ҰЛЫЛАРДЫҢ МҰРАСЫ ДА, МҰРАТЫ ДА – ЖАСТАРҒА

  • 12.11.2012
  • 750 рет оқылды
  • 1

Жақсыбек Асылбек,
Отырар ауданы әкімінің орынбасары

Шежірелі Оңтүстікке 80 жыл. Табиғатында шыбық шаншысаң шынар өсетін өңір аталып кеткен, тарихында әрбір тасын түртсеңіз тарих болып сөйлейтін Оңтүстік Қазақстан облысының тарихы тереңде жатыр.
Орта ғасырда Жерорта теңізінен Қытайға дейін Еуразияны көктей өткен Ұлы Жібек жолының торабына орналасқан Отырар, Тараз, Сайрам, Сауран, Ясы, т.б. қалалар Үнді Қытай, Византия, Сирия, т.б. мемлекеттермен үнемі ғылыми, мәдени, экономикалық, саяси байланыста болып, көшпелі қазақтың арғы атасы отырықшылық әлеммен осы қалалар арқылы танысып, сауда-саттыққа үйреніп, халықаралық қатынастар шеңберіне ілігіп, қалаларында ғылым мен мәдениет, сауда, өндіріс, далаларында егін, мал шаруашылығы, суландыру жүйесі қатар дамып, әлемдік өркениеттің ірі орталықтарының бірі болды. Ұлы Жібек жолы арқылы Фарабтан және басқа қалалардан шыққан ғұлама бабаларымыз Кіндік Азия, Таяу Шығыс елдеріне жетіп, білімін толықтырып, алғашқы әлемдік энциклопедиялық ғылымдардың негізін салды. Мәселен, әлемді білім, ғылыммен, исламмен нұрландырған ақыл-ой алыбы, ислам ғалымы, философы, математигі, астрологы, әдебиетшісі, музыканты әлемде теңдесі жоқ энциклопедист, арабтілді Әбу Нәсір Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби ат-Түрки, сондай-ақ әр салаға қалам тартқан 29 Әл-Фарабиіміз, жаңа түрік тілінде тұңғыш сыршыл жырларымен мәшһүр болған Қожа Ахмет Ясауи ( 1103-1166ж.ж.), Ахмет Иугінеки (ХІІ-ХІІІ ғ.ғ.) т.б. ғұламалар, ғалым ақындар, сопылық дүниетаным мен сопылық поэзия классиктері, Шыңғысхан басқыншылығына қарсы күрескен халық батырлары шықты. Бабтардың бабы Арыстанбаб осында жерленді.
Қазақ даласында дәстүрлі құқықтық мәде­ниеттің демократиялық-гуманистік принциптерге құрылған Билер төрелігі тәрізді жекелеген институттардың болғандығы белгілі. Түгел сөздің түбірі бір, түп атасы Майқы би дегендей аңыздық кейіпкер Майқы би заманында болған, Тәуке хан тұсында толығымен қалыптасқан осы билер институтының ұлы өкілдері Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би дәстүрін, шешендік өнерін, Әбу Нәсір әл-Фараби заманындағы «Даналық үйінің», ХІХ ғасырдағы Жамбыл, Майлықожа, Құлыншақ өткен ақындық мектептердің, Қажымұқанның балуандық мектебінің тәлімін жастарға үйрете алсақ, онда ХІ ғасырдағы «Қабуснама» кітабында жазылған «Егер, әрбір перзент ақылды және дана болса, ол ата-ананың мейір-махаббатын құрметтеуден бас тартпайды… Ата-ананың міндеті – тәрбиелеу және жақсылыққа үйрету… шамаң келгенше әдеп пен өнерді, білімді…оған мирас етіп қалдырсаң, аталық борышыңды өтеген боласың» деген педагогикалық қағидаларды орындаған болар едік. Сол сияқты, Тәуелсіздік монументі мен Тәуелсіздік саябағы пайдалануға берілді. Сонымен бірге, «Отырарлық ақындар» аллеясы ашылып, «Отырар», «Көне Отырардың өркендеуі» атты кітаптар шығарылып, өз оқыр­мандарына жол тартты.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іле­тін» атам қазақ әу бастан-ақ айтқан. Десе де, мынандай алмағайып заманда әркім құл­қынының қамы үшін қарекет етіп жүргенде, бала тәрбиесі бағдарынан айныды. Сол себепті бүгінгі қоғамда жасөспірімдер арасындағы қылмыс күннен-күнге өршіп тұр… «мен үш нәрседен қорқамын. Біріншісі, өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, екіншісі немересіне ертегі айтып бере алмаған ата мен әжеден, үшіншісі, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан» – деп Бауыржан Момышұлы болашақ ұрпақ­тың тәрбиесінің осалдығынан қорқып қынжылған екен. Бұл қорқыныш барша қазақтың санасында тұруы тиіс. Бәріміз де ұлттық болмысымызды, тілімізді, дінімізді, ділімізді жоғалтып алудан қорыққанымыз абзал. Сол себепті тәрбиені отбасынан, ошақ қасынан, тіпті бала құрсақта жатқан кезден бастаған жөн.
Батыр Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды шал, қария, ақсақал, абыз деп төртке бөлген. Ол кісі отбасы, ошақ басынан ұзап шыға алмай түтін аңдып үй аралап, саяси өсек айтатын қартты «шал» деп, өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген кәнігі қартты «қария» деп, тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айдын асырып отыратын қартты «ақсақал» деп, бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңіре білген қартты «абыз» деп атаған. Қарттар байырғы кездері бір ауыл, бір рудың, тіпті бір елдің ғасырлар бойы түйіні шешілмеген дауын екі ауыз сөзбен шешіп, тоқ етерін айтқан емес пе? Бар игілік пен есенділікті еліне, келер ұрпағына Аллаһтан жалбарына тілеген де осы қарттар.
Әдемі қартая білу де өнер. Бір шаңы­рақ­тың немесе бір әулеттің емес, бүтіндей тұтас аймақтың ақылшысына айналған қариялар арамызда, Құдайға шүкір, бар­шылық. Біздер кісілікті, кішілікті, тектілікті, парасаттылық пен мейірімділікті осындай кісілерден үйренеміз.
Рас, кейде үлкендер: «Апыр-ай, мына жастар не болып барады? Ұлда – ұят, қызда әдеп жоқ. Жұрттан именіп, қымсынуды білмейді. Ұлттық қасиеттен жұрдай болып айрылған», – деп бастарын шайқап, налып жатады. Көзге тікендей қадалған талғамсыздықты көрген соң, қынжылмай қайтеді?! Алайда, себебін сараламай, салдарына ренжіп жүрміз бе деймін. Сол жастар аспаннан түскен жоқ, басқа қоғамнан келген жоқ, қазақтың жерінде, қазақ отбасында туып-өскендер. Оларды сөгіп, айыптау­дан бұрын, аяуымыз керек шығар. Өйткені, жастарды былай қойғанда,солардың елуді еңсеріп, алпысты алқымдаған әке-шешелері мен жетпістің желкесіне, сексеннің сеңгіріне шыққан ата-әжелері кешегі жалпыға ортақ кеңестік идеологиямен тәрбиеленгендер ғой. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық таным-на­ным, ұлттық ұждан дегендерден ерік­ті-еріксіз түрде аулақтап қалғандар.
Ерте кезде жастарға, жалпы қазаққа, толыққанды жан-жақты тәрбиені ата-ана, ауыл – қауымының тәрбиелік әрі жауапкершілік ортасы ғана берген. Ол кездегі ата-ана, ауыл-қауым нағыз зиялы, адамның жан-дүниесін ашатын орта болған, сондықтан, ата-әжелерінен таза ұлттық тәрбие алып, қазақ үніне уызында қанған Абай, Шәкәрім, Әлихан, Мұстафа, Мұхтар, Ильяс, Мағжан, Бейімбет, Ахмет Бай­тұрсынұлы сынды көптеген Алаш арыстары ұрпағына ұзақ жылдар рухани азық болар туын­дыларын беру арқылы, мәңгі өшпейтін өз үндерін қазақ мәдениетіне қосып кетті. Саналары орыс-совет мектебінің диірменінен өткен бүгінгі ата-әжелер өз ұрпағын, қазақ үніне қандыра алмай отыр. Жағдайды түзеу үшін, елінің болашағына сенетін Қазақстанның әрбір азаматы балалары мен немерелерін ұлттық құндылықтар негізінде жаңғырған қазақ балабақшалары мен мектептеріне беруі керек.
Әлем білімдінің қолында десек, осыған орай жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге бізде барлық қажетті жағдайлар жасалынған. ҰБТ тапсырудың қорытындысы бойынша орташа балл 68,8 пайызды құрап, облыс бойынша 4-ші орынды иемдендік. Кезінде АҚШ Президенті Джон Кеннеди «Бізге өзімізде ешқашан болмаған дүниелер жайлы армандайтын жастар ке­рек» деген болатын, ал, біздің отырарлық жастар Қазақстанның даму жолында өз мақсат-міндеттерін ұштастыра отырып, барлық қа­рым-қабілеттерін жұмсайтындықтарына сенім­діміз.
Кешегі төрткүл дүние көз тіккен Лондон олимпиадасы Тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатқаны рас. Қасиетті рамазан айы­мен тұспа тұс келген бұл спорт додасын бүкіл еліміз болып, жас баладан бастап, еңкейген қариямызға дейін қалт жібермей көріп, спортшыларымызға тілеулес болдық. Бұның өзі жастарымыздың ұлттық рухын асқақтата түсіп, спортқа деген құлшынысын арттыруда.
Ауданымыздың жастарын спортқа баулуда 3 Халықаралық дәрежедегі спорт ше­бері, 4 Қазақстан Республикасына еңбек сіңір­ген спорт жаттықтырушысы, 3 Қазақстан Респуб­ликасының спорт қайраткері, 43 спорт шебері қызмет көрсетуде. Спорт майталмандарымыз соңғы екі жылда Әлем, Азия, т.б халықаралық және республикалық жарыстарға қатысып, ауданымыздың 102 спортшысы жүлделі орындарды иеленді.
Жастарды еңбекке тарту мамандықтарына сай жұмысқа орналастыру ең өзекті мәселенің бірі. Бұл орайда жастарды кәсіби мамандықтарға оқыту, қайта даярлау, әлеуметтік жұмыс орнына тарту жұмыстары қарқынды жүзеге асырылуда. Бұл саладағы біздің негізгі мақ­са­тымыз – Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаң­ғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қо­ғамына қарай 20 қадам» атты тұжы­рым­дамасында атап көрсеткеніндей, еңбектің қадір-қасиетін арттыру, адал еңбегімен еңсесін биік­тетіп жүрген жандардың мәртебесін көтеріп, елге өнеге ету, осы арқылы жастарды масылдық психологиядан арылту,  оларды еңбекқорлық пен кәсіпқойлыққа, отаншылдыққа тәрбиелеу.
Бұл тұрғыда еңбек жолының білім қорынан басталатынына баса назар аударғанымыз жөн. Ендеше, еңбек қоғамының негізі біліммен бекітілсе, тамыры тәрбиеде жатады. Алысқа бармай-ақ, халқымыздың өз ұрпағын бала кезден еңбекке баулудағы тәрбиесінің өзі талайға тағылым бола алады. Оған дәлел ретінде, кең даланың төсінде мыңғырған мал, қаншама қол өнер жетістіктерін былай қойғанда, тынысымыз еңбектің арқасында қол жеткізген бертіндегі миллиард тонналаған астығын да айта аламыз. Бірақ, сонау жылдардағы нарықтық кезеңнің салдары деп жүріп, жалқаулыққа жол беріп алғандаймыз. Қолы­нан келетіндері жеңіл-желпі сауда-саттық пен келешексіз кәсіпке бейімделсе, еріншектікке еті үйренгендер мемлекеттің жәрдемақысына жәутеңдеді. Осылайша, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді әдетке айналдырдық.
Баланы бейім мамандығына, қолынан келер іске тәрбиелеудің орнына атақ-даңқ қуып, әйтеуір «бәленшенің баласы бәленбай мамандықта, жылына осыншама ақы төлеп оқып жатыр» дегенді де дарақылықпен даңққа санап, баласының келешегін кемшін етіп алғандар қаншама. Ол өз кезегінде еңбек рыногындағы тұрақсыздыққа алып келеді. Нәтижесінде бәсекеге қаблеттіліктің деңгейі төмендеп, әлеуметтік әлсіз топтардың саны жыл сайын арта берді. Ал, қазір, атқарылған жұмыстың сағатына емес, сапасына қарайтын уақыт. Аптасына жеті күн жұмыс істеп, жетіс­тік көрсетпейтіндерді, жеті сағатта жеңіске жете­тіндер жолға тастайтын дәуір. Әйтпесе, таңертең жұмысқа келгеннен кешкі жұмыс бітер уақыт қашан болар екен деп, жалтаңдап отыратын заман емес. Бар уақытын еңбекке жұмсаған жұрт қана жетістіктің жетегінде боларын әлемнің бүгінгі ахуалы дәлелдеп берді.
Ежелгі Түркі қағанатының қара шаңырағы – Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке жеткен 20 жылдығында, тарихтың осы бір қас-қағым мерзімінде еліміздің тұңғыш Прези­денті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегенді саясатының арқасында білім мен ғылымымыз, мәдениетіміз, өндірі­сіміз бұрын-соңды болмаған деңгейде өр­кен­деп дамыды, мемлекеттігі қалыптасты. Бодан­дықта жадымыздан өшкен, өше бастаған дініміз, тіліміз, тектестік сезімімізді оятатын тұрмыс-салт, әдет-ғұрпымыз қайта орны­ғып, нығайды. Президентіміздің тікелей пәр­менімен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағ­дар­ламасы қабылданып, соның аясында «Көне Отырарды қалпына келтіру (жаңғырту)» бағдарламасы қабылданып, ауданымыздағы тарих пен мәдениет ескерткіштерін ел игілігіне айналдыруға мүмкіндік туды. Соның жарқын бір көрінісі 2011 жылы заманымыздың Аристотелі, жерлесіміз Әбу Нәсір әл-Фарабидің мұражайы әлемде тұңғыш рет ұлы ойшылдың отаны Отырарда мемлекеттік негізде «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып ашылып, ақындар аллеясы пайдалануға бе­рілді.
Жоғарыда айтылған игі шаралардың бар­лығы да жас ұрпақтың, жастардың туған жерге деген шынайы сүйіспеншілігін арттыруға, аймақтың тарихы мен таңдаулы тұлғаларын танып білуге құлшынысын арттыру, сол арқылы ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету, бү­гін­гі жиынның күн тәртібінде айтылғандай «ұлылардың мұрасын да, мұратын да жас­тарға аманат» ету.
«Қабуснамада» аманат туралы: «Ей пер­зентім, егер саған бір кісі аманат тапсырса, оны қабылдама, себебі – аманатты алу өте қиын іс. Аманаттың қиындығы үш түрлі: біріншісі – аманатты мұқият сақтаймын деп әуреленесің, екіншісі – сұраған уағында беруің шарт, үшіншісі – аманатты жоғалтып алсаң, иесінен үлкен ұятқа қаласың. Аманатты қабылдама, қабылдаған соң оны сақтап, түймедей түгел иесіне тапсыруың қажет…» – деп жазылыпты. Біз сол ұлылардың аманатын түймедей түгел иесіне тапсыра ал­дық па? Біз тар жол, тайғақ кешулердің не­бір түрлерін бастан кешіріп, қилы заманның те­пері­шін көп көріп, өткеніміз бен өркенімізден көз жазып, діліміз бен тілімізден айырылып қала жаздаған халықпыз. Сондықтан, тарихымыздың «ақтаңдақ» беттері көп -ақ. Сол «ақтаңдақтардың» орнын толтырып, тарихымызды тұлғаландыруға Өзбекәлі Жәнібеков үлкен үлес қосты. Кешегі қызыл империяның құламай тұрған кезінде өздері айтылып, еңбектерін оқуға, есімдерін атауға тыйым салынған халқымыздың арыс перзенттері Ахмет пен Мағжанды, Міржақып пен Әлиханды, Жүсіпбек пен Шәкәрімді жұртына қайта оралтып, бұрынғы батырлар мен ақындарға, ел тізгінін ұстаған билерге жаңаша көзқарас қалыптастыруға мұрындық болды. Бұл ұлтжанды азаматтың өз жұртына жасап кеткен ерен жақсылығы. Өзбекәлі қазақ халқының дарынды екенін, оның бай өнері, ғасырлар тереңінен бастау алатын салт-дәстүрі бар екенін дәлелдеуге қызмет етті, оның ұмытыла бастаған беттерін қалпына келтіруге тырысты, өзіндік пайымдаулар айтты, қазақ деген қабырғалы ұлттың, алаш деген аталы жұрттың қамын жеп, бар білімін, бар ғұмырын соның іргелі елдер қатарына қосылуы үшін сарп етті. Біз сол Өзағаңдай асылымыз қайтарған мәдени құндылықтардың құнын қаншалықты білдік. Мәселен, Тайқазанды таныдық па, Наурызды өз дәрежесінде өткізіп жүрміз бе. Бұл бүгінгі жиынымыздың өзекті мәселесі.
Мәдениет және ақпарат министрі, мә­дениет қайраткері Дархан Қамзабекұлы Мыңбайдың Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы жариялаған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпы Еңбек Қоғамына апарар 20 қадам» атты тапсырмалары бойынша 2012 жылғы 13 шілдеде Астана қаласында өткен минис­трліктің алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде «Еңбек ету дағдысынан ажырап қалған ұрпақ өсіп келе жатыр», – деген исі қазақты ғана емес, әлемдік рухани да, экономикалық та дағдарысқа ұшыраған ұлыстар мен ұлттарды дүр сілкіндірген тұжырымдамасында айтылған қаупінің алдын алу үшін ұлылардың бізге аманаттаған мұрасын да, мұратын да түймедейін қалдырмай жастарға беру. Ал, жастарымыздың міндеті оны «Білген шайыр айтады лайық сөзін заманға» деп Майлықожа ақын айтқандай заманауи деңгейде қабылдай білу.
(«Отырар даңқы» тарихи-танымдық ке­шені көрінісіне қосылған ескерткіштерді мұқабаның 3 бетінен көресіздер)

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Ахмет иугiнеки гуламалары,өмір сүрген ортасы туралы деректер тым тамшы. Ахметтін шын есімі: ЮГНАКИ АДИБ АХМЕД ИБН МАХМУД.

Пікірлерге тыйым салынады.