Гүлнәр әлемі

  • 19.03.2019
  • 2104 рет оқылды
  • 0

Ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, Созақ аудандық орталық кітапханасының қызметкері аудандық қоғамдық келісім кеңесінің, аудандық әйелдер кеңесінің мүшесі, Шолаққорған ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы

Өлке мәдени кеңістігімізде Гүлнәр Есіркепқызы есімі естілгелі ширек ғасырға жуықтапты. Қашанда ел тынысымен тыныстап, өлке әдебиеті мен өнерімен өрнектелген бірегей өмір үлгісі бәрімізге таныс, баршамызға жылы. Азаматтық тұлғасы арлы, кітапханашылық қызметі адал, оны үлкендер ізгі тілекпен қолдап, кішілер құрмет тұтып келеді. Оны танығалы кітапхана мен Гүлнәр дегенді екі бөліп қарамайды, теріскей елі. Жап-жас өрімдей кезінен кітап деп шырылдап, оқырман деп тақ тұратын ол бұл күндері өзі де кітап – Адамға айналғандай. Осы кітап-ғұмырға көз салсақ, оның өлке әдеби-мәдени саласындағы еңбегін ой елегінен өткізер болсақ, бәрі көз алдымызда өтіп жатыр екен.
Гүлнәрдің кітапхана саласына келуі де кездейсоқтық емес.
«Көзімді ашып, көргенім кітап» деп үнемі өзі айтқандай, әдеби ортада өсті. Әкеден де, шешеден де көріп, түйгені тек кітап, тек кітапқа байланысқан тәлім-тәрбие болатын. Сөре-сөре газет-журнал, қатталған кітап әлемнің байлығындай болатын. Озық ойлап, өрелі ой түйген, Созақтың энциклопедиясы, «Теріскей журналистерінің атасы» атанған әке Есіркеп Өмірбеков әдебиетті саралап оқып, сыры мен сыны бөлек дүниелерді жиятын. Ауданның қым-қуыт тірлігі, басшылықтың жауаптылығы мен қиындығын атқарып, ел еңсесін көтеретін іс-қимылдардын бел ортасында жүрген Ес-ағаң сүйікті ісі – жазушылықтан, кітаптан ажырамады.. Ақбикеш апамызға келетін болсақ, сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді деген мақал тап өзіне арналғандай еді. «Аудандық орталық кітапханаға алғашқы келгенінде, жарты қабырға ғана кітап болатын» дейді, ол. Ұзақ жылдар осы кітапханада басшылық жасап, зейнетке шыққанға дейінгі ғұмыры баршамыздың көз алдымызда. Кітапхана ісінің алғашқы қарлығашындай Ақбикеш Ібжанова жүзінен нұры төгілген, адамгершілігі мен адалдығы астасқан өз ісінің нағыз маманы болды. Әр кітапты аялап жиған Ақаң сол сүйіспеншілікті ұл-қыздарына да дарытты. Міне, осындай кітаби ортада тәлім алған Гүлнәрға кітапхана ісі жат емес-тін. Еңбекке жасынан араласты. Кеңестік жүйені де көрді, қайта құрудың жылымығын, ыдырау мен өрлеудің аумалы-төкпелі кезеңдерінде де, кітап енді кімге керек деп жаппай қысқартуларға ұшырағанда да, жанкешті еңбектерімен кітапхананы, кітаптарды сақтап қалуға атсалысты. Білікті басшы Айжамал Баймұрзаева бастаған үркердей топ өз қолдарымен жөндеу жүргізіп, әр кітапты сылап-сипап, әр оқырман үшін күресіп жүріп, облыстағы алдыңғы қатарлы кітапхана етіп шығарды. Ол кезде облыстан, Алматы – Астанадан зиялы қауым өкілдері ат басын елге жиі бұратын. Кітаптың иісі бұрқырап, жаңашыл ой, озық істерімен жарқырап тұрған кітапхана талайды тамсандырды, жылы лебіз тудырып, ықыластарына ие болатын. Сол уақытта әр әдеби-мәдени іс-шараның басы-қасында Гүлнәр жүретін. Ия, Гүлнәр өлке кітапхана саласына жаңа іс-қимыл, тың екпін әкелді. Осыны айтқанда, сонау 90-шы жылдар келеді көз алдымызға. Бірде жылы, бірде суық кітапханаға қалың оқырманды жиып, әдеби кеш, кітап мерекелерін, шолуларын жаңа түрде өткізіп, зыр жүгірген кітапханашылар еңбегіне дән риза болатын халық. Әсіресе, Гүлнәр ұйымдастырған кештер, мерекелерге қызыға қатысатын ауылдың қаламгерлері. Жаңа кітапты талқылауды, мерейтойларды атап өтуді шынайы әдеби үрдіске айналдырды. Жақсы іске үйірсек келетін халық кітапханаға мерекеге келгендей көңіл-күймен келетін. Осы кезеңдерде аудандық кітапхана газетпен тығыз қарым-қатынаста болды. Газет беттерінде рухани іс-шараларды қамту жұмысы да алға өрледі. Мұнда да оның қалам тербер қасиеті зор көмек болды. Әрбір мәдени шараны басы-аяғын мұнтаздай етіп жазып апаратын. Өңдеуді қажет етпейтін дайын материалды тез арада жарыққа шығарушы еді газет. Гүлнәрдің өлке мәдениетіне қосқан бір айтарлық үлесі – кітапхананы, кітапханашы мамандығын таныту, қоғамдағы беделін көтеру бағытындағы еңбегі. Аудандағы әр мәдени ірі шараға кітаптарын арқалап жететін, көрнекті көрмелері үнемі мен мұндалап тұратын кітапханашылар еңбегі бұл күндері аудан мәдениетінің айнасы.
Гүлнәрдің кітапты насихаттау, өлке әдебиеті мен өнерін тереңдетіп тарату бағытына серпін беретін ішкі жан дүниесі еді. Талай дүбірлі жиындарды мәдениет сарайының төрінде сыры мен сынын келістіріп, тақырыптың өзегіне жетіп, тартымды да тағылымды етіп жүргізіп келеді. Саяси-әлеуметтік жиындарда елді бірлікке, ыңтымаққа шақыратын ой тастап, мінбелерден көрінетін, қоғамдағы әйелдердің рөлін, беделін нығайтуға атсалысатын Гүлнәр Өмірбек қоғамдық қызметімен де ел алғысына бөленіп келеді. Ол аудандық қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі, аудандық әйелдер кеңесінің мүшесі, Шолаққорған ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы. Осындай ерең еңбектің жемісі де айтарлықтай. Соның бір ерекше айғағы – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталуы еді. Ақын-кітапханашы мұндай алғыс хаттар мен марапаттардан кенде емес. Оны ұшан-теңіз десе де болады.
Мамандығына адал, қоғамдағы орны, беделі қалыптасқан Гүлнәрдің бір қыры – ол ақын. Республикалық, облыстық беделді басылымдарда мақалалары, өлеңдері жиі жарық көреді. «Ақ қанатты періштем», «Сүмбіле қыздың сырғасы» атты жыр жинақтары жарық көрген, «Өнерім өміріммен ұштасқан» жинағына өлеңдері еңгізілген. Ол ақынмын деп өлеңін алып зыр жүгірген жоқ. Әдеби жиындарды әдемі астармен, сұлу сөзбен келістіріп жүріп танылды. Ұтқыр әзіл-шумақтарымен тартты. Әр мерекеде жарқ етіп шығатын, газет бетіне. Ақын Гүлнәр – нәзік сезімнің ақыны. Шым-шым нәзік, құпиялы сезім. «Асырып айтсам» деген асқақтықтан «қалай еді» деген аңғалдық басым.
«Көп әлі көргенімнен көрмегенім, Өзімді өзім ертіп өрмеледім. Қаратау терісінде қара өлең, құшақтап қыз жүр десе – сол мен едім!» дейді ол. «Өзендей баяу аққан білінбедім, кім оқыр өлеңімді бүгін менің?» деп оқырманына салмақ салады. Нұрлы шағы да, мұңлы шағы да көрікті оймен өріледі. Сергек сезіммен селт еткізіп алады да, тұңғиыққа жетелей жөнеледі. Қараңыз:
Түсім бе, әлде, ертегі ме еді,
Шерменде көңіл шертеді нені?
Боз айғыр дала кісінеп кенет,
Бозала таңда өртеді мені, – деп өзі өскен боз даланың шерменде тағдырын, күрсінісін толқыта жырлайды. «Созақы сөздің салмағы қайда, атадан мұра балаға? Ар туың болар ардағың қайда, ниеттер ауды далаға» деп жаны ауырады. Туған жерге деген сүйіспеншілік, әке-анаға ілтипат, дос-бауырға сый-құрметін кіршіксіз сезім арқылы білдіреді. «Көріп пе ең ағайынды Созақтағы, Созақта ғой нағыз қазақ ғажаптары! Қысы қатал, қытымыр, көктемі ашық. Танытады мінезін жаз аптабы..» деп сүйінеді. «Тосар ма екен бақыты алдан, төзімі тозған даламды. Созақы сөздің сарқыты қалған, теберік еттім қаламды..» деп перзенттік адалдықтың биігінен көрінеді.
Бұл күндері өлеңді бағалаған оқырманға етене таныс, шабыты шарықтаған ақын қыз ел ішінде жүріп-ақ елең еткізіп келеді. Жүректен шығып, жүрекке жеткен толғаныс-тебіреністері – жан-дүниесін ақтарып шыққан сырлары. «Айтылмай қалған бар ма сыр, Таусылды жүрек жыр-әні. Азынап кеуде арманшыл, Көктемді тосып жүр әлі» дей келе, «Өзгеге айтпас сырымды, өзіңе ғана өремін. Көрсетпей жүдеу түрімді, Жарқырай өтші, өлеңім!» деп көңіл дауасын жырдан табады.
Гүлнәр өлеңі – тұнып тұрған лирика. Табиғаттың керімсал сазын, күз-көктемін қалт жібермей, жыр айдынында қалықтатады:
Көңіл солай қалды дереу жаңарып,
Бір түп жусан көгеріпті –
жаңалық.
Алты ай қыстың серпіп ала
көрпесін,
Көктемеге бет бұрыпты дала нық, – деп көктем күніне қуанса,
Мұң жайлаған кеуілді құрт
теседі,
Бірін-бірі қуалап бұлт көшеді.
Жалбыр шашың ағаштың жел
жұлмалап,
Жасыл желек жайнаған жоқ
кешегі.
Сай-салада сыңғырлар бұлақ
қайда,
Бұлақ басын көмкерген құрақ
қайда?
Құс жолына асылып арман қалды,
Мекен етер өлеңім тұрақ қайда? – деген сыршыл назы күз күйін көз алдыңа әкеледі. Гүлнәр әлемі – әдемі сезім, таусылмас мұң, сарғайған сағыныш, өкініш, үміт. Біз ақын қыздың айтары әлі алда деп күтеміз. Кітап әлемінің адал шырақшысындай. Аяулы ана, асыл әже Гүлнәр Өмірбекке сарқылмас шабыт тілеуді жөн көрдік.

Сәрсенбек Сегізбай,
журналист

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.