Тағдыр. Тағылым. Толғаныс.

ПРОФЕССОР. РЕДАКТОР. КОРРЕКТОР

Алдағы  уақытта бұл айдар аясынан сіздер сырт көздің біріне әпенді, біріне қызық көрі­нетін, бірақ, шын мәнінде қара нардың жүгін арқалап, ұлты үшін, ұрпақ үшін нағыз қажетті жұмыс істеп жүрген, бұл жұмысы үшін жоғарыдан мансап, төменнен марапат, басына бақ, астына тақ және күтпейтін кейбір азаматтар жөнінде қызықты да тағлымды сипаттамалар оқи аласыздар. Төменде ұсынылып отырған материал солардың бірі де бірегейі жөнінде.

Смағұл Садуақасұлы: «Біз осы күні не істеп жүрміз? Ертең неге жарамақпыз? Біз неге оянбаймыз? Біз неге ұйқыдамыз?»

Мырзагелді КЕМЕЛ,
саясаттанушы

Әрбір этностың тарихында, этностың қуаты жинақталғанда пассионарлық бұлқыныс міндетті түрде көрініс тауып тұрады. Көптің қолдауына ие бола бастаған мұндай қуат іште қала алмайды, сондай сәттерде ержүрек тұлғалар халықты соңынан ертеді. Әлихан Бөкейханның ұйымдастыруымен, Ахмет Байтұрсыновтың қолдауымен дүниеге келген Алашорда қозғалысы қазақ тарихында осындай бұлқыныс туғызған бір мезгіл еді. Сол кездердің көсемдеріне әмбебап болуды мезгілдің өзі бұйырды. Себебі, ол қай бағыт болмасын өзгеріс күтіп тұрған сәт еді. Сондықтан, өткен ғасыр басындағы тұлғалар тіл мен ділді, дін мен тұрмысты бірдей зерделеп, сол бағыттардың әрбіріне қалам тербеуге, қалам тербеп қана қоймай, өздері жандарын аямастан тікелей араласуға, ұйымдастыруға, орындалуын тексеруге тиіс болды. Сол мерзімнің жетекші тобы мен зиялылары елдің ертеңгі экономикалық жағдайы қай бағытта өрбитініне бейтарап қарамады, белсене араласты, өз пікір-ұсыныстарын ашық айтты. Ол заман зиялылары Кеңес Үкіметін ықыласпен қабыл алды, ол үкіметтен халықтың жағдайында бетбұрыс жасар өзгерістер күтті, қалың елді сол үкіметке мойынсұнуға үндеді.