндігіне көзі жеткен Ұзақ ақтабанды осы жерден қарғытып, өтуге тәуекел жасатқан. «Ат келсе келді, келмесе көреміз» деп атқа мінген балаға көрсетіп, әлгі жерге даяшы қойғызыпты. Батырдың бұлай істеуі орауыз ақтабан жүйріктің жүйрігі болғанымен қырғыздардың қос қара жүйрігінен осы жолы қалып қалады-ау деген күмәні де болған деседі. Ақтабан саздауыт өткелден аман өтсе, бәйгені алатынына кәміл сеніп, дау шығарғаны осыдан болған. Қариялардың айтуынша қырғыздың екі қара жүйрігі де бәйгеден- бәйге бермей ел аузында жүрген кезі болса керек. Осы жолы қырғыздарға бәйгені бермеуді ойлаған дейді Ұзақ. Атқа мінген баланың да атын Рамазан қария айтып отырушы еді. Оның есімі есімнен шығып кетіпті. Бәйгеге түскен аттарды жиылған жұрт асыға күтеді. Оның үстіне Ұзақтың дауы көпшіліктің назарында болып, біраз жұрт әліптің артын баққан. Бір кездері алыстан бір баран көріпті. Жеке дара баран ат көбін едәуір артқа тастап келе жатқанда дүйім халық өре түрегеліп, ат кімдікі екен десіп жатқанда ақтабан орауыз сөреге бірінші болып келіпті. Мұны көрген жұрт қайран қалып, «Ұзақ бекер айтыпты, айтқаны келді, әулие екен» дескен. Орауыздан кейін қырғыздың қос жүйрігі келген. Сонда, ел батырдың бекерге дау шығармағанын, атына сенгенін әңгіме етіп таратса, кейін «Ұзақтың аты жүйрік емес, ақылы жүйрік екен» дегені жалпақ сөз суан мен найманға тарапты. Мұны көп адамдар білмеген.
Ұзақ батыр бір жылдары сотталып, екі жыл тергеліпті. Жазасын өтеп, Тұзкөлде отырған ауылына келеді. Аман-есен келгендігін білдіріп, Айт-Бозымның игі жақсыларын шақырып, құдайы тамақ береді. Батырға сәлем беруге жан-жақтан көп адамдар келсе керек. Солардың ішінде Ұзақты соттатқан Қасаң деген кісі де болған екен. Қариялардың айтуынша Қасаң Ұзақты соттатқан дейді. Бірақ, Қасаңның жақын туыс болғандықтан Ұзақ оған ештеңе демесе керек. Ол жылдары Қасаң Бөрібасы тауының шығыс жағындағы Ұзынбұлақ деген жермен шектесетін қырқаларда отыратын көрінеді. Сол жылдардан бері күні бүгінге дейін ол жерді ел Қасаңның қырқасы деп атайды. Қасаң Ұзақпен не үшін арыздасып, соттатқаны белгісіз. Қасаңда мықты адамның бірі болған көрінеді. Бірақ өзінің кінәлі екенін Қасаң да білген. Кінәлі Қасаң бірден үйге кіре алмай, бірде қазан басында, бірде ат байлаған мама ағаштың қасында айналсоқтап жүріп алыпты. Мұны Ұзақ байқап отырса керек. Бір мезетте: «Ей Қасаң, бері кел. «Досың жер болсын, дұшпаның ел болсын» деген сөз бар. Сен доссың да, бауырсың да, туыссың да, елсің де, кештім мен сенің кемшілігіңді» деп қасына шақырып, төріне шығарыпты. Мұны қариялар Ұзақ қашан да дұшпаны мен досына, туысқаны мен жақынына кек сақтамайтын қасиеті деп отыратын.
Жәмеңке мен Ұзақ ел ішіндегі көп дау-жанжалды бірігіп шешкен. Екеуі қашанда бірін-бірі толықтырып отырыпты. Жақсы сыйласып, ауызбіршіліктері бір жерден шығады екен. Бір жиында, дейді қариялар, екеуі қатты сөзге келіп қалса керек. Бір-бірін өте жақсы құрметтейтін екі сыйлының арасындағы сөз таласынан кейін жиын да аяқталмай тараған. Жәмеңке кемелді кең ойымен билігін айтса, Ұзақ шындықты пышақтың өткір жүзіндей кесіп айтатын қасиетімен танылғандықтан екеуіне көпшілік төрелік айта алмапты. Бүкіл албан және қырғыздың бұғысын ауыздарына қаратқан Ұзақ пен Жәмеңкенің қандай сөзге таласқаны көпке жұмбақ. Сөз деген жаман ғой, сонда Ұзақ орнынан атып тұрып, «Атаңа нәлет, басыңды кесіп алайын ба, Айт-Бозымға сенің құның бір серкешке де келмейді» депті. Ұзақтың бұлай айтқаны екеуінің арғы аталары Сүйерқұл мен Сүймендіден тараса, Сүймендіден тарайтын Айт-Бозымның ынтымағы күшті және Жәмеңкеге қарағанда Ұзақтың дәулеті басым болса керек. Осыған батыр арқа сүйеп айтқан деседі. Ол заманда бір адамның құны 200 жылқы болыпты. Шатақ шыққан соң жиын тарап кеткен. Ертесінде жиынға ел қайта жиналмақшы болып жатқанда Жәмеңкенің бәйбішесі батырдың алдынан шығып:
– Е, батыр, ағаңнан ағаттық кетіпті. Жасы 70-тен асып, сөзден жаңылып, қателесіп қалыпты, кешір» деген. Сонда, Ұзақ сәл тұрып:
– Қап, әттеген-ай! Әйел жолы жіңішке деуші еді, ақ жаулығыңызбен келіп кешірім сұрап келген екенсіз, қайыр кештім,- деп айтқан екен. Жәмеңкенің әйелінің ақылдылығынан даудың арты осылай басылыпты. Әйтпесе, Ұзақ Жәмеңкенің басын кесіп алуға құндаласыпты. Осыдан кейін Жәмеңке мен Ұзақтың арасы өле-өлгенше ажырамай тату-тәтті өткен.
1916 жылғы албан көтерілісінде Қарақолдың түрмесіне Ұзақ, Жәмеңке, Тұрлықожа және басқалардың ішінде атақты бай Солтанқұлдың баласы Ыбырайым бай да қамалған. «Солдатқа бала берсек бала өледі, бермесек шал өледі» деген сөзді Ұзақ айтқаннан кейін албанның жақсыларын түрмеге қамаған ғой. Абақты ішінде көтеріліс болып, онда отырғандар сыртқа қашқанда Ыбырайым бай қайраттылығын көрсетіпті. Түрменің қоршауындағы дуалдан Тұрлықожаны лақтырып жіберіп, Ұзақты да дуалдан асырып жатқанда батырдың аяғының өкшесіне оқ тиіп, арғы жағына түскен. Жараланған Ұзақ сол маңдағы бір ұйғыр досының үйін паналапты. Бірақ ұйғыр досы Ұзақты ұстап берген. Ал, Тұрлықожа сол қашқаннан Сүмбедегі ауылына келіп, болған жайды айтады. Жәмеңке түрмеде удан уланып өлгенін, Ұзақтың өкшесіне оқ тиіп, елге хабар айт деген аманатын жеткізеді. Сонда, шекарадағы қалмақтар өзінің 700 жылқысын айдап кеткендігін де естиді. Ол жылдары Тұрлықожа шекара кеңесшісі екен. Қалмақтардың бұл қылығына шыдай алмаған Тұрлықожа айдап кеткен жылқысының артынан қуып барып, дауласыпты. Абыр-дабыр басылып, қалмақтар жылқыны бермек болып келісіпті. Сонда, өзінің бір танысы, әрі сыйласып жүрген қалмағы Тұрлықожаны қонақ етіп шығарып салады. Осы уақытта оның үзеңгісіне у жағып жіберіп, қастандық жасаған. Тұрлықожа үйіне жетіп, сол қастандықтан қайтыс болған. Жылқысы қайтарылмай қалмақта қалған. Ал, Ұзақ батырдың туған ағасы Түнғатарды әңгіме жасаған туысқандарын не басқа адамдарды мен естімедім. Патша заманында Түнғатар мен Шыныбек екеуі әжіге бірге барып, келген адамдар. Екі әжінің де ұрпақтары осы Сарыбастауда тұрады. Шыныбектің бейіті Есекартқанның ауызында, ал, Түнғатардікі Қостөбеде жатыр. Мұны Түнғатардың ұрпақтары біле ме, білмей ме білмеймін. Ағайынды Түнғатар мен Ұзақтың ынтымағы жарасқан, байлығы ортақ болған екен. Екеуінің қыстауы Қостөбеде болған. Сол жерде Ұзақтың үш бөлмелі қоржын тамы 60-70- жылдарға дейін сақталып келген. Оны мен көрмедім. Ұрпақтары көрген. Және де сол жерде әжінің және Ұзақтың түбегі деген жерлер де бар. Қариялар айтушы еді, бір кеште төбеде жалғыз отырған Түнғатардың құлағына «Мұса, Мұса! Жүр, жүр!» деген ысқырық дауыс естіліпті. Әжі жан-жағына қараса, ешкім көрінбеген. Тек құлағына дауыс естіліпті. Осыдан кейін «Ой, тоба» деп, әжі дұға жасайды. Ертесінде әлгі төбеге қайта шығып отырса, алыстан қара ат мінген бір жігіт атынан түсіп, сәлемін беріпті де, «қария, кім боласыз?» деп сұрайды. Түнғатар атын айтып, жігіттің атын сұраған. «Мұса» деп атына мініп, Текес өзеніне қарай беттегенде:
– Ой, балам, су тасып жатыр ғой, ертең өт,- десе, әлгі жігіт бой бермей, «ата, өтіп жүрген жер ғой» деп өзенге түсіпті. Жігіттің артынан Түнғатар қарап отырған. Тасыған судың ортасына келгенде оны асау толқын жұлып алып кетіпті. Қас пен көздің арасында аттылы жігіт көзден ғайып болыпты. Алланың құдіретінде шек бар ма. Әжінің құлағына ысылдап келген дауыс, одан кейін «Мұса, Мұса жүр» деген сөзді күн бұрын естігені сонда есіне түсіп, Мұсаны сонда тоқтата алмағанына әжі кейін қатты өкініпті. Көнекөз қариялар Түнғатар жайлы көп айтушы еді. Әжінің елге жасаған қайырымдылығы мен жақсылығы көп болса, әулиелігі туралы айтып отыратын. 1916 жылғы көтерілістен кейінгі алғашқы үркіншілігінде Қытайға кеткен ағайындары қайта келгенде оларға бар малын таратып берген деседі. Ал, әжінің өзі қайда жерленді деген сұрақ менің ойымда жүрді. Бір жылдары Нарынқолда бір туысқанымыз қайтыс болып, ол кісіні Қызылшекарадағы Байдың (атақты бай Ниязбек әжінің жатқан жері) бейітіне қойдық. Сонда автобуста Тұрлықожаның баласы Бердіқұл деген қариямен қатар отырдым. Жасы 70-80 аралығындағы Бердіқұл Қытай жерінде ақалақшы болған еді. Ұзақ пен Тұрлықожа және басқалар туралы жақсы білетін. Жолай әңгімеде мен Түнғатардың қайда жерленгенін сұрадым. «Түнғатар әжі Қостөбедегі Есекартқанның суы Текеске құятын жердегі Құрмандардың қорымында жерленген деді. Біздер Қостөбе мен Қызылшекара ауылының ортасындағы қара жолдың үстіндегі қорымға келгенде Бердіқұл қария Түнғатар осында жерленген деп, үлкен күмбездің қасындағы төбені көрсетті. Ал оның жанындағы үлкен күмбез кімдікі деп сұрамаппын. Оны кейін білдім. Ол Түнғатар мен Ұзақтың інісі Кекілдікі екен. Біздер Түнғатарға құран оқып, жүріп кеттік. Мұны айтып отырғаным Сарыбастау ауылында Ұзақ, Түнғатар, Кекілдің ұрпақтары тұрды. Ұзақтың Әбен деген баласынан Мұқаметжан туса, одан Қанатбек, қазір бар, Түнғатардан тарайтындарды көрдік, ал, Кекілден Біләл. Оның балалары Нұрым мен Дәменмен де араласып жүрдік. Екеуі де өмірден өтіп кетті. Бірақ бірде біреуі өткен заманның зобалаңы туралы әңгіме айтпайтын. Себебі, Ұзақтың әкесі Саурық батырдан бастап, оның кейінгі ұрпақтарына заман не көрсетпеді. Ұзақ Қарақол түрмесінде атылды, Түнғатар әжі 1920 жылдардан кейін қайтыс болған екен. Ал, олардың балалары байдың, батырдың тұқымы деп жазаланып, Жаркенттің түрмесіне де қамапты. Жер аударып солтүстікке де жіберген. Енді, кейбірлері 1930-1932 жылдардың ауыртпашылығында елмен бірге Қытайға кеткен. Естуімше ол жақта да оларды тыныш қоймаған. Қытай өкіметі де оларды «байдың тұқымы, қайынжұрты бай, болыс болған» деп, жұмыстарынан аластап тергеген дегенді естідік. Осындай жағдайды бастарынан кешірген ұрпақ өздерінің ата-бабаларының ел үшін жасаған жақсылықтарын білмей өссе, көбі үрей мен қорқынышта өмір сүрді. Бірақ шындық айтылуы тиіс. Оны айтатындар әлдеқашан өмірден өтіп кетті» деп, Рахман қария көзі тірісінде осындай әңгімесін айтқан еді.
Жазушының кітабын оқығанда бұл әңгіме айтылмайды. Бірақ, Мұхтар Әуезов Қарқарадағы Албан көтерілісінің қаһармандарын жете зерттеген. Аяғы жеткен жерге атпен барып, оқиғаға қатысты адамдардың ұрпақтарымен сөйлесіп, көп дүниеге қаныққан. Ал, кітапқа енбей қалған ел есіндегі әңгімелер өз уақытында қағазға түспей қалуы өкінішті десек артық емес.

Алдыңғы «
Келесі »