Зерттеу

АДАМИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ

Жақан Молдабеков,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Ы. Алтынсарин атындағы сыйлықтың жүлдегері

ХХІ ғ. адамның белсенділігі мен шығарма­шылығы артып, оның атқарар қызметін еселетуде. Адамның өнері мен өніміне орай беделі мен берері анағұрлым тез артуда, талпынысы тың өрнек салуда. Өсіп өнген ел-жұрт – кең өрістегі өркениеттің жарасты отағасы, шаруашылықты жүргізудің тұтас әлеуметтік күші екеніне көзімізді жеткізуде. Ынтымағы жарасқандардың жүйелі ұмтылыстан ұтары мол. Бұл қажеттіліктен туындайтын құндылықтар.
Өмір сүрудің жаңа мүмкіндігі адамның белсенділігінен туындайды. Адам атам заманнан бері өзін-өзі бақылап, бағалап, түйіндеп келеді, өзіндік шешімнен нәр алуда. Бірақ адам белсенділігін әркім өз деңгейінде қозғап, әрқалай түсінді және түсіндіруде. Не демелік, адамдық өмірдің мәнісін, тұлғалық болмыстың негізін, кісілік қасиеттердің құндылығын, азаматтық сапаның сабақтастығын ұқпай жаңа мүмкіндіктің не екенін ұғыну, адам капиталын үйлестіру, толықтыру екіталай. Адам құндылығы, оның қосымша құнынан айқын және әрдайым білінеді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЛЫСТЫРМАЛЫ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫ: БҮГІНІ ЖӘНЕ ДАМУ БОЛАШАҒЫ

Дүкен Мәсімханұлы,
филология ғылымдарының докторы, профессор,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қытай тілі кафедрасының меңгерушісі

Қазақ әдебиеттанушыларына, жалпы көзі қарақты оқырман қауымға «салыс­тырмалы әдебиеттану ғылымы» туралы түсініктеме беріп, ол туралы ұзақ-сонар баяндама жасап жату басы артық жұмыс болар. Өйткені, салыстырмалы әдебиеттану ғылымын зерттеп жүрген кейбір ғалымдар оның қазақ топырағындағы негізін салушысы М. Әуезов екенін айтады [1,197]. Алайда, негізін салу, ірге тасын қалау деген сөз, қалай дегенмен де сол ғылымды қалыптастырды, дамытты, өркендетті деген сөз емес. Өйткені «негізі қаланған» дүниенің жалғасы болмаса, іргетасы қаланған құрылыстың үстіңгі қабаттары салынбаса, онда ол шаруа істелінбегенмен пара-пар деген сөз. Осы реттен келгенде қашан да, қайда да «негізі қаланды» деп мақтанудың реті болмас еді. Мақтану былай тұрсын, әлгі «негіз қалаушының» еңбегі далаға кеткен, желге ұшқан болар еді. Осы тұрғыдан келгенде, басталған істің жалғасын тапқаны, іргесі қаланған дүниенің шаңырағы көтеріліп, керегесін жайғаны мұрат емес пе?! Ал, сол ұлы Мұхаңдар (М.Әуезов) ХХ ғасырдың 30-40 жылдарында негізін қалаған салыстырмалы әдебиеттану ғылымы қазақ елінде өткен ғасырдың 50-ші жылдардан кейін мүлде сұйқыл тартып, сұйылып барды да, араға жарты ғасырдай уақыт салып, тек, тәуелсіздіктен кейін ғана ғылым ретінде орнығып, қалыптаса бастады. Оның осынша кешеуілдеп, кенжелеп қалуының, әрине, өзіндік себептері болмай қалған жоқ. Ең басты себептердің бірі ретінде – кеңестік кезеңде салыстырмалы әдебиеттану ғылымына «буржуазиялық ғылым» деген айдар тағылып, оны арнайы қарастырудың, әдеби зерттеу тәсілі ретінде жандандырудың мүмкіндігі болмағандығын айтуға болар еді. Екінші бір себеп, ұлттық республикалардағы ақын-жазушылардың бәрін, жаппай «ұлы орыс қаламгерлерінің, орыс әдебиетінің шекпенінен шыққан» деген таным бел алды да, «салыстырмалы әдебиеттану ғылымы» тұрғысынан кім не жазса да, осы бір идеяны ғана «тиянақтауға, дәлелдеуге» мәжбүр болды. Әрине, біз бұл арада «қазақ әдебиетіне орыс әдебиетінің игі ықпалы болған емес, орыс қаламгерлерінен нәр алған, үлгі-өнеге алған ақын-жазушы болған жоқ» деуден аулақпыз. Тіптен, осы бағыттағы «ықпыл-әсерді, өзара үлгі-өнегені» зерттеудің өзі салыстырмалы әде­биет­тану ғылымының бір бұтағы, бір тар­ма­ғы ғана болатын. Яғни, салыстырмалы әдебиеттану ғылымының өзі «ықпалдастық теориясы» және «пареллель зерттеу тео­риясы» деп жіктелетін болса, кеңестік идео­логия осындағы тек «ықпалдастық теориясына» ғана жылы қабақ танытып келді. Оның өзінде бұл теория жоғарыда айтқанымыздай тек бір бағытта, яғни одақтас республикалардан шыққан қаламгерлердің тек «ұлы орыс қаламгерлерінің, орыс әдебиетінің шекпенінен шыққандығын» «дәлелдеу» үшін қызмет етуі керек болды.

Экономикалық кірме терминдер

Бақыт Ақшалова,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің доценті, ф.ғ.к.

Жалпы, бұл күндері кірме сөздер, терминдер мәселесі көптеген ғалымдардың зерттеу объектісіне айналғанын жан-жақты көріп отырмыз. Олар қандай сөздерді, яғни, терминдерді «кірме сөздер» (интернационалдық) деп атаймыз ба?» – деген сұрақты қояды да, оған төмендегіше жауап береді. Ғалымдар А.А.Белецкий, В.В.Акуленко пікірінше, қандай сөз бол­масын кірме терминдер болу кеңінен тараған әлемдік бір-бірімен туыстық жақындығы жоқ тілдерде қолданылуы тиіс екен (1). Терминтанушы Ю.А.Бельчиков жоғарыдағы пікірді қолдай отырып, кірме терминдердің кем дегенде бір-бірімен туыстық жақындығы жоқ тілдердің ғылым, техника, экономика, әдебиет, өнер т.с.с. салаларда қолданылуы деп есептейді (2).

Конфуций ұлықтаған құндылықтар

Салтанат Ізтілеуова,
ҚазҰПУ- дың Абайтану
ғылыми-зерттеу
орталығының жетекші-ғылыми
қызметкері, филология ғылымдарының докторы.

Неміс философы Карл Ясперс «Қазіргі адамзат өркениетінің негізі б.з.д. VIII-II ғасырларда қаланды» деп есептейді. Ол аталған уақыт аралығында остік уақыт, яғни, әлемнің бірнеше нүктесіндегі қат-қабат адамзаттың рухани сілкінісімен, жаңа дүниетанымын әкелген өзгерістер болғандығын алға тартады. Персияда рухани ойдың дамуы Заратуштра есімімен байланысты болса, Грецияда Гомер, Демокрит, Платон сияқты философтар шоғырымен анықталды. Ал, Қытайда бұл құбылыс Лао-цзы және Кун-цзы есімдерімен байланысты. Соңғы есім иесі, әлем халқына Конфуций деген атпен танымал болды. Оның Қытай халқы ғана емес, бүткіл әлем өркениетіне ықпал еткен рухани мұраны жасаушы болғандығына ешкім дау айтпайды.