ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ КЕЗЕҢІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН

  • 20.03.2019
  • 250 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дина ИМАМБАЕВА,
«Ақиқат» журналының
бөлім редакторы

Ғылыми-техникалық прогресс және индустрияландыру әлем елдерінің барлығын қамтыған жаһандық құбылысқа жатады. Ал, оның даму деңгейі әр елде әртүрлі, жергілікті ерекшеліктер және тарихи-әлеуметтік себептерге байланысты болуы заңды. Әлемдік қауымдастықтың бір мүшесі болып табылатын Қазақстан Республикасына да индустриялық процестердің өзіндік даму дәрежесі тән. Мемлекет пен қоғам үшін аса маңызды бұл үрдістер Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бастап Кеңестік дәуірден мұраға қалған шикізаттық бағыттағы республика экономикасының құрылымын түбегейлі өзгертуге бет алды. Қазіргі таңда елімізде индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру кең көлемде жүргізілуде.

Жалпы еліміздің өнеркәсіптік дамуы кеңестік тарихтан бастау алады. Оған дейін еліміздің негізінен көшпелі тұрмыс-тіршілігі мал шаруашылығына негізделгені белгілі. Қазақ елінің патшалық Ресей құрамына кіруімен біртіндеп өндірістік кәсіпорындардың алғашқы түрлері пайда болды. Қазақ жерінің табиғат байлығы патшалық орталыққа қызмет ету бағытында игерілді. ХІХ ғ. ортасына қарай көптеген кен орындары ашылып, мыс, қорғасын, күміс, көмір өндіру, кен балқытатын, өңдейтін кәсіпорындар салу басталды.
Кеңестер заманында Қазақстанды индустрияландырудың жаңа кезеңі жүргізілді. Бұл кездегі социалистік өндіріс өзінің экономикалық заңдарына сүйенді және артта қалған, нашар дамыған өнеркәсіпті жаңадан құруға, сөйтіп оны социализмнің іргетасы ретінде дамытуды көздеді. Бұл жоспарлы үдеріс ұлттық республикаларды да қамтып, сол арқылы халықтар бауырластығын нығайтуға, КСРО-ны аграрлық елден индустриалды мемлекетке айналдыруды мақсат тұтты. Индустрияландыруды жүзеге асыру Кеңес Одағына саяси және экономикалық бостандық алып берді.
1925 жылы желтоқсанда БК(б)П XIV съезінде белгіленген Кеңес Одағын индустрияландыруды жүзеге асыру ісі Қазақстанда бірқатар қиындықтармен қатар жүрді, олар негізінен қазақ елінің бодандық өткенімен және әлеуметтік-экономикалық артта қалуымен байланыс-ты болды. Бірінші дүниежүзілік соғыстың және Азамат соғысының ауыртпалығын бастан кешірген Қазақстанның артта қалған отарлық экономикасы елдің өнеркәсібі дамыған аймақтарына қарағанда анағұрлым ауыр жағдайда болатын. Ел жаңа экономикалық саясатқа көшіп жатқан кезенде басталған Қазақстан өнеркәсібі мен транспортындағы қалпына келтіру жұмыстары шаруашылық күйзелістерінен ғана емес, республикада ашаршылықтың басталуына себеп болған 1920-1921 жылдардағы жұт кезінде малдың көптеп шығын болуы, сондай-ақ 1921 жылғы құрғақшылық салдарларынан да зор қиыншылықпен жүргізілді. Республиканың халық шаруашылығын қалпына келтіруде 1923 жыл бетбұрыс кезеңіне айналды. Алдыңғы кезекте ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу кәсіпорындары қалпына келтірілді, оған 1922 жылы алынған егіс өнімділігі ықпал етті. Тамақ өнеркәсібі салаларында ілгері басушылық байқалды. Баяу болса да, республиканың оңтүстігінде мақта тазарту зауыттарының, жеңіл өнеркәсіптің тері илеу, жүн жуу, т.б. кәсіпорындарының жұмысы жанданып келе жатты. Петропавлда, Алматыда, Шымкентте және Талғарда тері илеу зауыттарының жұмысы жандана бастады.
Ауыр өнеркәсіп кәсіпорындарын қалпына келтіру ісінде де кейбір игі қадамдар жасалды. Мұнай өнеркәсібі бәрінен жеделірек қатарға қосылды: Ембі және Доссор кәсіпшіліктері 1925 жылдың өзінде 1913 жылғы деңгейден асып түсті. Полиграфиялық өнеркәсіп те көтеріліп келе жатты.
Жыл өткен сайын Қазақстанның үлкенді-кішілі кәсіпорындарына, әсіресе өнімдері КСРО-ның индустриялық жағынан дамыған аймақтарына жөнелтіліп отыратын өнеркәсіптің өнім өндіруші салаларына (мұнай, түсті металлургия және т.б.) орталықтың басшылық ықпалы күшейе берді. Қазақстан экономикасының шикізаттық бағыты барған сайын айқындала түсті. Алайда бұл кенже қалған, революцияға дейінгі, отарлық деңгей болатын.
Қазақстанның индустриялық дамуын тежеген қиындықтардың бірі – оның аумағының геологиялық тұрғыдан аз зерттелуі еді. Кеңес өкіметіне дейін жер аумағының 94%-ы мүлде зерттелмеген болатын. Осы және басқа да кемшіліктер себебінен КСРО-ның алғашқы бесжылдық жоспарында Қазақстанның мұқтаждықтары мен мүмкіндіктері тиісті деңгейде ескерілмеді. Кейіннен Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев: «Қазақстан геологиялық зерттеулердің аса жоғары тиімділігінің арқасында КСРО-да және дүниежүзінде шикізаттың маңызды түрлерінің сан алуандығы бойынша жетекші орынға ие. Олардың ішінде қара металдардың, түсті металдардың, сирек металдардың, бағалы металдардың кендері, жанғыш қазбалар, минералды тұздар негізгілері болып табылады» деп атап өткен болатын.
Индустрияландыру жағдайында Қазақстанның өнеркәсіптік дамуы негізінен жаңа құрылыстардың есебінен жүзеге асырылды. Қазақстанда жағдайдың мұндай болу себебі өнеркәсіпті аудандар мұнда болған жоқ. Сондықтан, республикада, жергілікті жерлерде өнеркәсіп орындары, сондай-ақ теміржол құрылыстары елсіз және жартылай елді аймақтарда жүргізілді, қазіргі заманғы байланыс тораптарының, құрылыс материалдарының, кәсіби жұмыс күшінің, қаржының, сол сияқты тұрғын жайлардың, ауыз судың болмауы себебінен аса күрделі қиындықтарды жеңуге көп күш жұмсалды.
Қазақстан индустриясының жетекші нысаны Түркістан-Сібір темір жолы 1921 жылы салына бастады. Темір жолды салуға қазақтың белгілі қоғам қайраткерлері Т.Рысқұлов, М.Тынышбаев басшылық етті. Құрылысқа тартылған қазақ жұмысшылары жаңа мамандықтар – теміржолшы, құрылысшы, жол шебері және т.б. меңгерді. Темір жол 1931 жылы пайдалануға берілді.
Осындай жетістіктерге қарамастан, Қазақстан өнеркәсібінің олқы тұстары өте көп болды: машина жасау саласы жоқтың қасында; металл өңдеу жөндеу шеберханаларымен және механикалық цехтарымен шектелді; қара металлургия, құрылыс материалдарының, жеңіл және тамақ өнеркәсібінің кейбір түрлері болмады. Әсіресе индустрияландырудың негізгі өзегі – машина жасау ісінің болмауы Қазақстанның өнеркәсіптік дамуын тежеп отырды. Оған республика басшылығының ұстанымы да ықпал етті. Өлкелік партия комитеті басшылығының бірінші хатшысы Ф.Голощекин: «Алып құрылыстар республика өнеркәсібіндегі басты буын емес, бастысы – жергілікті ұсақ және орта өнеркәсіпті дамыту» деп мәлімдеді. Оған қоса «Қазақ АКСР-і ортақ бесжылдыққа одақтық өнеркәсіптің шикізат базасы ретінде кіруі керек» деп, елімізді одақтық өнеркәсіптің шикізат аймағына айналуына назар аударды.
Бірақ қазақтың зиялы азаматтары бұл саясатқа қарсы шықты. Ірі саяси қайраткер Смағұл Сәдуақасов VI партконференцияда: «Өнеркәсіп мәселесі – қазақ кедейінің тағдыры, қазақстандық кедей тағдыры ауылмен ғана емес, қаламен де байланысты» деп дәлелді пікірлер айтты. С. Сәдуақасов: «Қай жерде тері болса, сол жерде тері зауыттары, қай жерде жүн болса, сол жерде жүн жуу және шұға фабрикалары салынсын» деп, республика өнеркәсібін экономикалық сара жолмен дамытуға шақырды. Алайда, ұлт зиялыларының мұндай батыл пікірлері мүлдем ескерілмеді.
Осылайша, 1920-30 жылдары Қазақстанды индустрияландыру жөнінде болған тартыста Ф.Голощекин бастаған партиялық-кеңестік ұстаным жеңіске жетті. Бұл Қазақстан өнеркәсібінің бүкіл кеңестік кезеңде шикізаттық бағыт-бағдарда болатындығын шешіп берді. Кеңестік билік Қазақстан сияқты республикалардың дербес дамуына мүмкіндік бермеуге, олардың мұқтаждықтарына мән бермеуге, шет аймақтардың орталыққа тәуелділігін нығайтуға, ұлттық мәселені мүлде ескермеуге тырысты.
Дегенмен, 1920-1940 жылдардағы алғашқы индустрияландыру кезеңін біржақты бағалауға мүлдем болмайды. Осы кезеңде республикамыз аграрлық елден аграрлық-индустриалды елге айналды, қалалар және қалалық тұрғындар саны өсті, жұмысшы табы, ұлттық кадр-лар қалыптасты. Алайда бұл үрдістердің әлеуметтік-демографиялық салдары ауыр болды, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіндер кезінде қазақ халқы 3 миллионға жуық адамнан айрылды. 1930-1940 жж. Қазақстан аумағында бүкіл Кеңес Одағынан жер аударылғандар тоғытылған бірнеше НКВД лагерьлері (Қарлаг, ГУЛАГ, т.б.) пайда болды, олар ірі кәсіпорындарда тегін жұмыс күші ретінде пайдаланылды.
Қазақстанның 1950-1980 жж. индустриялық дамуы да ең алдымен одақтық басшылықтың саясатымен анықталды. 1961-1970 жж. Қазақстанның табиғат байлықтарын шаруашылық айналымына тарту кең көлемде жалғасты. Республика қара металлургияның, түсті металлургия мен химия өнеркәсібінің шикізат базасы болды. Атап айтатыны, негізгі басымдық қайта өңдеу өнеркәсібіне емес, өндіруші кәсіпорындарға берілді. Бұл да кеңестік биліктің республиканы бағыныштылықта, тәуелділікте ұстауға ұмтылуының бір көрінісі.
Мұнай өндіру ісінің жаңа кезеңі 1960 жылдардан басталды. 1936-1940 жж. бұрғылау көлемі 421 мың метр болса, 1965 жылдары 926 мың метрге жетті. Бұл негізінен Маңғышлақ түбегіндегі барлау жұмыстарының нәтижесі еді. 1979 жылы Батыс Қазақстан облысында дүние-жүзіндегі ең ірі кен орындарының бірі Қарашығанақ ашылды.
Сол тұстағы Қазақстандағы ғылыми-техникалық прогресс еңбектің мазмұнын едәуір өзгерткенмен, жұмысшылардың кәсіптік-біліктілік құрылымына аса үлкен өзгеріс алып келе қойған жоқ. Жұмысшылардың үлес салмағы негізінен механикаландырылған және конвейерлік еңбекке тартылғандар – станокшылар, машинистер, мотористер, токарьлар, фрезеровщиктер, жүргізушілер болатын.
Осылайша, кеңестік кезеңнің аяғына қарай Қазақстан қара және түсті металлургия, мұнай өндіру және химия өнеркәсібі біржақты дамыған республикаға айналды. Өйткені, Кеңес Одағы индустрияландыруды нарықты басып-жаншу арқылы жүргізді, мұнда билік құрған жоспарлы, шектен тыс орталықтанған экономика жағдайында технологиялық жетістікке жету мүмкін де емес еді.
1991-1998 жылдары Кеңес Одағы тарап, тәуелсіздік алған мемлекеттер дәстүрлі экономикалық тетіктерден, кәсіпорындар арасындағы шаруашылық байланыстарынан ажырап қалды. Егемендіктің алғашқы он жылы әлеуметтік тұрақтылықты қалыптастыруға, негізгі қорлар мен өндірісті жолға қоюға жұмсалды. Осындай өтпелі жағдайдың өзінде ел басшылығы ҚР экономикалық даму бағытын өзгерту қажеттілігін айқын ұғыну барысында ғылыми-техникалық фактор мен интеллектуалдық әлеуетті белсенді іске қосуға негізделген инновациялық экономикаға өтудің әлемдік үрдістеріне қосылуды мақсат тұтты.
1999-2000 жж. Қазақстан экономикасы жағдайға қарай бейімделіп, дағдарыс пен күйзеліс фазасынан шықты. Елдегі ЖІӨ өсімі 2000-2004 жылдары орташа әлемдік көрсеткіштен асып түсті (2,5%). Инвестициялар қарқын алып, экономиканы жаңғырту басталды. Жұмыссыздық қысқарып, тұрғындардың өмір сапасы көтеріле бастады. Дегенмен, бұл экономикалық өсім көбінесе отын-шикізат нарығындағы жағымды ахуалдың әсері болатын, ол экономика мен экспорттың шикізаттық сипатына байланысты экспорттық тауарларға әлемдік бағаның өсуінен туындады.
Осындай жағдайда Қазақстан үшін ұзақ мерзімдік, инновациялық серпінге және экономиканы әртараптандыруға, V және VI технологиялық укладты қалыптастыруға бағдарланған стратегия әзірлеу міндеті өзектіленді. Өйткені, елімізде өнеркәсіп өнімін шығару көлемінің 58%-ға жуығы ІІІ технологиялық укладқа сай келеді, яғни құрылыс материалдары өнеркәсібі, қара металлургия, металл өңдеу, ағаш өңдеу, целлюлоза-қағаз өнеркәсібінің технологиялары. Төртінші уклад – 38%, ал, ең жоғары V және VI технологиялық укладтар көрсеткіші көңіл көншітпейді.
Міне, осындай мемлекет пен қоғам үшін аса маңызды үрдістерге орай Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бастап Кеңестік дәуірден мұраға қалған шикізаттық бағыттағы республика экономикасының құрылымын түбегейлі өзгертуге бет алды. 1997 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасы Президентінің «Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясы белгіленді. Ол республиканы әлемнің ең қауіпсіз, тұрақты, экологиялық орнықты, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан елдерінің біріне айналдыруға бағытталған ұзақ мерзімді даму жолын айқындап берді.
Қазіргі кезде Қазақстанның эконо-микалық саясатының басты мақсаты шикізат бағыттылықты азайту және әртараптандыру болып табылады. Осы-ған орай Қазақстан ұлттық экономиканы индустриалды-инновациялық даму негізінде жүзеге асыру бағытын таңдап алды. Осы мақсатта ҚР-ның Үдемелі индустриалды-инновациялық даму Мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Мемлекеттік индустриалды-инновациялық саясат мақсаты Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін көтеру, экономиканы әртараптандыру, оның әлеуметтік тиімділігін арттыруды қамтамасыз етуді көздейді.
Қазақстанның орнықты экономикалық дамуды жүзеге асыру және әлемдік экономикалық жүйеге табысты ықпал-дасуы үшін үлкен негіз бар. Республиканың болашақ экономикалық өсімінің аса маңызды қайнары оның бай ресурстық әлеуеті болып табылады. Қазақстанның жер қойнауы дүниежүзіндегі зерттелген пайдалы қазбалар қорының 1/15 бөлігін құрайды. Вольфрам қоры бойынша әлемде 1-орын, хромиттер мен фосфориттер бойынша – 2-орын, марганец кені – 3-орын, қорғасын мен молибден бойынша – 4-орын алады. Алайда, барланған қорлардың сапасы мен өндірістік қуаты жағынан әлі де артта қалып отыр. Салыстырмалы түрде алғанда, қазіргі кезде халықаралық бәсекеге қабілетке ие қазақстандық отын-энергетика ресурстарынан – мұнай, газ, көмір, қара металдан – темір, хромит кені, болат және ферроқорытпалар, түсті металдан мыс, алюминий, мырыш және қорғасынды айтуға болады.
ҚР Президентi бекiткен Қазақстан Республикасының Индустриялық-инно-вациялық даму стратегиясы экономика салаларын әртараптандыру және дамудың шикізаттық бағыттылығынан арылу жолымен елдiң тұрақты дамуына қол жеткiзуiн көздейдi. Бұл ретте инновациялар – ұлттық экономиканың бәсекеге қабiлеттiгiн айқындаушы негiзгi фактор. Яғни экономика мен қоғамды одан әрi серпiндi дамыту үшін инновацияларды толыққанды пайдаланған кезде ғана мүмкiн.
Жүзеге асырылып жатқан ин-дустрияландыру саясаты Қазақстан эко-номикасындағы кемшіліктерді жоюға бағытталған, оларды атап айтатын болсақ: экономиканың біржақты шикізат бағыттылығы; ішкі нарықта тауарлар мен қызмет түрлеріне деген сұраныстың төмендігі; өнеркәсіп орындарының тех-никалық және технологиялық жағы-нан артта қалуы; ғылым мен өндірістің ара-сындағы байланыстың әлсіздігі және т.б.
Бұл проблемаларды шешу үшін Қазақстан ғылым мен бiлiмге негiзделген жаңа технологиялар негізінде бәсекеге қабiлетті экономиканы құруға ұмтылуы заңды. Және де аталған міндеттерді шешу еліміздің алдағы даму деңгейіне тікелей ықпал ететін болады. Елбасы Н.Назарбаев өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауларында аса өзекті шаралар қатарында индустриялық-инновациялық бағдарламаларды іске асыру, ғылыми қамтымды экономика мен өндіріс құру, маман даярлау ісіне көңіл бөлу, ЖОО-лар мен кәсіптік білім беру мекемелерін сапалық және техникалық деңгейін көтеру мәселелерін қойып келеді. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, индустриялық-инновациялық үдерістердің тиімділігін арттыруда мемлекет қабылдаған шешімдердің сапасы мен тереңдігі аса маңызды роль атқарады. Бұл бағытта кәсіпорындардың инновацияларға ынталандырылуы, ол үшін бәсекеге қабілетті орта құру; білім өндірісі үдерісін нәтижеге бағыттау үшін ғалымдардың еңбегіне ақы төлеудің ерекше жүйесін ұйымдастыру; ғылым, бизнес және мемлекет арасында инновациялық өзара әрекеттестік инфрақұрылымын қалыптастыру қажет етіледі.
Индустриялық-инновациялық экономика құру үшін алдымен оның заңнамалық негізін қалыптастыру қажет. Қазақстандағы осы салаға қатысты нормативтік-құқықтық базаға келетін болсақ, ҮИИДБ-ны жүзеге асыру кезеңінде елімізде «Ғылым туралы», «Индустриалды-инновациялық қызметті қолдау туралы» жаңа заңдар қабылданды және оларда индустриялық-инновация-лық қызметтi ынталандырудың құқықтық, экономикалық және ұйым-дастырушылық негiздерi бел-гiлендi және оны мемлекеттiк қолдау шаралары айқындалды. Соның нәти-жесінде 2009-2014 жж. аралығында Қазақ-стандағы инновациялық-белсенді кәсіп-орындардың саны екі есеге жуық, яғни 4-тен 7,6%-ға өскен. Ал, технологиялық инновацияларға жұм-салатын шығындар бес есе, яғни 61-ден 326 млрд теңгеге көтерілді. 2011 жылы «Ғылым туралы» ҚР Заңының қабылдануына байланысты ғылым саласында түбегейлі оң өзгерістер басталды. 2003 жылдан бастап зерттеулерді қаржыландыру 4,4 есеге өсті. 2010 жылдан бастап ғылымға арналған шығындар еселеп артып келеді.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Инвестициялар және даму министрлігі жаңа жаһандық технологиялық үдерістерді ескере отырып, 2020-2024 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму тұжырымдамасын әзірледі. Жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты – экспортты дамыту мен ілгерілетуге екпін жасай отырып, өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру. Технологиялар трансфертіне және өңдеу өнеркәсібін цифрландыруға айрықша назар аударылатын болады.
Қазақстанның алдағы уақыттағы басты мақсаты – әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында айтылғандай, «алдағы 15-17 жыл Қазақстанның ауқымды серпілісі үшін «мүмкіндіктер көзі» болмақ. Бұл кезеңде сыртқы ортаның қолайлылығы, ресурстарға, энергияға және азық-түлікке сұраныстың артуы, Үшінші индустриялық төңкерістің пісіп-жетілуі сақталады. Біз бұл кезеңді пайдалана білуге тиіспіз».

Алдыңғы «
Келесі »