Ақиқатын айтсақ…

ТЕМЕНОВ ӨТКЕНГЕ КІМНІҢ КӨЗІМЕН ҚАРАЙДЫ?

Амангелді МҰҚАН,
М. О. Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институты Театр өнері бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты

«Время» газетінің соңғы санында (13.12.2011 № 184/1346/ 12 бет) кинорежиссер Талғат Теменовтің «Хиджаб для Кармен» атпен сұхбаты жарияланыпты. Әдеттегідей, газеттің соңғы бетін­дегі өнер адамдарымен болатын қатардағы сұхбаттың бірі болып көрінгенмен, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, соңғы кездері «Менің күнәлі періштем» атты жаңа фильмімен есімі ауызда жүрген кино режиссер, Ғ.Мүсірепов атындағы Академиялық жастар мен балалар театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменовтің журналистің қойған сұрағына берген жауабы бізді елең еткізді. Материалдары қоғам өмірінің өткір мәселелерін батыл көтеретін, тіпті, бет-жүзің бар демей ашық жазатындығы да бар, барша орыс тілді оқырманға тарайтын газет бетінде сұхбат кейіпкері өзін басқа бір қырынан көрсетіпті. Онда ХІХ ғасырдағы француз жазушысы П.Мерименің новелласы, кейін композитор Ж.Бизенің тамаша операсы арқылы кеңінен танылған Кармен образы кезекті сахналық жұмысы болатынын және дәл қазір Кармен тарихынан өзге қаны сорғалаған заманауи тақырып жоқтығын, ал, қазақ авторларының ішінен ондай шығарманы шам алып іздеп те таппағаны жайлы өз ойын дәлелдеуге тырысады. Біз айтылғандардың бәрін қопсытпай, қазақ ұлтының намысына тиетін бір-екі мәселе жайлы ғана ой бөлісуді жөн көрдік.