Дүниетаным

ИСЛАМ ЖӘНЕ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ

Батыр Айтжанов,
ветеринария  ғылымдарының 
докторы, профессор, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Ислам және оның сеніміндегі мұсыл­мандар туралы сөз болғанда кейбіреулердің, әсіресе Батыстың көз алдына бір қолында автоматы, бір қолында гранатасы бар, сақал-мұрты өскен, кір-қожалақ біреулерді көз алдына елестетеді. Жасырын емес, сол себепті де олардың түсінігінде «ислам терроризмі», «ислам экстремизмі», «ислам шовинизмі», «панисламизм», «меджехеттер», «шахидтер» және тағы басқа да осы тақылеттес сөздер кең етек алған. Олардың пайымдауынша Ислам әлемі ғылым мен білімге көп көңіл бөліп, мән бермейтін, мәдениеті мен әдебиеті жоқ, өркениеті өспеген кеңістік. Исламдағы барлық құндылықтар батыстан келген құндылықтар. Шын мәнінде Ислам әлемі ғылым мен білімді және оның жетістіктерін жоғары бағалап, өркениетке өзгелерден бұрын мойын созған әлем. Батыстың ғылымы мен білімі, мәдениеті мен өркениеті негізгі бастауын осы Ислам әлемінен, Шығыстан алғанын айқындайтын айшықты дәлелдер аз емес. Қазіргі таңдағы ғылымның дамуына Батыстың қосқан үлесі қаншалықты бұлтартпас шындық болса, Батыстың осындай деңгейге көтеріліп, ғылым мен технология саласында көптеген жаңалықтарға қол жеткізуіне мұсылман ғалымдарының қосқан үлесі өте зор. К.В. Бодлейдің айтқанындай, қазіргі Батыс мәдениеті ренессансқа, ренессанс өз кезе­гінде Исламға қарыздар.

Интеграция тәуелділік пе, тиімділік пе?

Шыңғыс  Ергөбек,
әл-Фараби атындагы ҚазҰУ-нің аккредитация, рейтинг жане 
сапаны басқару жөніндегі орталығының директоры

Қазақстан Республикасы өз егемендігін жариялағалы бері түрлі интеграциялық бірлес­тіктер мен әлемдік деңгейдегі форум­дардың орталығына айналуда. Еліміз­дің сыртқы саясатындағы бұл құбы­лысты қалай бағалауға болады? Интеграция ұғымы әлде елді тәуелсіздігінен айыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан шаралар жүйесі ме, әлде өмірлік қажеттілік пе? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін Қазақстанның соңғы жылдары жүріп өткен жолын әлемдік тәжірибемен салыстырып, саралап көру мұқтаждығы туындайды.

Сәләф және Сәләфилік ұғымдары арасындағы айырмашылықтар

Саясат Көкенай,
ҚР ДІА «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» Исламды зерттеу бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері

Тарихта терең іздері болмаса да, қазіргі таңда көптеген ағымдар және идеалис­тер өздеріне көпшіліктің назарын аудартуда. Олар, модернистер, реформис­тер, құраншылар, құран мағынасын оқушылар десек, исламды саф негізінде ұстауды алға тартқан сәләфилер бұлардың алдынғы қатарында. Діни сауатсыздық және дұрыс пен бұрыс мидай араласқан қазіргі жағ­дайда бұл ағымдар, ниеттері дұрыс мұсылмандардың адасуына, теріс жолға түсуіне себепкер болуда. Сәләфилік XIII ғасырдан бастау алған ағымдардың бірі. Бұл ағымның көзқарастары, жетек­шілері, оларға тағылған сындар өз алдына бөлек тақырыптар. Біз бұл мақалада оның негізгі ұғым-тер­миндеріне тоқталып, қысқа түрде тұ­жырымдамалар береміз.

АЛАШОРДА ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ ФИЛОСОФИЯСЫНДАҒЫ ДӘСТҮР МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ

Алаш қайраткерлерінің әлеуметтік-филосо­фиялық көзқарастарының ағар­тушы­лық, жаңашылдық мақсаты нақты, шынайы мазмұнға ие, яғни, оның қазақ қоға­мының хал-жағдайын жақсартуға, оны даму­дың даңғыл жолына салуға және жалпы алған­­дағы ұлт санасын оятуға бағыт­талғанын көреміз. Сол заманғы ұлттық ру­хани көзқарастар табиғатын түсіндіруде ұлттық оянумен тығыз сабақ­тас­тықтағы жаңашылдықты келесідей түсініктемелер арқылы пайымдасақ болады. Біріншіден, ұлттың болашағын анықтайтын тылсым да құпия маңызымен толыққан ұлттық сипат туралы түсінік; екіншіден, қандай да бір қоғамдағы басымдылыққа ие ұлттық идеалдандырылған үлгіні табуға деген ұмтылыс; үшіншіден, субъект психикасының жіктелмеген, бейсана қажеттілігін білдіретін, бастапқы, ілкі сана ахуалы негізінде қалыптасқан, белгілі бір ұлттық мәдениет өкілдеріне тән, мәдениеттің іргелі эталондарын анықтау; төртіншіден, ұлттың барлық мүшесіне тән және ұлттық сипаттың көрінісін халықтың рухани өмірінен іздеп-табуға деген ұмтылушылыққа, әлеуметтік ұстанымдары мен ұлттық құндылықтары, діни наным-сенімдерінің заңды түрдегі бір-бірімен байланысына негізделетін тұжырымдамалар; бесіншіден, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін және ұзақ уақыт бойына санада сақталып қалатын әлеуметтік және мәдени мұра элементтерін, ұдайы қайталанатын дәстүрлі формаларын және ұлттық қауымдастықтың рухани болмысын кең мәтінде көрсететіндей тәрбие құралдары мен әдіс-тәсілдерін табу.

АБАЙ ІЛІМІНІҢ БҮГІНГІ ҚОҒАМДАҒЫ МАҢЫЗЫ

Асан Омаров, абайтанушы

Қазір таңда еліміздің дәстүрлі қоғамға қайта оралу кезеңін бастан кешіріп жатқаны белгілі. Содан да болар, руханият төңірегінде  түсініксіз мәселелер көп-ақ. Жұртшылықты, әсіресе, еліміздегі діни ахуал қатты мазалап отыр. Қоғам шын дін қайсы, шатақ дін қайсы екенін біле алмай дағдарып қалды. Жалпы рухани-діни өрісте тура жолды таптық деуге әлі ерте.

Хакім Абайдың әлеміне тереңдеп барудың қажеттігі, ойшылдық мұрасын халық игілігіне пайдаланудың уақыты жеткендігі осыдан-ақ айқын.

Абайдың «Ғақлиат-тасдиқат» (қазіргіше 38-қарасөз) атты трактаты қазіргі таңда ғалымдарымыз қолына шам алып таба алмай жүрген даналық танымдарға толы. Бірақ, «қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, оларды назарға ілгеніміз кәне, мектеп қабырғасындағы жастардың Абай ілімінен мақұрым қалғаны анау.

Қазақстанда теледебат ұйымдастырудың ерекшеліктері

Гүлбиғаш Омарова,

журналист

Сайлау алды науқанында сайлаушылардың таңдау жасауын оңайлатудың тиімді жолы – теледебат өткізу. Теледебаттар АҚШ-та президент сайлауы алдында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отырады. Бұл елде президент сайлауының нәтижесіне негізінен теледебаттар көп ықпал етеді. Теледебат тарихының өзі 1960 жылы АҚШ президенттігіне үміткерлер Джон Кеннеди мен Ричард Никсон арасында өткен теледебаттан басталды.

Телесайыс тәжірибесі Ресейде де сыннан өтіп жүр. Бірақ мұнда теледебаттар өткізілу формасы, мазмұны мен тиімділігі жағынан әлі жетілдіруді қажет етеді. Ресейде билік басындағы президент үміткер бола тұрып, өзге бәсекелестерімен телесайысқа шығып көрген емес. 2004 жылғы 14 наурызда өткен президент сайлауының алдында Ресей Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Александр Вешняков Путиннің телесайысқа қатыспауын «Енді, 50-60 пайыз рейтингке ие үміткер 5-6 пайыз рейтингі бар үміткермен айтыспайды ғой» деп ақтауға тырысты. Бұл ұстанымынан Кремль имиджмейкерлері 2012 жылы да айнымай отыр.